Пятница, 30.10.2026

ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

Жақында Сәтбаев қаласының мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ел болашағына балта шабатын кеселмен күресті күшейтуді көздеген шараның басты мақсаты мемлекеттік қызметшілер мен жалпы бұқара арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылық тәуекелдерін барынша азайту болды.

Жиынға Сәтбаев қаласы прокуратурасының аға прокуроры Айтуар Арыстанбай мен прокурор Мұқағали Нұртас, қалалық соттың бас маманы, сот отырысының хатшысы Дана Жақанова, Дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығы директорының орынбасары Мадина Джумабекова, Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхананың өкілдері Маржан Асылбек пен Сандуғаш Берлибекова, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің мамандары мен архившілер қатысты.

Дөңгелек үстел тізгінін ұстаған архивтің бөлім басшысы Айгүл Байжұманова баяндама жасап, бұл мәселенің мемлекеттік деңгейдегі қаупіне тоқталды.

– Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік аппараттың тиімділігін төмендетіп, экономиканың өсуіне тұсау болатын ең қауіпті құбылыс. Лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан көрініс табатын заңсыз әрекеттер билік пен халық арасын алшақтатып, қоғамда сот әділдігіне, мемлекеттік институттарға деген үлкен сенімсіздік тудырады. Мемлекет басшысы атап өткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда ешқандай ымыра болмауы тиіс. Біздің негізгі мақсатымыз – жазалаудан бұрын, жемқорлықтың алғышарттары мен тәуекелдерін алдын ала анықтап, оның жолын кесу. Осы орайда архив саласы мен өзге де мемлекеттік мекемелердегі қызмет көрсету үдерістерін цифрландырудың маңызы зор. Себебі адами факторды азайту және мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету – жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтудың бірден-бір тиімді жолы, – деді баяндамашы Айгүл Байжұманова.

Өскелең ұрпақты тәрбиелеу – қоғамда жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастырудың негізгі факторы. Бүгінгі жастар арасында бұл дерттің белең алуына әсер ететін бірқатар әлеуметтік-экономикалық және психологиялық мәселе бар. Олар: жұмыссыздық, баспана тапшылығы, әлеуметтік ахуалдың төмендігі және заңнама талаптарының өз деңгейінде орындалмауы. Оған қоса, жас буынның құқықтық сауаты мен өзіне деген сенімсіздігі, қоғамда демократиялық дәстүрлердің әлсіреуі де кері әсерін тигізуде. Ең өкініштісі – жастардың жемқорлық көріністеріне көз жұма қарауы және пара берушілікті қалыпты жағдай санауы үрдіске айналып барады. Жастардың бойында жемқорлыққа қарсы берік сана қалыптастыру үшін құқықтық сауаттылықты үздіксіз арттыру қажет. Заңды құрметтейтін азамат қана бұл кеселге батыл тосқауыл қоя алады. Осы орайда жиын барысында сөз алған Сәтбаев қаласы прокуратурасының прокуроры Мұқағали Нұртас заңнамалық талаптар мен жемқорлық фактілеріне тап болған жағдайда азаматтардың құқықтық іс-қимыл алгоритмін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Пара алу мен пара берудің соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Дөңгелек үстел еркін пікір алмасу форматында жалғасты. Қатысушылар жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету және жастар арасында адалдық құндылықтарын насихаттау төңірегінде өз ойларын ортаға салып, өзара ұсыныстармен бөлісті.

Сыбайлас жемқорлықты жүгендеу – тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес, бұл әрбір азаматтың, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Сол себептен бұл бағыттағы профилактикалық ауқымды шаралар тоқтаусыз жүргізіле беруі тиіс.

Марал Шахаева.

Проверьте Также

ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫТАУЛЫҚ БРЕНД

17 жылдық тәжірибесі бар креатор-дизайнер, «Graf» баспаханасының негізін қалаушы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Арайлым Есембекова …