Ұлытау облысы үшін экология – жай ғана күн тәртібіндегі мәселе емес. Бұл – өндіріс өркендеген өңірдің бүгінгі тынысы мен ертеңгі тағдырын айқындайтын маңызды бағыт. Экономиканың драйверіне айналған тау-кен металлургия кешені аймақтың дамуына серпін бергенімен, табиғатқа түсетін салмақты да жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан өндірісті жаңғырту мен қоршаған ортаны қорғау мәселесі бүгінде қатар қарастырылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен танысу үшін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келді.
Жаңғырту – жаңа кезеңнің талабы
Жұмыс сапары Жезқазған мыс балқыту зауытынан басталды. Бұл – аймақтың ғана емес, ел экономикасының тірек кәсіпорындарының бірі. Сондықтан мұнда жүзеге асырылып жатқан әрбір жаңғырту жобасы өңірдің экологиялық ахуалына тікелей әсер етеді.
Өндіріс алаңын аралаған вице-министр кәсіпорынның технологиялық үдерістерімен танысып, мамандармен пікір алмасты. Әсіресе жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы кеңінен сөз болды. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Құрылыс 2027 жылы басталып, нысанды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Бұл жобаның маңызы неде? Мәселе өндіріс көлемін ұлғайтуда емес. Ең бастысы – мыс балқыту кезінде бөлінетін күкірт диоксидін қайта өңдеу арқылы атмосфераға тарайтын зиянды шығарындыларды айтарлықтай азайту. Демек, бұл – өндірісті экологиялық тұрғыдан жаңғыртуға бағытталған нақты қадам.
Мансұр Ошурбаев кәсіпорындарды жаңғырту мемлекеттік экологиялық саясаттың басым бағыты екенін атап өтті. Оның айтуынша, өндіріс қоршаған ортаға зиянын барынша азайтатын заманауи технологияларға көшуі тиіс. Бұл талап бүгінде Экологиялық кодексте нақты белгіленген.
Осыған сәйкес өңірдегі металлургия және тау-кен өндірісі кәсіпорындары кешенді технологиялық аудиттен өтуде. Олардың қатарында «Kazakhmys Smelting» ЖШС, «Жезқазғансирекмет» РМК және «Өркен-Атасу» ЖШС бар. Ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу өндірістің тиімділігін сақтай отырып, қоршаған ортаға келетін әсерді төмендетуге мүмкіндік береді.
Сан да сөйлейді…
Ұлытау облысы – еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік өңірлердің бірі. Сондықтан атмосфералық ауаның сапасы тұрғындарды көптен бері толғандырып келеді. Ресми мәліметке сүйенсек, Жезқазған қаласында атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары санатқа жатады. Оның негізгі себептері де белгілі. Бұлар – тау-кен металлургия кәсіпорындары, жылу энергетикасы кешендері, автокөлік шығарындылары және жеке сектордағы көмірмен жылытылатын үйлер. Бұл мәселені шешудің бір ғана жолы бар. Ол – тұрақты бақылау мен өндірісті жаңғырту.
Бүгінде мемлекеттік экологиялық бақылаумен қатар өндірістік мониторинг те үздіксіз жүргізілуде. Автоматтандырылған мониторинг жүйесі осы жұмыстың маңызды тетігіне айналып отыр. Облыста мұндай жүйені енгізуге міндеттелген алты кәсіпорынның бесеуі бүгінде толық жұмыс істеп тұр. Енді атмосфераға таралатын шығарындылар тәулік бойы автоматты түрде бақылауға алынып, барлық мәлімет Қоршаған ортаның жай-күйі туралы ұлттық деректер банкіне онлайн режимде жолданады. Бұл – жай ғана цифрландыру емес. Бұл – экологиялық бақылаудың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыратын маңызды қадам.
Сонымен қатар өңірде 2024–2028 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды кешенді шешудің Жол картасы жүзеге асырылып келеді. Биыл оның аясында он бір іс-шара қолға алынған. Бұл жұмыстардың барлығы бір мақсатқа – өңірдің экологиялық жүктемесін кезең-кезеңімен азайтуға бағытталған.
Экология – ортақ жауапкершілік
Вице-министрдің жұмыс сапары өндіріс орындарымен ғана шектелген жоқ. Сәтбаев қаласында ол облыс тұрғындарымен және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, ашық пікір алмасты. Кездесуде халықты толғандырған көптеген мәселе көтерілді. Соның ішінде қалдықтарды басқару жүйесі, атмосфералық ауа сапасы, өндіріс орындарының жауапкершілігі, көгалдандыру және қоғамдық бақылау мәселелері кеңінен талқыланды.
Бүгінде облыста қалдықтарды басқару өзекті бағыттардың бірі болып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 114 мың тоннадан астам коммуналдық қалдық түзілген. Ал жұмыс істеп тұрған 34 полигонның тек екеуі ғана экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді. Бұл көрсеткіштің өзі мәселенің қаншалықты күрделі екенін аңғартады. Сондықтан облыста заңсыз қоқыс орындарын жоюмен қатар, қайта өңдеу саласын дамытуға басымдық берілуде.
Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі – «DD-Jol» кәсіпорны жүзеге асыратын қалдықтарды сұрыптау кешені. Жобаның жылдық қуаты – 50 мың тонна. Жалпы инвестиция көлемі 1,86 миллиард теңгені құрайды. Оның 1,29 миллиард теңгесі инвестордың өз қаражаты болса, 575,4 миллион теңгесі Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландырылады.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру да назардан тыс қалған жоқ. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында биыл облыста он ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған 22 мыңнан астам адам мен 1700-ден астам ұйым қатысты. Нәтижесінде үш мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 747 гектар аумақ тазартылды.
Орман қорын ұлғайту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасуда. Биыл 286 гектар алқапқа орман көшеттері отырғызылып, тағы 74,5 гектар жердегі орман толықтырылды. Ал Жаңаарқа ауданында салынып жатқан 70 гектарлық орман питомнигі алдағы уақытта өңірді сапалы көшетпен қамтамасыз ететін маңызды базаға айналмақ.
Кездесу соңында Мансұр Ошурбаев табиғатты қорғау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес екенін ерекше атап өтті.
– Экологияны жақсарту – әр азаматтың жауапкершілігі. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау күнделікті өмір салтына айналғанда ғана нақты нәтиже болады, – деген мазмұндағы ойын жеткізіп, тұрғындарды табиғатты қорғау ісіне белсенді қатысуға шақырды.
Түйін
Ұлытау – өндірісі қуатты өңір. Ал қуатты өндіріс үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бүгінде облыста өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту, атмосфералық ауа сапасын тұрақты бақылау, қалдықтарды тиімді басқару, орман қорын ұлғайту және тұрғындармен ашық диалог орнату бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.
Вице-министрдің жұмыс сапары осы бастамалардың қағаз жүзіндегі жоспар емес, кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан мемлекеттік саясат екенін көрсетті.
Экологиялық қауіпсіздікке қол жеткізу – бір күннің немесе бір мекеменің шаруасы емес. Бұл – мемлекет, кәсіпорын және қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өндіріс пен табиғаттың үйлесімін сақтай алған өңір ғана тұрақты дамудың даңғыл жолына түседі. Ұлытауда қолға алынған жұмыстардың түпкі мақсаты да – дәл осы.
Ізтай Белгібайұлы.
Шарайна





