Жуырда Сәтбаев қаласының аумағында республикалық «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Аталған шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және тұрғын үйлерде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау.
Іс-шара барысында Сәтбаев қаласы полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы Айсұлу Көмекова, полицияның қоғамдық көмекшілері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қаладағы бірнеше тұрғын үй ауласында халықпен кездесулер өткізді.
Алғашқы кездесу Сәтбаев даңғылындағы №104/4 және №104/1 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында өтті. Кездесу барысында тұрғындарға құқықтық сауаттылықты арттырудың маңызы түсіндіріліп, қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, тұрғын үй қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарға жол бермеу мәселелері жан-жақты талқыланды. Полиция қызметкерлері тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, құқықтық кеңестер ұсынды.
Іс-шара одан әрі Ерден көшесіндегі №213 тұрғын үйдің ауласында жалғасын тапты. Мұнда полиция қызметкерлері соңғы уақытта жиілеп кеткен интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралған тәсілдері туралы айтып, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу, жеке деректерді бөгде адамдарға жария етпеу жөнінде нақты ұсыныстар берді. Сонымен қатар қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтардың қай мекемелерден көмек ала алатыны, қандай мемлекеттік қолдау түрлері қарастырылғаны жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Кездесулер барысында тұрғындарға құқықтық ақпарат қамтылған жадынамалар мен ақпараттық буклеттер таратылып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әр азаматтың ортақ міндеті екені айтылды.
Мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға, халық пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді нығайтуға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосады.
Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.
Шарайна



