Дүйсенбі күні Сәтбаев қаласының мемлекеттік архивінде «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жобасы аясында «Тарихты тұлғалар жасайды» тақырыбында ашық есік күні өтті. Танымдық шараға Сәтбаев қаласындағы №7 жалпы білім беретін мектеп пен Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінің 8-10 сынып оқушылары қатысып, архивтің тыныс-тіршілігімен, құнды құжаттарымен және архив саласының маңызымен жақынырақ танысты.
Сәтбаев қаласының мемлекеттік архивінің тарихы да шаһардың қалыптасу және даму кезеңдерімен тығыз байланысты. Жезқазған облыстық халық депутаттары Кеңесі атқару комитетінің 1990 жылғы 13 желтоқсандағы №111/13 шешімі негізінде Сәтбаев қалалық халық депутаттары Кеңесінің атқару комитеті жанындағы жеке құрам бойынша шаруашылық есеп мұрағаты құрылып, 1992 жылдан бастап қалалық архив болып қайта ұйымдастырылған. Содан бері архив қаланың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өміріне қатысты маңызды құжаттарды жинақтап, сақтап, келер ұрпаққа жеткізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Қазіргі таңда Сәтбаев қаласының мемлекеттік архивінде 78 541 құжат сақталып, жалпы 190 қор жинақталған. Оның ішінде 8 қор жеке тектік құжаттарға жатады. Бұл қорларда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматтары, кеншілер, білім саласының үздіктері, мәдениет қайраткерлері, жазушы-журналистер және басқа да ел мен өлке тарихында өзіндік із қалдырған азаматтардың жеке құжаттары бар.
Ашық есік күнін архив бөлімінің басшысы Айгүл Байжұманова ашып, оқушыларға мекеменің негізгі қызмет бағыттары туралы жан-жақты мағлұмат берді. Ол архив жұмысының сырт көзге көріне бермейтін қырларына тоқталып, мұнда сақталатын әрбір құжаттың тарихи маңызы бар екенін атап өтті. Іс-шара барысында оқушылар архив мамандарының күнделікті атқаратын жұмысына қанығып, құжаттарды қабылдау, есепке алу, сақтау, цифрландыру және азаматтарға архивтік анықтамалар ұсыну тәртібі жөнінде түсінік алды.
Алғашқы болып сөз алған архивист Гүлден Байконова жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін тәжірибе жүзінде түсіндірді. Ол архивтен қажетті құжаттар мен мәліметтерді алу жолдарын көрсетіп, заманауи технологиялардың архив қызметін жеңілдетудегі рөліне тоқталды. Бұл оқушыларға архив жұмысының тек тарихи құжаттарды сақтаумен шектелмейтінін, оның бүгінгі қоғам үшін де маңызды мемлекеттік қызмет түрлерінің бірі екенін түсінуге мүмкіндік берді.
Архивист Жайна Шәріпхан «Жеке текті құжаттар қатарында – өлке дамуына үлес қосқан тұлғалар» тақырыбындағы құжаттар көрмесін таныстырды. Жеке текті құжаттар – белгілі бір адамның жеке өмірі, қоғамдық қызметі, шығармашылық немесе кәсіби жолы барысында қалыптасқан тарихи деректер. Архивте аса көрнекті қайраткерлердің, өлке дамуына үлес қосқан азаматтардың, ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым, бұқаралық ақпарат құралдары мен спорт саласы өкілдерінің, Кеңес Одағының Батырлары мен Даңқ орденінің иегерлерінің жеке құжаттары сақталған. Сонымен қатар қала тарихында өзіндік із қалдырған ардагерлердің, еңбек адамдарының және қоғам белсенділерінің құжаттары да кейінгі ұрпақ үшін маңызды мұра болып табылады. Осындай жеке қорлар арқылы оқушылар тарихи оқиғаларды жалпы деректерден ғана емес, нақты адамдардың тағдыры мен еңбек жолы арқылы да танып-біледі.
Шара барысында архивист Салтанат Құдабаева құжаттарды сандық форматқа көшіру, яғни цифрландыру жұмыстары туралы айтып, «Е-архив» ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктерін таныстырды. Бүгінде цифрландыру архив саласының ажырамас бөлігіне айналып отыр. Қағаз құжаттарды электронды форматқа көшіру олардың сақталу мерзімін ұзартуға, ақпаратқа қолжетімділікті арттыруға және архивтік мәліметтерді пайдалануды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Оқушылар үшін ерекше қызығушылық тудырған сәттердің бірі – архив қоймасына жасалған экскурсия болды. Қойма меңгерушісі Ұлпан Тастанбаева архив қорында сақталған құнды құжаттарды көрсетіп, оларды сақтау талаптарымен таныстырды.
– Архив қоймасы – тарихи, ғылыми, әлеуметтік және экономикалық маңызы бар құжаттарды қауіпсіз сақтауға, жүйелеуге және қорғауға арналған арнайы жабдықталған орын. Құжаттардың ұзақ уақыт бойы сақталуы үшін бөлмедегі температура мен ауа ылғалдылығы қалыпты деңгейде болуы қажет. Осы көрсеткіштерді тұрақты бақылап отыру үшін термогигрометр деп аталатын арнайы құрылғы қолданылады, – деді қойма меңгерушісі Ұлпан Тастанбаева.
Ашық есік күні барысында оқушылар архив қызметінің қыр-сырымен танысып қана қоймай, туған өлке тарихына қатысты құжаттарды өз көздерімен көріп, тарихи деректің қадірін түсінді. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың өткенге деген қызығушылығын арттырып, туған жерге деген құрметін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Архив ісін дамыту, тарихи құжаттарды заман талабына сай сақтау және оларды цифрландыру – өткенді ұлықтап, бүгін мен болашақты байланыстыратын маңызды міндет. Себебі архив – қаланың, өлкенің, тұтас елдің тарихи жады. Бүгінгі күннің әрбір маңызды құжаты ертеңгі ұрпақ үшін тарихқа айналады. Сондықтан тарихи мұраны көздің қарашығындай сақтау, оны зерттеп, жас ұрпаққа жеткізу – баршаға ортақ жауапкершілік әрі болашаққа аманат.
Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.
Шарайна


