Пятница, 30.10.2026

АСТАНА – ЖАҢАРУ СИМВОЛЫ, АТА ЗАҢ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

Сәтбаев қаласы биылғы Астана күнін ерекше көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Биылғы елорда күнінің мән-маңызы бұрынғыдан да терең, мазмұны анағұрлым ауқымды. Себебі, бұл айтулы мереке еліміздің саяси өміріндегі тарихи бетбұрыспен – 15 наурыздағы республикалық референдумда бүкіл халық болып қолдаған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енуімен тұспа-тұс келді. Осылайша, Сәтбаев жұртшылығы бас қаланың туған күнін ғана емес, мемлекетіміздің конституциялық дамуының жаңа белесін, құқық үстемдігі мен адам құқықтарының жаңа кепілдіктерін айқындаған тарихи кезеңді де зор мақтанышпен атап өтті.

Астана – ұлттық жаңару мен жасампаздықтың символы болса, жаңаланған Ата Заңымыз – мемлекетіміздің беріктігі мен жарқын болашағымыздың мызғымас кепілі іспетті. Қос құндылық ұштасқан бұл күн егемендігіміздің еңсесін тіктеп, елдігімізді нығайта түсті.

Шаттық пен мақтаныш кернеген орталық алаңдағы салтанатты жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Дархан Мұхан тұрғындарды қос мерекенің келуімен шын жүректен құттықтады.

– Астана күні – елдігімізді айшықтап, бірлігімізді бекемдей түсетін, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен жарқын келешегін айқындайтын айтулы мереке. Кеше ғана күшіне енген жаңа Конституциямыз әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғаудың, әділетті қоғам орнатудың басты кепілі болмақ. Біз бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында ғана барлық мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Сәтбаев қаласының дамуы мен еліміздің гүлденуіне әрқайсысыңыздың қосып жатқан үлестеріңіз шексіз, – деді әкім орынбасары.

Саяси жаңару үрдісіне өндірісті өңірдің азаматтары да белсене атсалысып келеді. Осы орайда, қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, жаңа ел бірлігін нығайтуға, қоғамдық келісім мен тұрақты дамуға сүбелі үлес қосып жүрген бір топ белсенді азамат Сәтбаев қаласы әкімінің Алғыс хатымен және 30 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақымен марапатталды. Бұл марапат – еңбек адамдарына деген құрмет пен жаңа Қазақстанды құруға қосылған шынайы үлестің айғағы.

Астана күнін атап өту – тек бас қаланың сәулетін дәріптеу емес, бұл – әрбір азаматтың бойында конституциялық мәдениетті қалыптастырып, құқықтық қоғам құруға үндейтін маңызды бастама. Сәтбаевтықтар осы игі шара арқылы туған жерге деген сүйіспеншілікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты, заң үстемдігі мен қоғамдық келісімді басты құндылық ретінде ұлықтады.

Кеш көркін қыздырған жергілікті өнерпаздардың орындауындағы Отан, Астана және туған жер туралы әуезді әндер мен күмбірлеген күйлер мерекенің ажарын ашып, халыққа ұмытылмас рухани азық сыйлады. Көгінде ән қалықтап, төрінде береке салтанат құрған бұл күн сәтбаевтықтардың жүрегіне ертеңгі күнге деген зор сенім ұялатты.

Марал Шахаева.
Сурет түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …