Өткен аптада облыс орталығында отандық өндірісті қолдау және жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін кеңінен таныту мақсатында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы ұйымдастырылды. Ауқымды шара өңірдегі кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталды.
Көрмеге облыстың 80-ге жуық кәсіпкері қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Іс-шара барысында тағам өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп және қолөнер салаларындағы түрлі тауарлар көрсетілді.
Көрме алаңында нан және кондитерлік өнімдер, ет және сүт өнімдері, жартылай фабрикаттар, тоқыма бұйымдары, киіз және былғарыдан жасалған өнімдер, күмістен жасалған қолөнер туындылары, ұлттық киімдер және халық тұтынатын өзге де тауарлар ұсынылды. Бұл – өңір кәсіпкерлерінің өндірістік әлеуеті артып, өнім түрлерінің жылдан жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Көрме-байқау Ұлытау облысы әкімдігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ұлытау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өтті. Шараның басты мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беру және отандық брендтерді дамыту.
Көрмені аралаған облыс әкімі өңірде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтіп, жергілікті өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Байқау қорытындысы бойынша 9 кәсіпкерлік субъектісі түрлі номинациялар бойынша жеңімпаз атанып, арнайы марапаттар мен сыйлықтарға ие болды. Бұл олардың еңбегін бағалаудың және бизнесті одан әрі дамытуға ынталандырудың маңызды тетігі болды.
Жоспарға сәйкес, 2026 жылғы 21 шілдеде жартылай финалистер өңірлік бренд-комитет алдында өз бизнес-жобаларын қорғайды. Іріктеу нәтижесінде үздік 10 жоба анықталып, олар Ұлытау облысының атынан республикалық деңгейдегі «Қазақстанның үздік тауары» көрме-жәрмеңкесіне қатысады.
Сайып келгенде, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы – өңірлік кәсіпкерлікті дамытудың, жергілікті өндірісті қолдаудың және ұлттық экономиканы нығайтудың маңызды алаңы. Мұндай бастамалар отандық өнімнің сапасын арттырып қана қоймай, жаңа бизнес мүмкіндіктерге жол ашатыны анық.
Досан Дулығалы.
Шарайна




