Жаңа оқу жылы әр бала үшін жаңа үміт пен жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Осыған орай балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, білімге деген қызығушылығын арттыру, достық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу мақсатында Сәтбаев қаласының балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Ең жақсы кітап, сіздер үшін, балалар!» атты көңілді мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Шара барысында балаларды кітапхана қызметкерлері құшақ жая қарсы алып, жаңа оқу жылымен құттықтады. Аталмыш шараның атауының өзі ерекше көзге түсіп, кітаптың адам өміріндегі маңызын, білімнің баға жетпес қазына екенін білдіргендей. Көңілді әуенмен өткен сергіту сәтінде балалар әуен ырғағына қосылып, түрлі қимылдар жасап, бір серпіліп қалды. Одан әрі «Білімді бала» викторинасында жұмбақтардың шешімін тауып, жеңіл әрі қызықты сұрақтарға жауап берді.
Балалардың ерекше қызығушылығын «Сиқырлы сандық» ойыны тудырды. Түрлі ұяшықтардың астарына жасырылған мақал-мәтелдердің жетіспейтін сөздерін тауып, тапқырлығы мен зеректігін көрсетті. Шығармашылық кезеңде жасырылған сұрақтардың жауабын іздеп, белсенділік танытты. Мерекелік шара соңы көңілді флешмобқа, ән мен биге ұласты.
Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл күйі жаңа оқу жылын үлкен құлшыныспен бастауға ерекше ықпал етері сөзсіз. Осындай танымдық әрі қызықты шаралар балалардың кітапқа, білімге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін дамытып, достық қарым-қатынасын нығайта түсері анық.
Марал ШАХАЕВА.
Шарайна



