Пятница, 30.10.2026

ТЫНЫШТЫҚ ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ ҚОРҒАНЫ

Апта басында Сәтбаев қаласында Полиция күніне орай салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздіктің қалқаны болған тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесіне қала әкімі Мұрат Бөрібаев, қалалық полиция бөлімінің бастығы Думан Магзиев, ішкі істер органдарының ардагерлері мен өкілдері, сондай-ақ полицияның жеке құрамы қатысты.

Мерекелік жиында алғашқы болып сөз алған қала басшысы Мұрат Бөрібаев жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, бұл мамандықтың зор жауапкершілігі мен маңыздылығына тоқталды. Қала әкімі өз сөзінде күн-түн демей, ел іргесінің бүтіндігі мен азаматтардың тыныш өмір сүруі жолында аянбай еңбек етіп жүрген сақшылардың қажырлы қайратын ерекше атап өтті. Салтанатты сәтте қоғамдық тәртіпті күзетуде, қылмыспен күресуде айрықша табандылық пен жоғары кәсібилік танытқан біршама полиция қызметкері сахна төріне шақырылып, қала басшысының арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды.

Іс-шара барысында полиция бөлімінің бастығы Думан Магзиев әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдық тәртіпті сақтауда және құқық бұзушылықтың алдын алуда атқарып жатқан өлшеусіз еңбектеріне сәттілік тіледі.

– Қаламыздың полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында тәулік бойы қызмет атқаруда. Олардың әрқайсысы – өз ісіне адал, кәсіби білікті және антқа берік мамандар. Әсіресе мерекелік және бұқаралық іс-шаралар кезінде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсайды. Сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінеді. Қоғам тыныштығы жолындағы қажырлы еңбектеріңіз, жоғары жауапкершіліктеріңіз бен табандылықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін, – деді полиция бастығы Думан Жұмағалиұлы.

Мерекелік кеште өскелең ұрпаққа үлгі болып, бай тәжірибесімен бөлісіп жүрген ішкі істер органдарының ардагерлеріне де ерекше ілтипат көрсетіліп, олардың қоғамға қосқан үлесі жоғары бағаланды.

Азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау – үлкен жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Осындай жауапты мамандық иелерінің еңбегі еленген бұл салтанатты күн тәртіп сақшыларына көрсетілген шынайы құрмет пен алғыстың айқын көрінісіне айналды.

Марал Шахаева.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …