Пятница, 30.10.2026

КӘСІП ИЕСІНЕ – ТАЗАЛЫҚ МІНДЕТ

Елімізде кең қанат жайған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғау және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы ауқымды жұмыстар қарқынды жалғасып келеді.

Осы игі бастаманы қолдау және қала тазалығын бақылау мақсатында жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары бірлесіп, арнайы рейдтік іс-шара өткізді. Бұл шараның басты мақсаты – кәсіпкерлік нысандарына іргелес жатқан аумақтардың санитарлық жай-күйін тексеру және бекітілген абаттандыру қағидаларының сақталуын қадағалау болды.

Рейд барысында бақылау тобы «Ғалым», «Арзан», «Ұлытау мол» және «Жанай» секілді сауда нысандарына барып, олардың айналасындағы тазалық деңгейін жіті тексерді. Шара барысында дүкен иелеріне заң талаптары түсіндіріліп, қоқыс контейнерлерін арнайы қоршаулармен жабдықтау және оларды сауда орындарының маңында тәртіппен орналастыру қажеттілігі ескертілді. Сондай-ақ, әрбір кәсіпкер өзіне тиесілі ғимарат қана емес, оған іргелес жатқан аумақтың да тазалығына тікелей жауапты екені, бұл жұмыстардың жүйелі әрі тұрақты түрде жүргізілуі тиіс екендігі егжей-тегжейлі айтылды.

Дегенмен, тексеру барысында заң талаптарына немқұрайлы қарау дерегі де тіркелді. Тәртіп сақшылары мен жауапты мамандар дүкендердің бірінде санитарлық нормалардың өрескел бұзылғанын анықтады. Осыған байланысты, заң бұзушылыққа жол берген кәсіпкерге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті айыппұл салынды.

Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ, себебі ортақ мекеніміздің тазалығы мен көркейуі – әрбір азамат пен кәсіп иесінің тікелей міндеті мен жауапкершілігі.

Марал Шахаева.

 

Проверьте Также

ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫТАУЛЫҚ БРЕНД

17 жылдық тәжірибесі бар креатор-дизайнер, «Graf» баспаханасының негізін қалаушы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Арайлым Есембекова …