Воскресенье, 5.04.2026
filter: 0; jpegRotation: 0; fileterIntensity: 0.000000; filterMask: 0; module:1facing:0; hw-remosaic: 0; touch: (-1.0, -1.0); modeInfo: ; sceneMode: Night; cct_value: 0; AI_Scene: (13, -1); aec_lux: 0.0; hist255: 0.0; hist252~255: 0.0; hist0~15: 0.0;

АНАҒА ҚҰРМЕТ – ҚОҒАМҒА ТАҒЗЫМ

8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Сәтбаев қаласында мерекелік салтанатты жиын өтті. Қаладағы Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы ғимаратында ұйымдастырылған бұл кеш көктемнің шуақты мерекесіне арналды. Іс-шараға қала тұрғындары, ардақты аналар, көпбалалы отбасылар, еңбек майданында табысты қызмет етіп жүрген нәзік жандылар, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мерекелік жиынның шымылдығы салтанатты құттықтаумен ашылды. Жиналған қауымды көктемнің көркем мерекесімен Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев құттықтап, әйел-аналардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Ол өз сөзінде әйелдер тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып жүргенін айтты.

– Ана – өмірдің бастауы, шаңырақтың шырағы. Бүгінде әйелдер білім, медицина, мәдениет, өндіріс, мемлекеттік қызмет секілді түрлі салаларда табысты еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосып келеді. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен мейірімге толы жүректеріңіз қоғамымыздың берекесін арттырып отыр, – деді қала әкімі.

Салтанатты шара барысында көпбалалы аналарға ерекше құрмет көрсетілді. Ел демографиясының өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген «алтын құрсақ» аналарға «Күміс алқа» мемлекеттік наградасы табысталып, олардың ана ретіндегі еңбегі мен мәртебесі ерекше аталып өтті. Бұл марапат – ананың қоғам алдындағы еңбегіне берілген жоғары бағаның белгісі.

Сонымен қатар, қаланың қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік өміріне белсене араласып жүрген бірқатар қыз-келіншектерге Сәтбаев қаласының Құрмет грамоталары тапсырылды. Бұл марапаттар – өңірдің дамуына еңбек сіңіріп жүрген жандарға көрсетілген құрмет пен ризашылықтың айқын көрінісі.

Мерекелік жиын әсерлі концерттік бағдарламаға ұласты. Кештің арнайы қонағы – Қазақстанның белгілі әншісі, сахна саңлағы Нұрлан Өнербаев көрермендерге әсем әндерін тарту етті. Оның орындауындағы халық сүйіп тыңдайтын әндер залға жиналған қауымға ерекше әсер сыйлап, кештің сәнін кіргізді. Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар да өз өнерлерін көрсетіп, мерекелік көңіл-күйді еселей түсті.

Салтанатты кеш барысында аналарға гүл шоқтары мен ізгі тілектер жолданып, әйелдерге деген құрмет пен алғыс ерекше сезілді. Жиынға қатысушылар да ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мерекелік кештің әсерлі өткенін атап өтті.

8 Наурыз – әйел-аналарға деген құрмет пен ілтипаттың айрықша көрінісі. Бұл күн – мейірім мен махаббаттың, жылулық пен ізгіліктің мерекесі. Қоғамның қай саласында болмасын табысты еңбек етіп жүрген әйелдердің орны қашанда биік.

Көктемнің көркем мерекесі Сәтбаев қаласында осылайша аналарға тағзым мен алғысқа толы ерекше кеш ретінде есте қалды.

Ізтай Белгібайұлы.

О Админ

Проверьте Также

ЕҢБЕГІНЕ АДАЛ АРУЛАР

Өткен жылдың соңында Сәтбаев қаласында ашылған «Кір жуу орны» индустриялық қызмет көрсету комбинаты бүгінде бірнеше …