Пятница, 30.10.2026

ҚҰНДЫЛЫҚ ПЕН САПА САБАҚТАСТЫҒЫ – БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

Ұлытау облысында жаңа оқу жылы қарсаңында педагогтердің облыстық тамыз кеңесі өтті. Биылғы басқосудың «Құндылыққа негізделген білім: сапа, сабақтастық және жаңа мүмкіндіктер» деген тақырыбының өзі білім беру саласының бүгінгі бағыт-бағдарын айқын аңғартты. Сәтбаев қаласында ұйымдастырылған ауқымды шараға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов, Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, ардагер ұстаз Шынар Қаппасқызы Жанасылова, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маратбек Туребеков, білім саласының мамандары, сарапшылар, ардагер ұстаздар мен педагогтер қатысты.

Тамыз кеңесі – дәстүрлі түрде өткен оқу жылын саралап, алдағы кезеңнің басым бағыттарын айқындайтын, саладағы өзекті мәселелерді ортаға салып, озық тәжірибелерді бөлісуге мүмкіндік беретін маңызды кәсіби алаң. Биылғы жиында да білім сапасын арттыру, адами капиталды дамыту, білім мазмұнын жаңғырту, тәрбие жұмысын жетілдіру, педагогтердің цифрлық құзыреттерін арттыру және жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде тиімді пайдалану мәселелеріне айрықша мән берілді. Кеңестің басты өзегі – білім беруді тек академиялық жетістікпен шектемей, оқушының бойына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіре отырып, бәсекеге қабілетті, ойы сергек, жауапкершілігі жоғары тұлға қалыптастыру. Бүгінде білім саласына қойылатын талап өзгеріп, мұғалімнің міндеті де жаңа мазмұнмен толығуда. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы білім беру тәсілдеріне тың серпін беріп отыр. Осындай кезеңде ұстаздың кәсіби білімімен қатар, оның оқушыға дұрыс бағыт-бағдар бере алуы, адамгершілік пен адалдықты, еңбекқорлық пен отансүйгіштікті дәріптеуі аса маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлытауда өткен тамыз кеңесінің тақырыбы уақыт талабымен үндесіп, білімнің мазмұны мен тәрбиенің сабақтастығын бір арнаға тоғыстырды.

Кеңес жұмысының ашылуында сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен өңірде білім беру саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті.

– Білім беру жүйесін дамыту – аймақтың әлеуметтік-экономикалық келешегін айқындайтын маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңарту, жаңа мектептер мен балабақшалар салу, балаларға қолайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, – дей келе, өңір басшысы білім саласындағы маңызды жобалардың бірі ретінде «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен «Ұлытау» техникалық университетінің ашылуын атап өтті.

– Бұл оқу орнының іске қосылуы аймақ жастары үшін ғана емес, тұтас өңірдің кадрлық әлеуетін күшейту тұрғысынан маңызды қадам болмақ. Ұлытау – өндірісімен, тау-кен металлургиясымен танымал аймақ. Сондықтан техникалық және инженерлік бағыттағы білікті мамандар даярлау жергілікті экономиканың сұранысымен тікелей сабақтас. Жаңа университеттің ашылуы жастардың туған өлкесінде сапалы білім алып, заманауи мамандықтарды меңгеруіне және еңбек нарығында сұранысқа ие болуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында биыл Жезқазған қаласының Батыс ауданында 1 000 орындық BINOM мектебінің құрылысы басталмақ. Жаңаарқа ауданында 600 орындық, Түгіскен ауылында 300 орындық, Жезқазған қаласында 900 орындық және Сәтбаев қаласында 600 орындық жаңа мектептер салу жоспарланып отыр. Бұл жобалардың әрқайсысы балалардың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасауға бағытталған. Әсіресе, білім беру нысандарын тек сан жағынан көбейтіп қана қоймай, олардың материалдық-техникалық базасын заманауи талаптарға сай қалыптастыру – уақыт талабы. Осы мақсатта өңірдегі ескі мектептер де кезең-кезеңімен жаңғыртылмақ. Сәтбаев қаласы, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарындағы білім беру нысандарын жаңарту арқылы оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы орта қалыптастыру көзделіп отыр. Сонымен қатар Ұлытау облысында ұлдар мен қыздарға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицейлерін интернат-жатақханаларымен бірге салу жоспарланған. Әрқайсысы 400 орынға есептелген бұл білім ордалары оқушылардың терең білім алуына, қабілеті мен дарындылығын дамытуына жол ашпақ. Бұдан бөлек өңірде Назарбаев Зияткерлік мектебін ашу мәселесі де жоспарға енгізілген. Мұндай білім беру ұйымдарының көбеюі оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ғылыми-зерттеу, шығармашылық және технологиялық бағыттарда өз мүмкіндігін сынауына жағдай жасайды. Білім сапасы мектеп қабырғасынан ғана басталмайтыны белгілі. Баланың алғашқы танымы мен тұлғалық қалыптасуы мектепке дейінгі кезеңнен басталады. Осыған байланысты Ұлытау облысында мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге де басымдық беріліп отыр. Жезқазған қаласының Кеңгір ауылында 320 орындық, Сәтбаев қаласында 280 орындық жаңа балабақшалардың құрылысы басталады. Ал жаңа оқу жылында Қаражал қаласында және Жаңаарқа ауданының Манадыр станциясында жаңа мектептер пайдалануға берілмек. Бұл бастамалардың барлығы өңірдегі балалардың білім алуына тең мүмкіндік қалыптастыруға, мектептердегі орын тапшылығын азайтуға және ата-аналарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған, – деді облыс әкімі Есет Байкен.

Ұстаз еңбегінің нәтижесі бірден көрінбейді. Оның жемісі жылдар өткен соң шәкіртінің жетістігінен, қоғамға қосқан үлесінен көрінеді. Сондықтан мұғалімнің еңбегін бағалау – білім беру сапасын бағалаумен тең. Тамыз кеңесінің мазмұны тек инфрақұрылымдық жобалармен шектелген жоқ. Жиында білім беру саласындағы жаңа бастамалар мен оң өзгерістер, пилоттық жобалар, педагогтердің кәсіби дамуы, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану және жасанды интеллектінің мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды. Қазіргі таңда жасанды интеллект білім беру жүйесіне біртіндеп еніп келеді. Оны сабақ дайындауда, оқу материалдарын әзірлеуде, оқушының білім деңгейін саралауда және жеке білім беру траекториясын қалыптастыруда тиімді пайдалануға болады. Алайда технологияның дамуы мұғалімнің рөлін төмендетпейді. Керісінше, ұстаздан цифрлық сауаттылықпен қатар, ақпаратты дұрыс саралау, технологияны мақсатты пайдалану және оның мүмкіндіктерін бала тәрбиесімен ұштастыруды талап етеді. Осы орайда тамыз кеңесінде педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамыту мәселесінің көтерілуі заңды. Жасанды интеллектіні қолдану кезінде академиялық адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын сақтау да маңызды. Себебі технология адам еңбегін алмастыру үшін емес, оның мүмкіндігін кеңейту үшін қызмет етуі керек. Кеңесте математика мен жасанды интеллектінің байланысы, білім берудегі адалдық пен парасаттылық, отбасы мен білім беру ұйымдарының өзара ықпалдастығы, жас мамандардың кәсіби дамуы және кәсіби бағдар беру мәселелері де талқыланды. Бұл тақырыптардың барлығы бір-бірімен өзара байланысты. Балаға сапалы білім беру үшін мектеп пен ата-ана арасында берік байланыс болуы қажет. Ал мектепте алған білімін болашақ мамандығымен ұштастыру үшін оқушыға ерте жастан кәсіби бағдар берілгені жөн. Әсіресе, Ұлытау секілді өндірістік әлеуеті жоғары өңірде жастарды техникалық және инженерлік мамандықтарға бағыттау, жергілікті еңбек нарығының сұранысын ескеру маңызды. Жаңа оқу жылы алдында өткен педагогтердің облыстық тамыз кеңесі осындай маңызды міндеттерді айқындап, білім беру саласының алдағы даму бағдарын нақтылай түсті. Бүгінде Ұлытау облысында жаңа мектептер мен балабақшалардың салынуы, қолданыстағы білім беру нысандарының жаңғыртылуы, жаңа жоғары оқу орнының ашылуы, мамандандырылған лицейлердің бой көтеруі – барлығы өңірдегі білім сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстардың көрінісі. Дегенмен білімнің сапасы тек жаңа ғимараттармен немесе заманауи құрал-жабдықтармен өлшенбейді. Оның өзегінде ұстаздың білімі, оқушының ынтасы, ата-ананың жауапкершілігі және қоғамның білімге деген көзқарасы жатыр. Сондықтан «Құндылыққа негізделген білім» ұғымы бүгінгі білім беру жүйесінің басты бағдарларының біріне айналуы тиіс. Себебі білімді ұрпақ қана емес, елінің тарихын білетін, тілін құрметтейтін, еңбекті бағалайтын, адалдық пен жауапкершілікті ту ететін, заман талабына бейім әрі өз елінің болашағына сеніммен қарайтын ұрпақ қалыптастыру – ортақ міндет. Ұлытаудағы тамыз кеңесі осы мақсаттың маңызын тағы бір мәрте айқындады. Жаңа оқу жылы қарсаңында ұстаздар қауымы үшін бұл басқосу өткенді саралап қана қоймай, алдағы міндеттерге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берген кәсіби әрі мазмұнды алаң болды. Ал білім саласына жасалып жатқан инвестиция мен педагог еңбегіне көрсетіліп отырған қолдау – өңірдің ертеңіне жасалған маңызды инвестиция. Өйткені бүгінгі мектепте білім алған бала – ертеңгі ел азаматы, ал оның сапалы білім мен тағылымды тәрбие алуы Ұлытаудың ғана емес, тұтас Қазақстанның болашағын айқындайтын фактор.

Заманауи білім беру инфрақұрылымы – сапалы білімнің материалдық негізі болса, сол білімді балаға жеткізетін негізгі тұлға – мұғалім. Сондықтан тамыз кеңесінде педагогтің мәртебесі мен кәсіби еңбегіне де ерекше назар аударылды. Өскелең ұрпаққа білім беру мен тәрбие ісіне елеулі үлес қосқан бірқатар ұстаз мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Педагогтерге «Еңбек ардагері» және «Ыбырай Алтынсарин» медальдары, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, сондай-ақ «Қосымша білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломы табысталды. Бұл марапаттар – ұстаз еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі ғана емес, жас ұрпақтың болашағына жауапкершілікпен қарайтын мамандардың қоғамдағы орнын айқындайтын маңызды қадам.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ПОСЛАНИЕ ПРЕЗИДЕНТА: НОВЫЕ ВОЗМОЖНОСТИ ДЛЯ РАЗВИТИЯ БИЗНЕСА

Коллектив Палаты предпринимателей области Ұлытау прослушал Послание Главы государства Касым-Жомарта Токаева.  Послание затрагивает важнейшие вопросы …