Сәтбаев қаласында 2016–2017 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында футболдан ашық қала біріншілігі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Жарыс жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, бұқаралық спортты дамытуға және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталды.
Турнирге әрқайсысы 10 ойыншыдан құралған 8 команда қатысып, жалпы саны 80 жас футболшы жасыл алаңда өзара бақ сынасты. Бірнеше күнге созылған тартысты кездесулер барысында қатысушылар өздерінің техникалық дайындығын, командалық үйлесімділігін және жеңіске деген жігерін көрсетті. Мұндай жарыстар жасөспірімдердің спорттық тәжірибесін арттырып қана қоймай, олардың достық қарым-қатынасын нығайтуға да ықпал етеді.
Биылғы біріншіліктің басты ерекшелігі – спорттық шараның әлеуметтік маңызы бар профилактикалық жұмыстармен ұштасуы болды. 30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырушылар жарысқа қатысқан балалар мен олардың ата-аналарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шара барысында адам саудасының алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Ұлытау облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Баянғали Рахимовтың айтуынша, өңірде 24–30 шілде аралығында «Адам саудасы – ауыр қылмыс» атты республикалық профилактикалық іс-шара өткізілуде. Осы акция аясында Сәтбаев қаласының спорт бөлімімен бірлесіп, жастар арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылған. Мұндай бастамалар жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырумен қатар, олардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Жарыстың финалдық кезеңінде командалар әсерлі ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерге тартысты кездесулер сыйлады. Нәтижесінде үздік командалар анықталып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды.
Турнир қорытындысы бойынша үшінші орынды «Қайсар» командасы иеленсе, екінші орын «Ордабасы» командасына бұйырды. Ал барлық қарсыластарынан басым түскен «Nomad» командасы чемпион атанып, бас жүлдені жеңіп алды.
Жеңімпаз команданың капитаны Алан Тамабай мұндай жарыстардың балалар үшін үлкен мотивация екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Оның сөзінше, осындай турнирлер жас спортшылардың тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндіктерін көрсетуіне зор мүмкіндік береді.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, мадақтамалармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай спорттық іс-шаралар балалар мен жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулып, бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ құқықтық және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Сәтбаев қаласында өткен ашық футбол біріншілігі спорттың тек жеңіс пен бәсеке ғана емес, сонымен бірге тәрбиелік және әлеуметтік маңызы зор құрал екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Спорт пен профилактикалық жұмыстарды ұштастырған мұндай бастамалар жас ұрпақтың дені сау, белсенді әрі жауапты азамат болып қалыптасуына оң әсерін тигізеді.
Досан Дулығалы.
Шарайна
