Пятница, 30.10.2026

ДӘСТҮР МЕН САПАНЫ ҰШТАСТЫРҒАН КӘСІП

Ұлытау облысында өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін көрсеткен маңызды алаңға айналды. Солардың қатарында Сәтбаев қаласының кәсіпкерлері де өз өнімдерін ұсынып, отандық өндірістің дамуына үлес қосты. Көрмеге қатысқан жас кәсіп иелерінің бірі – Мәдина Дәркенова.

Кәсіпкермен әңгіме барысында оның ісін қалай бастап, қандай бағытта дамытып отырғаны және алдағы жоспарлары туралы кеңінен мәлімет алдық. Бүгінде ол ет өнімдерін өңдеу және табиғи ыстау технологиясына негізделген шағын өндіріс цехын қалыптастырып отыр.

Мәдина Дәркенованың айтуынша, кәсіпкерлік жолы 2025 жылы басталған. Ал 2026 жылдың қаңтар айында шұжық және ысталған ет өнімдерін шығаратын жеке цех іске қосылған.

– Бастапқыда үй жағдайында балаларымызға табиғи әрі сапалы өнім дайындаудан бастадық. Кейін сұраныс артып, бұл істі кәсіби деңгейге шығаруға шешім қабылдадық, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде цехта ысталған қазы, жая, қой құйрығы, әртүрлі ет өнімдері мен шұжық түрлері дайындалады. Өнімдер тұтынушы талғамына сай табиғи әдіспен өңделіп, сапаға ерекше мән беріледі.

Кәсіпорынның басты ерекшелігі – дәстүрлі табиғи ыстау технологиясын қолдануында. Өнімдер арнайы камераларда табиғи ағаш жаңқаларының түтінімен ысталады. Өнімнің түрі мен сақтау жағдайына байланысты орташа сақтау мерзімі 20–30 күнді құрайды. Ал вакуумдық қаптама қолданылған жағдайда өнімнің жарамдылық мерзімі ұзағырақ болады.

Кәсіпкер табиғи ет өнімдерінің адам ағзасына пайдалы екенін де атап өтті. Оның айтуынша, мұндай өнімдер ақуызға, дәрумендер мен минералдарға бай болғанымен, кез келген ысталған тағамды мөлшермен тұтыну қажет.

Қазіргі таңда өндіріс жергілікті нарыққа бағытталған. Өнімдер жеке тапсырыстар, әлеуметтік желілер арқылы және жергілікті тұрғындарға тікелей сатылады. Сонымен қатар, кәсіпкер көрмелер мен жәрмеңкелерге тұрақты түрде қатысып келеді. Әсіресе мереке күндері, той-думандар мен сыйлықтық жиынтықтарға деген сұраныс жоғары. Бұл кәсіптің нарықта өз орнын тауып келе жатқанын көрсетеді.

Өнімге қажетті шикізат жергілікті сенімді шаруашылықтар мен жеткізушілерден сатып алынады. Алдағы уақытта кәсіпкер өз шаруашылығын дамыту арқылы толық циклді өндіріс құруды жоспарлап отыр. Сапа мен қауіпсіздік – өндірістегі басты қағида. Әрбір өнім тұтынушыға жеткенге дейін қатаң бақылаудан өтеді.

Бүгінде цех жұмысына кәсіпкердің отбасы мүшелері де атсалысып отыр. Бұл – шағын бизнестің отбасылық модельде дамуының айқын көрінісі. Кәсіпкердің айтуынша, өндіріс кеңейген жағдайда жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Бұл өңірдегі жұмыспен қамтуға да оң әсерін тигізеді.

Мәдина Дәркенованың алдағы жоспарлары ауқымды. Олардың қатарында өндіріс көлемін ұлғайту, өнім ассортиментін кеңейту, заманауи жабдықтар сатып алу, Қазақстанның өзге өңірлеріне шығу, тұрақты жұмыс орындарын ашу сында ауқымды бағыттар бар. Бұл жоспарлар іске асса, жергілікті шағын цехтың өңірлік деңгейден республикалық нарыққа шығуына мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, Сәтбаев қаласындағы бұл кәсіп – отбасылық бастамадан басталып, кәсіби өндіріс деңгейіне көтерілген нақты мысал. Табиғи өнімге деген сұраныстың артуы мен сапаға бағытталған жұмыс кәсіпорынның тұрақты дамуына жол ашып отыр.

Мұндай бастамалар өңірлік кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп қана қоймай, жергілікті экономиканың нығаюына және жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал ететіні сөзсіз.

Ізбасар Ойбас.

Проверьте Также

ТӨРТ АДАМНЫҢ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛҒАН ЖЕЗҚАЗҒАНДЫҚ ПОЛИЦЕЙ «ЕРЛІГІ ҮШІН» МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Жезқазған қаласы Полиция басқармасының қызметкері Ахмет Балғабай Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. …