Воскресенье, 5.04.2026

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – БОЛАШАҚҚА СЕНІМДІ ҚАДАМ

Жақында «Денсаулық» колледжінде жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалиция өкілдерімен кездесу өтті. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары негізінен жаңа Конституция жобасы бойынша талқылаудың ашықтығын қамтамасыз етуге, оның негізгі ережелерін түсіндіріп, ұсынылып отырған өзгерістер туралы халықты кеңінен ақпараттандыруға бағытталған.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Асылбек Нұралин, «Қазақстан Халық партиясы» Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Оразалы Бақырбаев, «Amanat» партиясы Сәтбаев қалалық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Шокпутов және «Amanat» партиясының «Емхана» БПҰ төрағасы Шолпан Мұхамедғалиева, сондай-ақ оқу орнының ұстаздары мен студент жастар қатысты.

Алғашқы сөзді қаламызға арнайы келген құрметті қонақ алып, жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға кеңінен тоқталып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы роліне ерекше назар аударды.

– Конституция жобасында білім беру, ғылым, мәдениет пен инновациялар мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясының негізі ретінде бекітілмек. Адам капиталы дамудың басты көзі болып қалған. Бұл білім беру, ғылым, денсаулық сақтау мен мәдениет жүйелері елдің тұрақты болашағын қалыптастыруға жұмыс істейді деген сөз. Жаңа жоба жаңа дәуірге білім, ғылым мен инновациялар арқылы қадам басатынымызды көрсетеді. Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасында зияткерлік меншік құқығын қорғау кепілдіктері кеңейтіліп, цифрлық ортаны реттеудің жаңа тетіктері, соның ішінде дербес деректерді қорғау мен цифрлық құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимыл нормалары енгізілетін болады, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Асылбек Нұралин.

Өз кезегінде «Amanat» партиясының «Емхана» БПҰ төрағасы Шолпан Мұхамедғалиева жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері жайлы айтып өтті. Әсіресе, жастардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сапалы білім алу мүмкіндігін кеңейту, еңбекке қолжетімділік, кәсіпкерлікті қолдау және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

Жиын барысында жаңа Конституция жобасында көзделген негізгі өзгерістер, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайту тетіктері, қоғам мен мемлекет арасындағы жауапкершілік қағидаттары түсіндірілді.

Кездесу соңында келген қонақтар ұстаздар мен студент жастарды 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысып, азаматтық жауапкершілік танытуға шақырды.

О Админ

Проверьте Также

ӨҢІРЛІК КОАЛИЦИЯ ҚҰРЫЛДЫ

Ұлытау облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы ресми түрде жұмысын бастады. …