Пятница, 30.10.2026

ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫН НЫҒАЙТУ – ЕЛ БОЛАШАҒЫН БЕКЕМДЕУ

Бүгінде отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ата-аналарға қолдау көрсету, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға көмек беру бағытындағы жұмыстардың маңызы артып келеді. Осы ретте отбасы институтын нығайтуға бағытталған арнайы орталықтардың атқаратын рөлі ерекше. Осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Сәтбаев қаласында да «Отбасы институтын қолдау орталығы» жұмыс істейді. Биыл өз қызметін бастаған орталық қысқа уақыт ішінде әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетіп, профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Осыған орай орталықтың негізгі міндеттері, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы «Отбасы институтын қолдау орталығы» КММ директоры Бауыржан Серікбайұлы Бегайдаровпен сұхбаттасқан едік.

– Бауыржан Серікбайұлы, алдымен орталықтың құрылу мақсаты мен қызметі туралы айтып өтсеңіз.

– Сәтбаев қаласындағы «Отбасы институтын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2026 жылғы 26 қаңтарда құрылып, өз қызметін 2 наурыздан бастап жүзеге асырып келеді. Орталықтың негізгі мақсаты – отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек ұйымдастыру, сондай-ақ отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізу.

Бүгінде мекеменің балансына жеке ғимарат бекітілген. Азаматтарды уақытша орналастыруға арналған 8 төсек-орын қарастырылған. Орталықтың штаттық саны – 21, қазіргі таңда нақты 16 қызметкер еңбек етуде. Қазір материалдық-техникалық базамызды одан әрі нығайту жұмыстары жүргізілуде. Халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыру үшін қажетті құрал-жабдықтар мен мүліктер сатып алынуда. Мекеме жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.

– Орталық жұмысын бастағаннан бері қанша отбасы көмек алды? Қандай қызметтер көрсетілді?

– Наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін орталыққа жүгінген 136 отбасыға әртүрлі бағытта көмек көрсетілді. Оның ішінде 59 адам психологиялық консультация алса, 36 азамат заңгерлік кеңес алды. Сонымен қатар, 12 адамға әлеуметтік көмек пен кеңес берілді, 5 азаматты жұмысқа орналастыру бойынша қолдау көрсетілді. Балалардың білім алуы, балабақша кезегі, жалпыға міндетті білім беру және қосымша білім алу мәселелері бойынша да азаматтарға кеңес беріп, қажетті бағыт-бағдар көрсеттік.

Бұдан бөлек, бір отбасына медиатор консультациясы ұйымдастырылды. Психологиялық және мотивациялық бағытта 8 тренинг өткізілді. Демеушілік көмек 5 жағдай бойынша көрсетілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен 4 адам жүгінді. Сондай-ақ бір азаматқа тұрғын үй мәселесі бойынша консультациялық және практикалық көмек берілді. Яғни, біздің міндетіміз – азаматтың мәселесін тыңдап қана қою емес, мүмкіндігінше оның шешілу жолын бірге қарастыру.

– Отбасы мәселелерінің алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Профилактика – біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Қаладағы мектептер мен колледждерде оқушылар, ата-аналар және тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру мақсатында 20 кездесу мен профилактикалық әңгімелесу өткізілді. Бұл кездесулер 13 мектепті, 3 колледжді және №4 учаскелік полиция бөлімшесінің тұрғындарын қамтыды. Жалпы 993 адам қатысты. Кездесулер барысында отбасы құндылықтарын сақтау, ата-аналық жауапкершілікті арттыру, балалардың қауіпсіздігі, құқықтық сауаттылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге 8 психологиялық және мотивациялық тренинг ұйымдастырылып, оған 180 адам қатысты.

– Уақытша орналастыру орны туралы айтып өтсеңіз. Қандай отбасыларға көмек көрсетіледі?

– Орталық жанындағы уақытша тұру орны қиын жағдайға тап болған азаматтарға белгілі бір кезеңде қауіпсіз баспана ұсынуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытқа дейін мұнда 8 отбасы, жалпы 22 адам орналастырылды. Оның ішінде 5 отбасы тұрғын үйлерінің апатты жағдайда болуына және құлап кету қаупіне байланысты уақытша орналастырылды. Қалған отбасылар қиын өмірлік жағдайға тап болуына байланысты уақытша тұру орнымен қамтамасыз етілді. Бұл жерде біз үшін ең бастысы – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды қиын жағдайдан шығудың тиімді жолдарына бағыттау.

– Қазіргі қоғамда азаматтардың қаржылық сауаттылығы мен қарыз мәселесі де өзекті. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Иә, бұл бағыт та назардан тыс қалған жоқ. Орталық «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында тиісті жұмыстар жүргізуде. Жоба шеңберінде берілген тізімдер бойынша азаматтармен телефон арқылы байланысып, ақпараттандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда 2 700 азаматпен байланыс орнатылды. Олардың ішінде 259 азамат заңгерлік көмек алу үшін тиісті мамандарға жолданды. Мұндай жұмыстардың мақсаты – азаматтарға өз құқықтарын түсіндіру, қарыздық міндеттемелерге қатысты мәселелер бойынша дұрыс бағыт көрсету және қажет болған жағдайда кәсіби көмекке жүгінуіне ықпал ету.

– Ал қиын жағдайдағы отбасылармен жұмыс қалай жүргізіледі?

– Мұндай отбасыларды анықтау және оларға дер кезінде көмек көрсету үшін мобильді топтардың жұмысы ұйымдастырылған. Есепті кезеңде мобильді топтардың 23 рейді өткізілді. Рейдтер барысында 82 отбасымен профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар полиция бөлімшесінде орналасқан профилактикалық кабинетте үш күн бойы азаматтарға консультациялық көмек көрсетіліп, жалпы 21 адам қабылданды. Бұл жұмыстардың барлығы мәселені ушықтырмай, оның алдын алуға бағытталған. Кей жағдайда отбасыға бір ғана кеңес немесе дұрыс ақпараттың өзі үлкен мәселенің алдын алуға мүмкіндік береді.

– Орталыққа тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен жүгінетін азаматтар бар ма?

– Иә, мұндай жағдайлар кездеседі. Есепті кезеңде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша 4 адамға көмек көрсетілді. Бұл бағытта ең маңыздысы – азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның құқықтарын түсіндіру және қажетті мамандардың көмегіне бағыттау. Мұндай мәселелерде әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қызметтердің өзара байланыста жұмыс істеуі аса маңызды.

– Қазір әлеуметтік қызмет көрсету саласында цифрландыру да маңызды. Бұл бағытта қандай өзгерістер бар?

– Қазіргі уақытта орталыққа FSM Social ақпараттық базасы қосылды. Қызмет алуға жүгінген азаматтардың барлығын аталған жүйеге тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жүйе азаматтардың өтініштерін жүйелі түрде есепке алуға, көрсетілген әлеуметтік қызметтердің нәтижелілігін бақылауға және жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни, әрбір өтініш пен көрсетілген қызметті жүйелі түрде бақылауда ұстауға жағдай жасалады.

– Орталықтың алдағы жоспарлары қандай?

– Алдағы кезеңде басты міндеттеріміздің бірі – материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайту және көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру. Сонымен қатар, отбасыларды қолдау бағытындағы профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен және басқа да тиісті мекемелермен өзара іс-қимылды күшейту де маңызды. Біздің мақсатымыз – азамат мәселенің шешімін іздеп келген кезде оны бір мекемеден екіншісіне жүгіртпей, мүмкіндігінше қажетті көмекті бір жерден алып, нақты нәтижеге қол жеткізуіне жағдай жасау.

– Орталықтың қызметі туралы тұрғындар қаншалықты хабардар?

– Ақпараттық жариялылыққа да көңіл бөліп отырмыз. Орталықтың қызметі мен атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа кеңінен таныстыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жүргізілуде. Біздің ойымызша, тұрғындар орталықтың қандай көмек көрсете алатынын неғұрлым жақсы білсе, қажетті жағдайда соғұрлым дер кезінде жүгінеді. Қиындыққа тап болған жағдайда мәселені іште сақтап, жалғыз шешуге тырысудың қажеті жоқ. Уақытында көмек сұрау – әлсіздік емес, керісінше мәселені ушықтырмай шешудің дұрыс жолы. «Отбасы институтын қолдау орталығы» осы мақсатта жұмыс істейді. Бізге жүгінген әр азаматтың мәселесіне бейжай қарамай, қолымыздан келгенше бағыт-бағдар беріп, тиісті көмек көрсетуге тырысамыз. Өйткені әрбір сақталған отбасы, әрбір алдын алынған қиындық – қоғамның тұрақтылығына қосылған үлес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Марал Шахаева.

Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫТАУЛЫҚ БРЕНД

17 жылдық тәжірибесі бар креатор-дизайнер, «Graf» баспаханасының негізін қалаушы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Арайлым Есембекова …