Пятница, 30.10.2026

ҚАУІПСІЗ ЖОЛ – ӘРБІР АДАМНЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Жол қауіпсіздігі – қоғам үшін қашанда маңызды мәселелердің бірі. Себебі көлік қозғалысы қарқындаған сайын жолдағы қауіп те арта түседі. Бір сәттік асығыстық, қарапайым ережеге немқұрайлы қарау немесе көлік тізгініне мас күйінде отыру орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін сақтау – тек заң талабы емес, ең алдымен адам өміріне деген жауапкершілік.

Осыған байланысты еліміз бойынша 10-12 тамыз аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталған шараның басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің құқықтық сауаттылығын арттыру және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Сәтбаев қаласының аумағында да жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Өйткені жолдағы тәртіп – бір ғана полиция қызметкерінің немесе бір ғана жүргізушінің міндеті емес. Бұл – қоғам болып атсалысуды қажет ететін ортақ мәселе.

Жыл басынан бері қала аумағында 25 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 34 адам дене жарақатын алған. Өкінішке қарай, бір адам қаза болған. Бұл көрсеткіштің әрбір санының артында адам тағдыры, отбасының қайғысы мен жақындарының уайымы тұрғанын ескерсек, жол қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауға болмайтыны анық.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері күнделікті қызмет барысында жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылау жүргізіп, құқық бұзушылықтардың жолын кесуде. Ал «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде бұл жұмыстар одан әрі күшейтілді. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жолдағы жағдайды бақылап, жүргізушілердің тәртібін тексерумен қатар, жол қозғалысына қатысушылар арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізді.

Үш күндік іс-шара нәтижесінде Сәтбаев қаласында патрульдік полиция қызметкерлерімен жол қозғалысы ережелерін бұзған азаматтарға қатысты 70 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде ең қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі – көлік құралын масаң күйде басқару бойынша төрт жүргізуші ұсталды. Сот шешімімен аталған азаматтар 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Сәтбаев қаласы ПБ патрульдік полиция взводының командирі, полиция майоры Айдос Рамазанов жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әр азаматтың жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті.

–  «Қауіпсіз жол» іс-шарасының негізгі мақсаты азаматтарды жазалау емес, жолдағы тәртіпті күшейтіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Жол қауіпсіздігі – тек полиция қызметкерлерінің міндеті емес, бұл – баршамызға ортақ жауапкершілік. Жол қозғалысына қатысушылардың әрқайсысы өз міндетін дұрыс орындаған жағдайда ғана қауіпсіздік деңгейін арттыра аламыз. Әсіресе жүргізушілерге айтарымыз – көлік құралын басқару кезінде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, белгіленген жылдамдық режимінен аспау қажет. Қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағу керек. Ең бастысы – көлік құралын масаң күйде басқаруға жол бермеу. Бұл талаптың бұзылуы өзге адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді, – дейді полиция майоры Айдос Мусагалиевич.

Жол қауіпсіздігі тек жүргізушілерге ғана қатысты емес. Жаяу жүргіншілердің де өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы маңызды. Белгіленбеген жерден жолды кесіп өту, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне қарамастан жолға шығу, көлік қозғалысы кезінде телефонға алаңдау – адам өміріне қауіп төндіретін әрекеттер. Әсіресе балалардың жол қауіпсіздігі ережелерін білуіне ата-аналар ерекше көңіл бөлуі қажет. Баланы кішкентай кезінен жолдан тек белгіленген жерден өтуге, бағдаршамға қарауға және көлік қозғалысына мұқият болуға үйрету – үлкендердің міндеті.

«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы белгілі бір мерзім аралығында өткізілгенімен, жол қауіпсіздігіне деген жауапкершілік жыл он екі ай бойы сақталуы қажет. Полиция қызметкерлерінің бақылауы қанша күшейтілгенімен, жолдағы қауіпсіздіктің негізгі кепілі – әр адамның өз тәртібі мен мәдениеті.

Сәтбаев қаласының полиция қызметкерлері тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Себебі жол қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет. Бүгінгі сақтық – ертеңгі қайғының алдын алуы мүмкін.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …