Пятница, 30.10.2026

СЕССИЯДА ҚАЛАНЫҢ ДАМУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Өткен аптада қала әкімдігінің мәжіліс залында Сәтбаев қалалық мәслихатының төрағасы Қайрат Балмағамбетовтың қатысуымен кезекті 37-ші сессиясы өтті. Маңызды жиынға қала әкімі Мұрат Бөрібаев, Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Ермек Ибикенов, әкім орынбасарлары, қалалық мәслихат депутаттары мен мемлекеттік мекеме басшылары қатысып, шаһар дамуының өзекті мәселелерін талқылады.

Алдымен жиналғандар алдында Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Ермек Ибикенов кең көлемді баяндама жасап, шаһардың 2025 жылғы бюджетінің атқарылу барысы мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне терең талдау жасады.

– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша қаланың дамуында негізгі көрсеткіштердің оң динамикасы байқалғанымен, жергілікті экономика мен әлеуметтік салаға теріс әсерін тигізіп отырған бірқатар күрделі факторлар бар. Соның ішінде, демографиялық ахуалдың төмендеуі айрықша назар аудартады; атап айтқанда, туу көрсеткішінің азаюы салдарынан қала халқының саны жыл ішінде 956 адамға кеміп, жалпы есепте 67 905 адамды құраған. Мұнымен қоса, шаһар экономикасының құрылымында бұрынғысынша тау-кен өндіру секторына және ірі кәсіпорындардың қызметіне тәуелділік жоғары болып отыр, бұл өз кезегінде өңірдің тұрақты дамуына қосымша тәуекелдер тудырады. Еңбек нарығында да белгілі бір қиындықтар орын алып, жұмыссыздар саны 434 адамға өссе, жұмыспен қамтылған азаматтардың қатары сиреп, 1404 адамды құрады, ал әлеуметтік салада кедейлік шегінен төмен өмір сүретін тұрғындардың саны 306 адамға жеткен, – деді баяндамашы.

Одан әрі қаржылық көрсеткіштерге тоқталған Ермек Ибикенов Сәтбаев қаласының 2025 жылға бекітілген бюджет көлемі бастапқыда 15 204 195 мың теңгені құрағанын, алайда оны орындау барысында кірістер мен шығыстарды оңтайландыру мақсатында 4 нақтылау және 12 түзету жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қала қазынасы жалпы есеппен 9 644 464 мың теңгеге артқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, тексеру комиссиясы жүргізген аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 3 105 728,8 мың теңгені құрайтын заңбузушылықтар анықталып, соның салдарынан 3 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке, ал 8 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Баяндамадан кейін сессияның күн тәртібіндегі өзге де өзекті мәселелер кезекпен қаралды. Депутаттар мен жиынға қатысушылар 2025 жылға арналған қалалық бюджеттің орындалуы туралы есепті бекітіп, Ұлытау облысының жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғау қағидаларының Сәтбаев қаласындағы орындалу барысын ортаға салды. Мұнымен қоса, Экономикалық реформа, бюджет, коммуналдық шаруашылық және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның атқарған жұмыстарының есебі тыңдалып, Сәтбаев қаласы бойынша жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2027–2031 жылдарға арналған бесжылдық жоспар бекітілді.

Жиын соңында қалалық мәслихаттың келесі 38-сессиясының редакциялық комиссиясы сайланып, сессия барысында қозғалған және жан-жақты талқыланған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Марал Шахаева.
Сурет түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …