Пятница, 30.10.2026

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА БАСТАР ҚАДАМ

1 қыркүйек – оқушылар үшін жаңа оқу жылының басталуын айшықтайтын ерекше күн. Биыл Сәтбаев қаласының білім беру ұйымдарында 2026–2027 оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылып, шәкірттер мектептеріне қайта оралды.

Білім күніне арналған салтанатты іс-шаралар «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастыруының негізі» тақырыбында өтті. Бұл тақырып өскелең ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, олардың бойында отансүйгіштік, адалдық пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың маңызын көрсетті.

Осындай шаралардың бірі Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде ұйымдастырылды. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер мен 11-сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау ерекше әсерге толы болды.

Орайы келгенде айта кетейік, биыл мектепте 8 бірінші сынып ашылды. Оның 6-уы қазақ тілінде, 2-еуі орыс тілінде білім береді. Бірінші сыныптарға барлығы 210 оқушы қабылданды. Сонымен қатар білім ордасында 3 он бірінші сынып бар, оның біреуі – орыс тіліндегі сынып.

Жаңа оқу жылында Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде 2000-нан астам оқушы білім алатын болады. Ұстаздар мен ата-аналар шәкірттерге жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, білім жолындағы жаңа белестерге қадам басты.

 

Алғашқы қоңырау соғылды

Қаныш Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде 1 және 11-сынып оқушыларына арналған жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауына орай салтанатты жиын өтті. Биылғы шара «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбына арналды.

Мерекелік жиынға арнайы қонақтар қатысып, мектеп ұжымын және оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Сәтбаев қаласы білім бөлімінің басшысы Берік Акишбеков пен қала әкімі аппаратының басшысы Ақтолқын Бегежанова білім жолына алғаш қадам басқан бүлдіршіндерге ақжолтай тілектерін жеткізді.

Биыл Қаныш Сәтбаев атындағы мектептің табалдырығын 107 оқушы алғаш рет аттап, білім ордасының үлкен отбасына қосылды. Ал 11-сынып оқушылары үшін бұл жыл – мектеп қабырғасындағы соңғы оқу жылы.

Салтанатты жиын барысында Конституция құндылықтарын дәріптеу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру мәселелеріне мән берілді. Сондай-ақ іс-шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Адал азамат», «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан», «Толық адам» қағидаттарының мәні мен маңызы кеңінен айтылды.

Жаңа оқу жылы мектеп ұжымы мен оқушылары үшін білімге, ізденіске және жаңа жетістіктерге бастайтын жарқын бастамаларға толы болмақ.

 

Әр бала – бір әлем, әр талант – бір жұлдыз

Оқушылар сарайында жаңа оқу жылының басталуына орай өнер мен шығармашылыққа толы мерекелік шара өтті. Балаларға арналған жиын ерекше көңіл күймен өтіп, тәрбиеленушілер өз өнерлерін ортаға салды.

Салтанатты шара барысында талантты оқушылар әсем ән орындап, әсерлі би қойылымдарын ұсынды. Өнерпаздардың өнері көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік көңіл күйді одан әрі арттырды.

Оқушылар сарайының директоры Әсем Абдраймова балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оларға шығармашылық ізденіс, жаңа жетістіктер мен биік белестер тіледі. Ол әр баланың бойындағы қабілетті дамытуға мүмкіндік берудің маңызын атап өтті.

Шараның маңызды бөлігі үйірмелердің таныстырылымына арналды. Үйірме жетекшілері әр бағыт бойынша қызықты шеберлік сағаттарын өткізіп, балаларға өз жұмыстарын іс жүзінде таныстырды. Қатысушылар түрлі шығармашылық бағыттармен танысып, өз қызығушылықтарына сәйкес үйірмелерді таңдады.

Көптеген оқушы шара барысында ұнаған үйірмелерге жазылып, жаңа ортаға қадам басты. Бұл балаларға өз қабілетін шыңдап, жаңа достар тауып, түрлі байқаулар мен жобаларға қатысуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі мереке – жаңа оқу жылының басталуын ғана емес, балалар үшін жаңа мүмкіндіктердің, шығармашылық ізденістің және жарқын жетістіктердің бастауы болды.

Ізтай Белгібайұлы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …