Пятница, 30.10.2026

АБАЙ СӨЗІ – АҚЫЛ-ОЙДЫҢ ШАМШЫРАҒЫ

Даланың дархан мінезін жырға қосқан, күллі адамзат баласын бауырым деп сүйген ұлы ғұлама, ойшыл әрі аудармашы Абайдың мұрасы – қазақ халқының сарқылмас рухани қазынасы. Сөз өнерінің асқар шыңы, қасиетті қазақ топырағынан нәр алған ұлы ақынның туған күні – 10 тамызда еліміздің түкпір-түкпірінде іс-шаралар өтіп, бұл күн ерекше рухпен аталып өтеді. Осыған орай, қаламыздағы «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен және Сәтбаев қаласы әкімдігінің қолдауымен хакім Абай рухына тағзым етіп, сырласуға арналған «Абай сөзі – ақыл-ойдың шамшырағы» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Адамзат өркениеті талай мәрте дәлелдегендей, ұлы тұлғалар көбіне көненің күйреп, жаңаның бой көтеріп, қоғамның бір сападан екінші сапаға ауысар алмағайып дәуірінде дүниеге келеді. Абай Құнанбайұлының тұлғасы да дәл сондай сын сағаттық кезеңнің жемісі, ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір болды. XIX-XX ғасырлар тоғысындағы ағартушылық, ояну дәуірінің көшбасшысы ретінде ол қазақ елінің болашағы мен бағдарын айқындап берген мәңгілік рухани темірқазығымызға айналды.

Рухани кештің мақсат-міндеті де осы қастерлі мұраны ұлықтауға бағытталды: Хәкім Абайдың «Толық адам» ілімін тереңнен дәріптеп, ақынның бай шығармашылық мұрасы арқылы мемлекеттік тілдің беделін арттыру, әдеби тілді байыту. Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі өлмес ойларды, терең философиялық тұжырымдар мен музыкалық қазынаны Сәтбаев қаласының тұрғындарына кеңінен жеткізу, өскелең ұрпақтың көркем әдебиетке, ұлттық өнерге деген ынта-ықыласын оятып, кітап оқу мәдениетін жандандыру көзделді.

Мазмұнды шара үш бірдей мағыналы кезеңді – «Адамзаттың Абайы», «Абайды оқы, таңырқа!» және «Мәңгілік мұра» атты бөлімдерді қамтып, жиылған жұртшылықты ерекше әсерге бөледі.

Салтанатты шараның шымылдығын ашқан Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев құттықтау сөз сөйлеп, ұлы ақынның өсиеттері мен тәлімінің әрбір қазақ үшін маңызы зор екенін ерекше атап өтті.

Мұнан соң көрермен назарына ұсынылған театрландырылған көрініс жиналғандарды тарихтың тылсым қойнауына жетеледі. Сахна төрінде қазақтың қайраткер тұлғалары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев және Міржақып Дулатұлы образдары арқылы Абай әлемінің ұлылығы мен оның ұлт санасына тигізген әсері көрініс тауып, жүректерге терең ой салды.

Өнер мен өлең астасқан кеште хакімнің өлмейтін әндері қалықтады. Абайдың «Сегіз аяқ», «Мен бір жұмбақ адаммын» әндері мен «Торы жорға» күйі кештің сәнін кіргізді. Сондай-ақ «Кеншілер сазы» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен шырқалған «Желсіз түнде жарық ай» мен «Көзімнің қарасы» әндері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Руханияттың көшін жалғаған Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің оқушылары ақынның көпшілікке беймәлім өлеңдерін мәнерлеп оқып, тыңдарманды тәнті етті. Жыр мен күйге толы кештің соңы тартымды викториналық ойынмен жалғасып, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы бойынша сұрақтарға жауап берген белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.

Уақыт керуені көшкен сайын даналығы арта түсетін хакім Абайдың есімі қазақ халқымен бірге мәңгілік жасай бермек. Абайдың ақыл-ой шамшырағы әрқашан жарқырай берсін!

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …