Уақыт адамдарды есейтеді, өмір жолдарын әр тарапқа жетелейді. Бірақ мектеп қабырғасында басталған достық пен балғын балалық шақтың естелігі ешқашан көмескіленбейді. Осындай жүрекке жылу сыйлаған ерекше кездесу биыл 1966 жылғы №1 Ұлытау орта мектебінің түлектерін тағы бір мәрте табыстырды. Мектеп бітіргендеріне 60 жыл толуына арналған басқосу – өткенді еске алып, бүгінге тәубе айтып, ертеңге ақ тілек арнаған тағылымды шара болды.
1966 жылдың маусымында алтын ұя мектебімен қоштасқан 28 түлек үлкен өмірге қадам басқан еді. Содан бері алпыс жыл зымырап өте шығып, әрқайсысы өмірдің сан тарау жолымен жүріп өтті. Бірі агроном, бірі дәрігер, бірі ұстаз, бірі журналист-жазушы атанып, қай-қайсысы да ел игілігі жолында адал еңбек етіп, қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосты. Тағдырдың талай белесін бағындырған түлектер бүгінде мерейлі жасқа жетіп, өткен өмір жолына ризашылықпен көз жүгіртті.
Өкінішке қарай, уақыт ешкімді күтпейді. Бір кезде бір партада отырып, бірге білім алған 28 түлектің бүгінде 14-і өмірден озған. Кездесу олардың жарқын бейнесін еске алудан басталды. Марқұм сыныптастардың рухына арнап Сәтбаев қаласындағы Б. Балқыбайұлы атындағы орталық мешітте Құран бағышталып, кейін жиналған қауым бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл – достыққа деген адалдықтың, өткенге деген құрметтің жарқын көрінісі болды.
Кездесу Сәтбаев қаласындағы «Айшуақ» мейрамханасында жалғасын тапты. Сыныптастар бір-бірімен құшақ жая қауышып, алпыс жыл бұрынғы қызықты күндерді еске алды. Жастық шақтың жарқын сәттері, ұстаздардың өнегесі, мектептегі қызықты оқиғалар туралы әңгімелер айтылып, жүрекке жылы естеліктер жаңғырды. Ән айтылып, әсерлі өлеңдер оқылып, түрлі ойындар ұйымдастырылып, мерекелік сыйлықтар табысталды. Ақ тілектер айтылып, әр кездесудің қадірі жыл өткен сайын арта түсетіні ерекше сезілді.
Мерекелік кездесудің жоғары деңгейде өтуіне сынып старостасы Рахила Белегенова ұйытқы болып, ұйымдастыру ісіне Камилә, Гүлжахан, Орынкүл және басқа да сыныптастар белсене атсалысты. Олардың еңбегі арқасында бұл жүздесу барша қатысушылардың көңілінен шыққан, жүректе ұзақ сақталатын тағылымды кешке айналды.
Кездесу соңында түлектер естелік суретке түсіп, бір-біріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Қатарлары сиремей, амандықпен мектеп бітіргендеріне 65 жыл толатын мерейтойда қайта қауышуға уағдаласты.
Адам өмірінің ең қымбат қазынасы – достық пен сыйластық. Алпыс жылдан кейінгі бұл жүздесу де сол асыл құндылықтардың уақыт сынынан сүрінбей өткенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мағзұм Қожахметов,
1966 жылғы №1 Ұлытау орта мектебінің түлегі,
Медицина саласының ардагері,
Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.
Шарайна
