Пятница, 30.10.2026

Төлеш АСАНОВ. АҚ ҰЛПА ҚАР БЕТІНДЕГІ ҚАРА ЖОЛАҚ

Төлеш Асанов – қазақ журналистикасы мен әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосқан қаламгер. Ол 1998–2002 жылдары «Шарайна» газетінің редакторы қызметін атқарып, баспасөз саласында білікті ұйымдастырушы, ұшқыр ойлы журналист ретінде танылды.

Төлеш Сүлейменұлының шығармашылық жолы журналистикамен ғана шектелмейді. Оның көркем әдебиеттегі қолтаңбасы да оқырман қауымға жақсы таныс. Қаламгердің әңгімелері мен повестері өмір шындығын терең бейнелеп, адам тағдыры мен жан дүниесіндегі иірімдерді шебер суреттеуімен ерекшеленеді. Оның шығармалары талай оқырманның жүрегінен орын тауып, әдеби ортада лайықты бағасын алды. Бүгінгі күнге дейін жарық көрген кітаптары мен көркем туындылары ел ықыласына бөленіп, оқырман тарапынан жылы қабылданып келеді.

Бүгін біз құрметті қаламгер Төлеш Сүлейменұлының оқырмандардың жоғары бағасына ие болған тағылымды әңгімелерінің бірін газетіміз арқылы жариялауды жөн көрдік. Бұл шығарма да автордың көркем ойлау жүйесі мен өмір құбылыстарын терең пайымдай білетін суреткерлік шеберлігін танытады.

Оқырман қауымға ұсынылып отырған әңгіме жүректеріңізден орын табады деген сенімдеміз.

 ***

Өзен жағасындағы биіктеу жарқабақтың дәл жиегін иектей келіп өскен жас теректің селдір жапырақтарынан ойнақши сығалаған күн сәулесі бетін жылы шуағымен дамылсыз қытықтайды; бұл аракідік қана желп етіп тынар марғау самалға керенау ғана бас изеп қалып тұрған балауса талдың ұсақ жапырақтарына ұзақ қарап тұра алмай, көзін еріксіз көлегейлейді; былайғы жұрт түгілі, көбіне өзі де сұқтана қарап қалатын бір міні жоқ құлын мүшесін біресе күннің шашырай сығалап, аймалауға асыққан жылы шуағына, біресе ара-тұра лүп еткен самалға тосып, аударылып-төңкеріліп, керіліп-созылып, өзімен-өзі мәре-сәре.

Төменде, әрірек құмдауыт жағада, бір шуды бір шуға қосып, айран-тасыр суға шомылып жатқан балалардан білдірмей сытылып келіп, жасырынған жері осы болатын: жас теректің көк майса ұйысқан етегі алғашында сыздау болып көрінгенімен, енді қоздаған қаламтадай тәнін шым-шым қыздырып әкетіп бара жатқан тәрізді; оған көктен құйылған жылы шуақ қосылып, тұла бойын балбыратып жіберсе, балауса көкке қосыла таяу маңда шоқ-шоқ болып өскен итмұрынның күні кешелері ғана бүр жарған гүлдерінен аңқыған хош иіс тынысын қауып, масайтып тастағандай еді. Шынында, күн қызуынан қуат алып, бойларына шуақ жүгіріп, дүркірей масайраған айнала тіршілік сені өзімен ілестіре масайтпаса, көңіліңді масайтпасы мүмкін емес-ті. Әне, бұрындары жарқабақ ернеуіне тырмыса ілініп тұрған, кейін бала-шаға артыла-артыла құлатқан кәрі жыңғылдың білем-білем болып қураған тамырына айдаладан қаңғалақтап жеткен ала қанат ақ көбелек келіп қонақтап еді, демде қызыл сабақты гүлге айналып, ол да жан біткендей түрге енген. Әуеде ұйыған тіршіліктің осы салтанатты деміне қосылып, бір кезде бозторғай сайрап қоя берді. Оған екіншісі, үшіншісі ілесті…

Кенет төменнен топты баланың көңілді шуынан жырылып, шырылдай шыққан нәзік үн жетті құлағына:

– Сәния! Сәния!

Шомылудың қызығына түсіп кетіп, араларында апасының жоқ екенін енді ғана байқаған бала судан шыға жан-жағына алақтап, жаға маңынан ұзамай әрлі-берлі мұның атын атап дауыстай жүгіріп жүр. Мұның інісінен, балалардан жасырынып қалатын тұсы көп еді бұл маңда: бірі осы жас теректің қалқасы болса, бірі сонау балалардың аржақ тұсында көрініп тұрған бұталар шоғыры, тіпті бұл өзеннің арнасы еңсіздеу тұсынан су астымен жүзіп барып, келесі жағаға да шығып кететін. Соны білетін бала қулығын тағы да асырып жасырынып қалған апасын қай маңнан іздерін білмей шыр айналып дауыстайды, дауыстай салып, «дыбыс берер ме екен» дегендей құлағын тосып тың тыңдай қалады. Бірақ ешқандай дыбыс болмады. Кенет өзі жасырынып, сығалап жатқан жас терек жаққа көзін ұзағырақ қадап, тың тыңдай бір басып, екі басып ілгері оза берді де, қалт тұрып қалды: дәп басып таба алмай, апасының мазағына қалудан сақсынып тұрғаны ол. Ақыры, амалы таусылып, берілген сыңайда отыра кеткен. Сол кезде сылқ-сылқ күліп, Сәния жас теректің қалқасынан шыға келді. Осы уақыттары мына масайраған тіршілік салтанатына кеуделерінде қуана үн қосып, дүрсілдей соққан балғын жүректерді әнтек еткізе құлақ түргізіп, «Сәния! Нұрлан!» деген жандарына аса жағымды, көктен құйылған күннің мына сәулесіндей шуақты да аяулы дауыс естілді. Бірі биіктен, бірі төменнен дауыс шыққан жаққа жалт қарасқан: жер дүниені елжіреткен табиғат күніндей бойынан мейірім ескен анасы биязы жымиып, ауылдан келетін соқпақпен баяу басып түсіп келеді екен. Үстіндегі аппақ шәйі жібек көйлегі, желке тұсынан байлаған қап-қалың толқынды қара шашы, кең маңдайлы аппақ дидары оны орта ғасырлық суретшілер бейнеден кеткен Құдай-ана бейнесіне ұқсатқандай. Сәния қалың топырақты жарбақтан орғи секіріп, жағадағы киіміне бұрын ұмтылған інісінің соңынан қуып берді; киімге қатар жеткен екеуі орамдарына асығыс-үсігіс қолтықтарына ұмыр-жұмыр қыса сала аналарына қарай жарыса кері жүгірді. Сәния алты жас үлкендігіне басып, ұзай озып кетіп, Нұрланды жылатып барады, өзі оған мәз. Міне, ерекше мейірім шуағы аңқыған ана құшағына Сәния бұрын келіп қойып кеткен еді, анасы оны күлімсірей маңдайынан иіскеп, «сен ересексің ғой, құлыным» дегенді шуақ толы жанарымен ұқтырып, сол жақ кеудесіне қарай ысыра икемдеп, осы кез ызадан қып-қызыл болып булыға жеткен ұлын оң жақ кеудесіне қысып, маңдайынан құшырлана иіскеген. Сәлден кейін үшеуі биіктен асып, масайрай шаттанған табиғатқа сіңіп бара жатты…

Енді бірде шуы құлақ тұндырған үлкен қаланың көшесін кесіп өте бергендері сол еді, қайдан тап болғаны белгісіз, шетелдік бір жеңіл машина зуылдап келіп қалған екен. Сәния жандәрмен бір бүйірге жалт беріп үлгерді, артынан тарс-тұрс соқтыққан дауыс естілді, маңайдағы жүргіншілердің жан ұшыра шыққан ащы айқайларына селт етіп мойнын артына бұрғанда үрей ұялаған аялы жанарына анадай жерге ұшып барып бүктісі құлаған Нұрлан ілікті!..

– Нұрлан!!!

Тәтті түсін жасын түскендей быт-шыт еткен сол бір қорқынышты оқиғаның санасындағы жаңғырығы мұның жан даусын шығарып, төсектен жұлып алған еді…

***

– О, сұлу бикеш! Неден қорықтың, а? Қатты айқайладың… Келе ғой бермен… Орысшаны тілін бұрап сөйлеген, үсті-басы түктен көрінбейтін жүндес грек үстіндегі ақ жамылғыны серпіп тастап, Сәнияның тізеге дейін ашылып қалған аппақ, құлындай мүшесіне төменнен басқа, бастан төмен қарай сұқтана қарады. Сосын көрген түсінен ес жия алмай есеңгіреп қалған қыздың кенет селк етіп, жалаңаш тәнін жалма-жан жасыруға тырысқан қарекетіне мән берместен, кесеге ұйытып, кеудесіне жаңа әзірде төңкере салған уыздай дір-дір еткен қос анарын бас салып, түкті тұмсығымен умаждап, сол томпиған аппақ уыздың дәл үстіне қадалып түскен уылжыған қып-қызыл мейізді тілмен іліп, ашқарақтана сүйді. «Сенде тәжірибе жоқ… бірақ мен сені ұнатат… ақша аямайт…» деп жыртқыштың уысына түскен көжектей қалтырап, бетін майда тер жапқан дымқыл, уыз дененің иісіне, сымбатына мас болған қалпы тырбыңдап үстіне қона берді…

…Бұрын ғұмыры қолына алып көрмеген, алайда дәп қазір қызықтап қарамақ түгілі, ұстап тұруға дәті шыдамай, қол сөмкесіне атып ұрған су жаңа қатырма 100 долларды қонақүйдің астыңғы қабатында орналасқан айырбас пунктінен теңгеге айналдырып алды. Әбүйір болғанда, кезек күтіп аялдаған жоқ, кісі көп болып күтуге тура келген жағдайда беті дуылдап, көп ішінде шыдап тұра алмасын алдын ала түйсінген. Сонда да болса, «бұл қыз таң атпай долларды қайдан алып жүр, ертелеп мұнда неғып жүр?» деп айырбас пунктінің кассирі де, астанадан келген таңғы поездан түсіп, қоналқыға осында бұрылған бірен-саран адамдар да бұған күдікті көзбен қарағандай, қарайтындай көрініп кетті өзіне. Сосын қолын күйдіре жаздағандай болған көкала қағаздан құтылып, кассирдің ұстатқанын санап жатпай, сөмкесіне сала жылдам басып сыртқа беттей берген еді, есіктің тұсында білегінен біреу шап беріп ұстай алды.

Сәнияның жүрегі қапелімде тоқтап қала жаздағандай болды, сәлден соң ғана барып өзі-өзіне келгенде, мұның білегіне жармасып жүрген кеше кешкісін кіреберісте бұған темекісін бұрқырата шиырып, тұла бойын тінте шолып өткен қыз екенін танып, бір жағынан таңырқап қалды. Шашын қысқалап кесіп, бет-ауызын баттастыра бояп алған, қара былғары куртканың ішінен өңірі, етегі толық мықыннан төменгі жердің байлығын былайғы жұртқа барынша жар салып көрсетіп, оқтаудай жұмыр толық денесіне дене болып жабысып тұрған қызыл тоқыма көйлек киген қыз:

– Өзінше сыпайы бола қалған түрін!.. Жұрт құсап сыпайы киініп алып, кәсібіңді жұрттан жасырғың келеді екен?! Сен аннан шықтың ғой… – деп ай-шай жоқ бұған жасанды кірпікпен онсыз да бадырая түскен алалы көздерін ежірейте қадады. – Біздің нанымызды тартып алатын сен кімсің!? Давай, процент әкел!..

Бассалып тиісе кеткен оның мына қылығынан абдырап қалған Сәния ананың ежірейген ұсқынынан бұрын анадай сөзін естігенде шошып кетті әрі демде екі беті ду етіп тұтанып ала жөнелді; жалма-жан қолын тартып алмақ болып жұлқып еді, бәлекеттің саусақтары әлеуетті екен, ұстаған жерін батыра, ауырта қысып босата қоймады.

– Сен жайшылықпен құтылып кетемін деп тұрсың ба? Процент әкел деп тұрмын ғой мен саған! Әйтпесе түні бойы тапқаныңның бәрінен айырыласың, қаншық! Ол саған доллармен берді ғой… Көзің жәудіреп неменеге мүләйім бола қалдың, мен жүздікті айырбастағаныңды көрмеді деп тұрсың ба, салдақы? Түні бойы соның қасында мияулағаныңды да білеміз біз. Оңбаған!

Соңғы сөзді айтқанда оның көзі қонақүйдің жоғары қабатына қарай ақшаң етті. Мұның әр қимылын сырттай бақылаған жіті көз болса, оның соңғы сөзі Сәниямен болған грекке арналғанын аңғарар еді: бірақ екеуінің шуына еріксіз назар аударып, жүрістерін баяулатып аңтарыла өтіп жатқан адамдардан анау жан дүниесі ғұмыры естіп көрмеген ауыр-ауыр сөздерді үйіп-төккен сайын жерге кірерге тесік таппай қысылып, ақыл-есінен жартылай айырылып қалған Сәния оны аңғара қоймады. Бар болғаны:

– Жіберіңіз, қолымды ауырттыңыз, менде неңіз бар! – деп қолын ауырсына жұлқып, жалына шырылдаған.

Осы кез қастарына еңселі полицей жетіп келді, келе анаған бассалды:

– Сен бе тағы шу шығарып жатқан? Кәне, мына қызды босатып, дереу тайып тұр! – деді оған нығыздай сөйлеп.

Әлем-жәлем қыз қарсы жауап қатпақ болып, қабағын түйіп келе жатыр еді, полицей оның Сәнияның білегінен мықтап ұстаған қолын білезіктен қатты қысып босатып алды да, ішке қарай дедектетіп ала жөнелді.

Қапелімде келіп тас кенеше жабысқан пәлекеттен әупіріммен құтылған Сәния сыртқа бетін басып жүгіре шықты; сыпайы киінген, биік қара туфлиіне толық балтырлы түп-түзу аяғы жараса қонған, сұлу мүсінін үстіне ілген жұқа костюмнің өзі жасыра алмаған, үлбіреген ақ дидарлы мына арудың осында «кәсіп» ететін әлгі жезөкшеге қанша қатысы барлығын, оның бұған соншалықты неге өшіккеніне түсіне алмай абдыраған жұрт иықтарын қиқаң еткізіп қала берген…

***

Үлкен қаланың бір шетінен жалдап тұрып жатқан времянкасына қалай келгенін білмейді; есіктен кіре төсекке өкіре құлады: кей-кейде адамға өз даусың да жат, суық болып естіледі екен-ау. Сәния қазір бір жағынан осыны да сезініп үлгерді. Өзі емес, өзгенің көмейінен шыққандай сұмдықтай жат, қатқыл да тарғыл дауысқа барынша ерік беріп, барша жан дүниесімен, тұтас тұла бойымен солқылдап тұрып ал ағылсын келіп. Сонда тарғыл дауысты өксіктің иіріміне жиырмаға жанға ғана шыққан уыз ғұмырдың барлық есте қалар сәттері иіріліп келіп тоғытылды-ай дейсің: аяулы анасының көзі тірісіндегі шаттықтың айдынында еркін шомылған алаңсыз тірлік те, соңғы алты-жеті жылда анасынан қалған шаңырақ байлығын ұқсата алмай тоз-тоз етіп, онысымен қоймай, бақуатты бай таптым деп қуанып келіп, енді сол байлықтың қожырап бара жатқанына дәрменсіз қалыппен заман қиындығына зарлай шағынып, жаныңды зәрезап ететін заржақ өгей шеше мен баяғы кеуде қағып жүрер тірлігінен жаңылып, жуасып, жүдеп қалған әкенің мүсәпір болмысы; анадан айырылып қалғалы ерте ересек тартып, Сәнияның қас-қабағына қарап, басқан ізінен қалмай тек осыны пана тұтар інісі екеуінің үйден кетіп, үлкен қалаға келгелі бері бастан кешкен ауыртпалықтары көңіл көзі алдынан зуылдай өтіп, соған келіп құйылуда. Айтуға ғана оңай болғанымен, тұтас өмірінің тініне айналған басты қадау-қадау қуанышы мен күйініштерін алма кезек еске түсіріп, үстемеленген сайын өксік иірімі де лықсып, кемерінен асып төгіле түседі. Ең соңында кешелі-бүгін осыған дейін кір шалмаған, алдан асқақ армандармен мұнартқан аппақ парақтай болып алға көсіліп жатқан ғұмыры мен барлық жан-дүниесіне, арман-мақсатына, мендік бітім-болмысына енді ешқашан да өшіріп кетіре алмастай етіп жалпақ қап-қара жолақпен шек қойғанын түйсінгенде, өзінің тұла бойын, сана-түйсігін мұздай суық леп алып, өзіне-өзі жат болып шыға келгендей көрінген. Сол сәт бағанағы жылас жылас па, ал ышқына келіп еңіресін!

– Қызым-ау, саған не болды?! Қызым-ау, не болды?! – деп осы кез үй иесі, етжеңді Нина апайы кіріп келіп, төсегінде алас ұрып жылап жатқан қызды шошына құшақтай алды. Бетін жас айғыздап, тұла бойын тер басқан Сәния кемпірдің құшағына аңыраған күйі асыла кетті, оны бауырына тарта қысып, жауырынан сипалай берген Нина Федоровна:

– Құдайым-ау, бұл не қасірет тағы?! Сония, айтшы, Нұрланға бірдеңе болды ма?! – дей берді үрейленіп.

Қыз жауаптың орнына жылауын тоқтатпай, үнсіз басын шайқай берген. Осыдан екі апта бұрын көшеде мәшина қағып, ауыр жарақатпен ауруханаға түскен Нұрланның әйтеуір тірі екенін ұққан Нина Федоровна талықси өксіген қызды жайлап төсегіне жатқызып, пісіріп жатқан сүттен ыстықтай әкелуге үйіне қарай жүгірді. Қайтып келіп, әлі де бүк түскен күйі егіліп жатқан қыздың үстіне көрпені қымтай жауып, жанына орындықты тақап, әкелген сүтін қойды да, «енді мазаламайын» дегендей үнсіз шығып кетті.

«О, құдайым-ай, бұл сорлы балалар не жазды сонша? Інісі анау, кәріп болып қалмаса болар еді… Уыздай жас қой әлі… Дегенмен, бұл қыз неге жылады екен сонша, ә? Түнде үйде болмады-ау деймін. Бірдеңеден қорланып, жәбірленіп қалған сыңайлы-ау…» – Сәнияның бүгінгі жұмбақ күйіне түсіне алмай, дал болып басын шайқаған қалпы Нина Федоровна үйіне кірді.

«Антүрған заман болды ғой! Ақысын төлемесең, ауруыңды да емдемейді бұлар, – деп бір сәт дәрігерлермен де іштей ұрысып кетті. – Оған дәке керек, дәрі керек, мұның бәрі қып-қызыл ақша… Бір мезгіл тамақ апарып бермесе, тағы болмайды. Соның бәріне ақшасы таусылып, қорланып жүр де Сония. Арнаулы білімі де, игерген кәсібі де жоқ, қалаға кеше ғана келген қызға жөндем жұмыс қайдан табыла қойсын? Бұрынғы бардың бәрі қирап, өздері қысқарып жатқанда, бар жұмыстың өзі қалалықтардың өздерінен артыла қойсын ба?.. Мұнда оларды не сор айдап әкелді десейші… Қой, оған мен бірдеңе пісіріп берейін, өзіне-өзі келген соң апарып берсін, бейшара қыз», – деп күбірлей сөйлей жүріп, Нұрланға тамақ дайындау қамына кіріскен сосын.

Жалғасы бар…

Проверьте Также

СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында «Кәсіпкер әйел» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Визажист» курсын аяқтаған 25 түлекке салтанатты …