Пятница, 30.10.2026
filter: 0; jpegRotation: 0; fileterIntensity: 0.000000; filterMask: 0; module:1facing:0; hw-remosaic: 0; touch: (-1.0, -1.0); modeInfo: ; sceneMode: Night; cct_value: 0; AI_Scene: (16, -1); aec_lux: 0.0; hist255: 0.0; hist252~255: 0.0; hist0~15: 0.0;

АРДАГЕР ЖАРЫС АЛАҢЫНДА

Биыл кеншілердің кәсіби мерекесін атап өту өңірде жылдағыдан ертерек басталды. Бұған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің кәсіби мерекеден ешкім шет қалмауы тиіс, барлық кеніштер мен құрылымдарда кеншілер еңбегіне лайықты құрмет көрсетілуі қажет деген тапсырмасы себеп болды. Осы бастама аясында өндіріс орындарында түрлі мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Мерекелік шаралардан «Қазақмыс» корпорациясы ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігі де тыс қалған жоқ. Өндірістің ыстығы мен суығын көріп, компанияның дамуына үлес қосқан ардагерлер кәсіпорындарға шақырылып, жас мамандармен кездесулер өткізді. Мұндай жүздесулерде буындар сабақтастығы, еңбек жолы және өндірістегі тәжірибе жайында әңгіме өрбіді. Ардагерлерге құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.

Ал сейсенбі күні Сәтбаев қаласындағы «Юность» стадионында кәсіби мерекеге орай ардагер кеншілер арасында спорттық турнир өтті. Жасы ұлғайғанына қарамастан белсенді өмір салтын ұстанатын ақсақалдар бұл күні өзара бәсекеге түсіп, спорттың бірнеше түрінен бақ сынасты. Жарыс бағдарламасына қол күресі, арқан тарту, 60 метрге жүгіру және дойбы кірді. Бірі білегінің күшін байқатса, енді бірі жылдамдығын сынады. Ал дойбы додасында қатысушылар зеректігі мен тактикалық ойлау қабілетін көрсетті.

Турнирді Ардагерлер кеңесі Сәтбаев қалалық филиалының төрағасы Әбулайыс Молақов ашып, ардагер кеншілерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол ел экономикасының дамуына ұзақ жылдар бойы еңбегімен үлес қосқан аға буын өкілдерінің өнегесі кейінгі ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті.

Спорттық шараны ұйымдастыруға Сәтбаев қаласының әкімдігі мен қалалық спорт бөлімі, сондай-ақ «Юность» стадионының әкімшілігі атсалысты. Стадион аумағында екі ақшаңқан кигіз үй тігіліп, қатысушылар мен қонақтарға арнап мерекелік дастархан жайылды.

Жарыс барысында ардагерлер ерекше белсенділік танытты. Қол күресінде күш сынасқан қатысушылар жеңіске деген жігерін байқатса, арқан тартуда командалық бірлік пен ұйымшылдық алдыңғы орынға шықты. 60 метрлік жүгіруде ақсақалдардың ширақ қимылы көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал дойбы тақтасының басында қатысушылар сабыр мен есепке жүгінді.

Жарыс қорытындысы бойынша дойбыдан бірінші орынды А. Сағидуллаев, екінші орынды Б. Жүсіпбаев, үшінші орынды Н. Айранбаев иеленді.

Қол күресінен О. Қасқабаев үздік атанса, Б. Кеңгірбаев екінші, А. Тұрлыбек үшінші орынға жайғасты.

60 метрге жүгіруде Қ. Мұханбедин бірінші болып мәреге жетті. Екінші орын Қ. Исабековке, үшінші орын Е. Құрманқұловқа бұйырды.

Ал арқан тартудан ЖШПТ командасы жеңімпаз атанып, КМС командасы екінші, ОЖК командасы үшінші орын алды. Жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлықтар табысталды.

Алайда бұл күннің басты нәтижесі жарыс қорытындысымен ғана өлшенген жоқ. Турнир ардагер кеншілер үшін бір-бірімен қайта қауышып, бірге уақыт өткізуге, естеліктерін жаңғыртуға мүмкіндік берді. Спорттық сайыстан кейін ақсақалдар ақ дастархан басына жайғасып, өткен еңбек жолдарын еске алып, өндірістегі қызықты оқиғалар мен өмірлік тәжірибелері туралы әңгіме өрбітті. Мұндай кездесулердің мәні – кәсіби мерекені атап өтумен ғана шектелмейді. Ардагерлердің басын қосу арқылы кейінгі буынға еңбекке деген құрмет, кәсіпке адалдық және әріптестік дәстүрі дәріптеледі. Кенші мамандығының күрделі әрі жауапты жолынан өткен аға буынның өнегесі жастарға бағыт-бағдар берері сөзсіз. Кеншілер мерекесінің биыл ертерек басталуы да осы сабақтастықты айқындай түсті. Өндірісте еңбек етіп жүрген мамандармен қатар, саналы ғұмырын кен өндірісіне арнаған ардагерлердің де назардан тыс қалмауы – олардың еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет.

Ізтай Белгібайұлы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …