Пятница, 30.10.2026
filter: 0; jpegRotation: 0; fileterIntensity: 0.000000; filterMask: 0; module:1facing:0; hw-remosaic: 0; touch: (-1.0, -1.0); modeInfo: ; sceneMode: Night; cct_value: 0; AI_Scene: (-1, -1); aec_lux: 0.0; hist255: 0.0; hist252~255: 0.0; hist0~15: 0.0;

СӘТБАЕВТАҒЫ SMART POINT: ЦИФРЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ЖАҢА ФОРМАТЫ

Сәтбаев қаласында мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа үлгісіне негізделген Smart Point цифрлық орталығы жұмысын бастады. Бұл — Ұлытау облысында ашылған екінші цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы. Жаңа форматтағы орталық тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алуға жағдай жасап, цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған.

Smart Point жобасының негізгі мақсаты — азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін жеңілдету, уақытын үнемдеу және электронды сервистерді өз бетінше пайдалану мүмкіндігін кеңейту. Орталық дәстүрлі халыққа қызмет көрсету бөлімдерінен ерекшеленіп, заманауи технологиялар мен ашық кеңістік қағидатына негізделген.

Жаңа орталықтың жұмысымен Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Керіпбаев, Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ермек Жазылханұлы және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермахамбетов танысты.

Smart Point орталығының ашылуы өңірдегі цифрландыру үдерісінің маңызды кезеңдерінің бірі саналады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшіп жатқан кезде, мұндай орталықтар азаматтардың жаңа технологияларды тиімді пайдалануына мүмкіндік береді.

Apple Store үлгісіндегі жаңа форматтағы орталықта басты назар азаматқа ыңғайлы орта қалыптастыруға қойылған. Мұнда тұрғын қажетті қызметті тек алып қана қоймай, оны өз бетінше орындауды үйренеді. Жаңа орталық бірнеше функционалдық аймақтан тұрады. Әрбір аймақ тұрғындардың қажеттілігіне қарай ұйымдастырылған.

Экспресс-аймақта азаматтар құжаттандыру терминалы арқылы жеке куәлік немесе паспорт рәсімдеуге өтінім бере алады. Бұл қызмет көрсету процесін жылдамдатып, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Цифрлық аймақта заманауи моноблоктар, жоғары жылдамдықты сканерлер және басқа да қажетті техникалық құралдар орнатылған. Бұл жерде тұрғындар электронды үкімет платформалары арқылы түрлі онлайн қызметтерді өз бетімен ала алады. Сонымен қатар мамандар цифрлық сервистерді пайдалану жолдарын түсіндіріп, қажетті көмек көрсетеді.

Сараптамалық аймақта жеке кеңес қажет ететін азаматтарға мамандар қолдау көрсетеді. Кейбір мемлекеттік қызметтер қосымша түсіндіруді талап ететіндіктен, бұл бөлім тұрғындарға нақты бағыт-бағдар беруге мүмкіндік береді.

Орталықта оқыту және ақпараттандыру аймақтары да қарастырылған. Мұнда тұрғындар жаңа цифрлық сервистерді меңгеріп, электронды мемлекеттік қызметтермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады. Әсіресе цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану тәжірибесі аз азаматтар үшін бұл бағыттың маңызы ерекше.Сонымен қатар келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында күту аймағы жабдықталған. Бұл Smart Point-тың тек қызмет көрсету орны емес, азаматтарға ыңғайлы цифрлық орта қалыптастыратын заманауи кеңістік екенін көрсетеді.

Smart Point орталығының басты ерекшелігі — мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдетумен қатар, халықтың цифрлық мәдениетін дамытуға бағытталуы. Бүгінде цифрлық сауаттылық қоғамның маңызды дағдыларының біріне айналды. Электронды қызметтерді пайдалана білу азаматтарға уақытын үнемдеуге, қажетті құжаттарды жылдам рәсімдеуге және мемлекеттік органдармен байланысты жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Ұлытау облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының директоры Жанғазы Рахимов Smart Point орталығының ашылуы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту бағытындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа формат тұрғындарға қызмет алу уақытын қысқартып қана қоймай, цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Smart Point жобасы Қазақстандағы мемлекеттік қызмет көрсету саласының жаңа кезеңін көрсетеді. Алғашқы осындай орталық Жезқазған қаласында 4 маусымда ашылған болатын. Сәтбаевтағы екінші орталықтың іске қосылуы цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының өңірде жүйелі түрде жалғасып жатқанын аңғартады.

Жаңа цифрлық орталықтар азаматтардың технологиялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануына жағдай жасап, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырады. Smart Point — тек қызмет алу орны емес, тұрғындарды цифрлық қоғамға бейімдейтін, заманауи дағдыларды қалыптастыратын маңызды алаң.

Ізтай Белгібайұлы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …