Пятница, 30.10.2026

1256 БАЛА МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ

Бүгін еліміздің білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының басталуына арналған алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Бұл күн – оқушылар, ұстаздар және ата-аналар үшін ерекше толқынысқа толы мереке. Әсіресе алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер үшін бұл – өміріндегі маңызды қадамдардың бірі.

Биыл кеншілер қаласындағы мектептерде 1256 бала алғаш рет білім әлеміне жол ашты. Оның ішінде 950 оқушы қазақ бөлімінде, 306 оқушы орыс бөлімінде оқуды бастады. Кеше ғана балабақшада жүрген бүлдіршіндер бүгін мектеп формасын киіп, қолдарына гүл шоқтарын ұстап, үлкен өмірдің жаңа кезеңіне қадам басты. Алғашқы қоңырау үні олар үшін мектеппен, ұстазбен, жаңа достармен танысудың және білім жолындағы алғашқы сәттердің символына айналды.

Мектеп табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршін үшін бұл күн ерекше есте қалары сөзсіз. Себебі дәл осы күннен бастап олар әріп танып, кітап оқып, ғылым мен білімнің алғашқы негіздерін меңгере бастайды. Мектеп – тек білім алатын орын ғана емес, баланың тұлға ретінде қалыптасатын, достық пен жауапкершілікке үйренетін маңызды орта.

Алғашқы қоңырау салтанатты шараларында оқушыларға жылы лебіздер айтылып, жаңа оқу жылына сәттілік тілектер арналды. Мерекелік жиындарға қала әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысып, жас өрендерді білім күнімен құттықтады. Сонымен қатар ұстаздар қауымына еңбектеріне табыс, ал ата-аналарға балаларының жетістіктерін көруге қуаныш тіледі.

Проверьте Также

ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫТАУЛЫҚ БРЕНД

17 жылдық тәжірибесі бар креатор-дизайнер, «Graf» баспаханасының негізін қалаушы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Арайлым Есембекова …