Сәрсенбі күні «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Б. Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада ұлт көсемі, Алаш қозғалысының көрнекті жетекшісі Әлихан Бөкейхановтың туғанына 160 жыл толуына орай «Алаштың арда азаматы» атты тағылымды кездесу өтті. Тарихи тұлғаның өмір жолы мен ұлт азаттығы жолындағы күресін кеңінен танытуға, оның мол мұрасын жас ұрпаққа насихаттауға бағытталған шараға алаштанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары қатысты.
Кездесудің арнайы қонақтары қатарында Әлихан Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу институтының директоры, журналист, алаштанушы ғалым, «Оян, қазақ!» телехикаясының сценарисі Ұшқын Сәйдірахман және сыншы, алаштанушы ғалым, PhD докторанты, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері Заңғар Кәрімхан болды.
Тағылымды басқосуда Әлихан Бөкейхановтың сан қырлы тұлғасы, ел тарихындағы орны, қоғамдық-саяси қызметі мен ғылыми-публицистикалық мұрасы кеңінен сөз болды. Қазақ халқының тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттілігін қалыптастыру жолында аянбай еңбек еткен қайраткердің өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін отаншылдықтың, білімге құштарлықтың және азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі екені атап өтілді.
Заңғар Кәрімхан өз дәрісінде Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен қызметіне, ғылыми ізденістері мен публицистикалық еңбектеріне, саяси көзқарасы мен ұстанымдарына жан-жақты тоқталды. Ол Алаш қайраткерінің қазақ қоғамының саяси санасын оятуға, ұлттық мүддені қорғауға және елдің болашағын білім мен ғылым арқылы өркендетуге қосқан үлесі туралы тың деректермен бөлісті. Әлихан Бөкейхановтың қызметін тек саяси күреспен шектеуге болмайтынын, оның экономика, тарих, этнография, әдебиет және баспасөз салаларында да елеулі із қалдырғанын атап өту маңызды.
Ұлт қайраткерінің дүниетанымы мен қоғамдық қызметі қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы тарихи тағдырымен тығыз байланысты. Ол елдің дербес дамуын, жер тұтастығын, ұлттық білім беру ісін және халықтың өркениетті елдер қатарына қосылуын көздеді. Алаш қозғалысының жетекшісі ретінде замандастарымен бірге халықтың саяси құқығын қорғап, ұлттық автономия құру идеясын жүзеге асыруға күш салды. Оның «ұлтқа қызмет ету» мұраты бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін де маңызын жоғалтқан жоқ.
Ұшқын Сәйдірахман да алаштану бағытындағы зерттеулер мен тарихи тұлғаларды көпшілікке танытудың маңызына назар аударды. Әсіресе тарихи деректерді терең зерделеп, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен күресін кейінгі буынға шынайы жеткізу – ұлттық тарихи сананы қалыптастырудың маңызды жолдарының бірі. Бұл тұрғыдан алғанда, ғылыми зерттеулер мен деректі еңбектердің, әдеби шығармалар мен экрандық туындылардың қоғамға берер тағылымы мол.
Кездесу барысында жиналған қауым қонақтарға көкейдегі сұрақтарын қойып, Әлихан Бөкейхановтың өміріне, Алаш қозғалысының мақсат-мұратына, қайраткердің ғылыми мұрасына қатысты мәселелерді талқылады. Еркін пікір алмасу форматында өткен жүздесу қатысушыларға тарихи тақырыпты тереңірек түсініп, ұлт зиялыларының ел болашағы үшін атқарған қызметіне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.
Шара соңында «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік орталығының директоры Мадинат Игенберлина арнайы келген қонақтарға алғысын білдіріп, олардың мазмұнды баяндамалары мен тағылымды ойларының маңызын атап өтті. Сондай-ақ осындай кездесулердің ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, тарихи жадыны жаңғыртуға және жас ұрпақтың ел тарихына деген қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.
Әлихан Бөкейхановтың есімі – қазақ тарихындағы азаттық идеясымен, елдік мұратпен және ұлт болашағына деген жауапкершілікпен астасқан ұлы есім. Оның өмірі мен қызметін тану – өткенді еске алумен ғана шектелмей, бүгінгі тәуелсіздіктің қадірін түсінуге, ел мүддесін бәрінен биік қоюға үндейді. «Алаштың арда азаматы» атты кездесу де осы асыл мұраттарды дәріптеп, ұлт тарихындағы ұлы тұлғаның өнегесін ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған мәні зор рухани шара болды.
Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.
Шарайна



