Кейде бір газет туралы сөз қозғағанда, сол басылымның тарихын ғана емес, оның артында тұрған адамдардың тағдырын да еске түсіресің. Өйткені газет – қағазға басылған әріптерден құралған дүние емес. Оның ар жағында журналистің жүрегі, редактордың талғамы, ұжымның еңбегі, оқырманның сенімі бар. Ал кейбір адамдардың тағдыры газет тарихымен біте қайнасып жатады. Абдолла Дастан – сондай қалам иелерінің бірі.
Биыл «Аймақ ақшамы» газетінің ақпарат айдынына шыққанына он жыл толып отыр. Осы мерейтойлы белеске көз салғанда, оның бас редакторы, құрылтайшысы әрі иесі Абдолла Дастанның журналистикадағы ұзақ жолы еріксіз еске түседі. Өйткені Әбекеңнің бұл жолы бізге жақсы таныс. Ол – «Шарайна» газетінің алғашқы редакторы.
1990 жылдардың басы. Ел өмірінде үлкен өзгерістер болып жатқан кез. Қоғамдық сана жаңарып, ақпаратқа деген сұраныс артқан уақыт. Кеңестік кезеңнің қалыптасқан ақпарат кеңістігі өзгеріп, жаңа бағыттағы басылымдарға жол ашыла бастаған шақ. Осындай алмағайып кезеңде Сәтбаев қаласында партияның емес, атқару Кеңестің тұңғыш органы – «Шарайна» газеті өмірге келді. Ол кезде газеттің аты – «Сарыарқа» деп аталатын. Дәл осы тұста Жезқазған облыстық партия комитетінің органы – «Жезқазған туы» газеті де «Сарыақа» деп жаңаша аталатын болды. Партияның ықпалы әлі жүріп тұрған кезеңде қалалық газет «Шарайна» болып өзгерді. Бұл атауды қойған осы Әбекең – Абдолла Дастан еді.
Жаңа газет ашу бір бөлек те, оны қалыптастыру – бір бөлек. Редакцияның жұмыс жүйесін құру, журналистерді топтастыру, басылымның бағытын айқындау, оқырманға жол табу – мұның бәрі алғашқы редактордың мойнындағы жауапкершілік болатын. Әбекең сол кезеңде «Шарайнаға» өз қолтаңбасын қалдырды. Газеттің қалыптасуына, дамуына, оқырманға танылуына елеулі үлес қосты. Ол кездегі журналистика бүгінгідей дайын ақпараттың ортасында отырған журналистика емес еді. Ақпаратты өзің іздейсің. Кейіпкерді өзің табасың. Оқиғаның ортасына өзің барасың. Материалды жазасың, қайта қарайсың, қысқартасың, тақырыбын қоясың. Газеттің әр саны редакция үшін үлкен еңбек болатын. Сол еңбектің бел ортасында Әбекең жүрді. «Шарайна» үшін ол жылдар – қалыптасу кезеңі болса, журналистер үшін үлкен мектеп болды.
Біздің кейінгі жолымыз да осы қара шаңырақпен сабақтас. Әбекең екеуміз «Шарайнада», кейін «Сарыарқа», «Мысты өңір» басылымдарында бірге қызмет атқардық. Бір редакцияның табалдырығын бірге аттадық. Бір газеттің нөмірін бірге күттік. Бір материалдың тағдырын бірге талқыладық. Журналистиканың қызығы мен қиындығын қатар көрдік.
Сол жылдардан Әбекеңнің бір қасиеті анық байқалатын. Ол газетке жай жұмыс орны ретінде қарамайтын. Газеттің қоғамдағы орнын жақсы түсінетін. Ақпарат берумен бірге оқырманның ойына қозғау салу, елдің мәселесін айту, жақсыны насихаттау, жұртты ағарту – баспасөздің міндеті деп білді. Бұл ұстаным оның кейінгі журналистік жолынан да көрінді.
Жылдар жылжып жатты. «Шарайна» өз жолын жалғастырды. «Сарыарқа», «Мысты өңір» сияқты басылымдар өз жолдарын таңдады. Ақпарат кеңістігі де өзгерді. Ал Әбекең журналистикадан алыстаған жоқ. Керісінше, бір күні өз алдына жекеменшік газет ашуға бел буды. Бұл жолы оның алдында бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік тұрды. Өйткені жекеменшік газет – тек редактордың шығармашылық еңбегі емес. Оның бүкіл тағдыры құрылтайшының мойнында. Сөйтіп, «Вечерный Сатпаев» және «Аймақ ақшамы» газеттері дүниеге келді. Оқырман арасында «Вечерка» аталып кеткен «Вечерный Сатпаев» өз кезеңінде Сәтбаевтың тыныс-тіршілігін, елдің жаңалығын жеткізіп отырды. Әбекең газет арқылы ақпарат беріп қана қоймай, баспасөздің ағартушылық мүмкіндігін пайдалануға тырысты.
Газет – халықпен сөйлесудің бір жолы. Осы ұстаным оның шығармашылық жолында үзілген жоқ. Кейін Әбекең қазақ тіліндегі басылымға ден қойды. Осылайша «Аймақ ақшамы» ақпарат кеңістігіне келді.
Он жыл… Адам өмірінде он жыл – елеулі кезең. Ал газет үшін он жыл – сансыз мақаланың, мыңдаған жаңалықтың, талай тағдырдың, талай оқиғаның тарихы. Осы уақыт ішінде «Аймақ ақшамы» Ұлытау өңірінің тыныс-тіршілігін оқырманға жеткізіп келеді. Елдің жаңалығы. Ауылдың ахуалы.Қаланың тынысы. Еңбек адамы. Өңірдің мәселесі. Қоғамның ойы. Бәрі де газет бетінде көрініс тапты. Баспасөздің міндеті де осы емес пе?! Өз дәуіріңнің үнін есту және оны қағазға түсіру.
Бүгінгі ақпарат ертең тарихқа айналады. Ал сол тарихтың бір парағын журналист жазады. Сондықтан өңірлік газеттің жауапкершілігі үлкен. Республикалық басылым елдің үлкен мәселесін жазса, жергілікті газет сол үлкен тарихтың адам тағдырындағы, ауыл өміріндегі, өңір тіршілігіндегі көрінісін көрсетеді. «Аймақ ақшамы» осы міндетті өз деңгейінде атқарып келеді.
Қазір ақпараттың заманы басқа. Газетке дейін жаңалық әлеуметтік желіге тарап кетеді. Ақпараттың жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бірақ жылдам ақпарат пен сапалы ақпараттың арасы әрдайым бір емес. Сондықтан газетке деген қажеттілік жойылған жоқ. Керісінше, баспасөздің ендігі міндеті күрделене түсті. Газет тек жаңалықты хабарлап қоймай, оның мәнін ашуы керек. Оқырманға ой салуы керек. Ақпаратты саралауы керек. Қоғамдағы маңызды мәселені көтеруі керек. Ал ең бастысы – сөзіне жауап бере алуы тиіс. Әбекеңнің журналистік жолындағы осы қағида «Шарайнадан» басталып, «Вечерный Сатпаев» арқылы жалғасып, бүгінде «Аймақ ақшамынан» көрініс тауып отыр. Бір қарағанда, бұл – үш түрлі газет. Ал тереңірек үңілсеңіз, үшеуін жалғап тұрған бір ғана дүние бар. Ол – баспасөзге деген сенім.
Әбекеңнің журналистикадағы жолына сырттай қарағанда, бір адамның бірнеше басылымның тағдырына араласқанын көреміз. Ал ішкі мәніне үңілсек, бұл – бір журналистің өз кәсібіне адалдығының тарихы. Алғашқы редактор. Кейін әріптес. Одан соң өз алдына газет ашқан редактор-құрылтайшы. Бір емес, екі жекеменшік басылымның негізін қалаған баспагер. Бұл жолдың әр кезеңінде өзіндік із бар. Біріншісі – «Шарайна». Екіншісі – «Вечерный Сатпаев». Үшіншісі – «Аймақ ақшамы». Осы үш атаудың арасынан Әбекеңнің журналистік тағдырын көруге болады. «Шарайна» – қалыптасу мектебі болса, «Вечерный Сатпаев» – дербес қадамның бастауы, «Аймақ ақшамы» – сол ізденістің кемелденген жалғасы.
Біз кейде газет тарихын жылдармен есептейміз. Бірақ оның шынайы тарихы – адамдармен өлшенеді. Газетті өмірге әкелгендермен. Оның алғашқы нөмірін шығарғандармен. Оқырманға жеткізгендермен. Сол басылымның тағдырын өз тағдырына балаған редакторлармен. Сондықтан «Аймақ ақшамының» он жылдығы – Абдолла Дастан үшін де, оны әріптес ретінде білетін біз үшін де ерекше белес. Өйткені бұл – бір газетке ғана емес, журналистикаға арнаған ұзақ жолдың тағы бір межесі.
Бір кездері «Шарайна» газетінің алғашқы редакторы болған Әбекең бүгінде өз алдына екі жекеменшік басылым ашып, ақпарат саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Бұл – кез келген журналистің еншісіне бұйыра бермейтін жол. Әсіресе баспасөздің тағдыры сынға түсіп отырған заманда.
«Шарайнадан» басталған қалам жолы әлі жалғасып келеді. Бәлкім, журналистиканың ең үлкен қасиеті де осында шығар. Газет өзгереді. Атауы өзгереді. Заман өзгереді. Ақпарат тарату тәсілі өзгереді. Бірақ елге қызмет ететін сөздің қадірі өзгермейді. Әбекеңнің журналистік жолы да осы сөзге деген сеніммен өріліп келеді. Сондықтан «Аймақ ақшамының» он жылдығына қарап тұрып, біз бір ғана басылымның мерейтойын емес, қаламдас жолының жалғасын көргендей боламыз. «Шарайна» үшін бұл – өз қарашаңырағынан түлеп ұшқан әріптестің мерейі. Ал өңірлік журналистика үшін – баспасөзге адалдықтың тағы бір мысалы.
Он жылдықтарыңыз құтты болсын, «Аймақ ақшамы»! Алда да Ұлытаудың сөзін сөйлеп, елдің еңсесін көтерген жақсы істерді жазып, қоғамның көкейіндегі мәселелерді көтеріп, оқырманмен бірге жасай беріңіздер. Қаламдарыңыздың ізі уақытпен бірге өшпесін. Ал «Шарайнадан» басталған сол қаламдастықтың жолы жаңа буын журналистерге де жұғысты болсын. Он жылдық белес – жаңа онжылдықтың бастауы болғай!
Ізтай Белгібайұлы.
Шарайна

