Қарулы Күштердің беделін арттыру, әскери қызметті насихаттау және жастар арасында әскери-патриоттық тәрбие жұмысын жандандыру мақсатында Сәтбаев қаласына Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-насихат тобының жетекшілері келді. Жұмыс сапарымен арнайы келген қонақтарды қала әкімі Мұрат Бөрібаев қарсы алып, кездесу барысында әскери-патриоттық тәрбие беру саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Ақпараттық-насихаттау тобы халық арасында идеологиялық, азаматтық-патриоттық және конституциялық борышқа адалдық рухында, идеялық-адамгершілік тәрбиені насихаттау, әскери қызметті дәріптеу мен оның имиджін одан әрі арттыру мақсатында құрылды. Сәтбаев қаласына келген ақпараттық-насихат тобының құрамында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің аға офицері Дәулет Бейсеков, ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаментінің аға офицері Серік Қуатбаев, «Жас сарбаз» РӘПҚ аппарат басшысы Нұрқуаныш Қаз және орынбасары Сержан Джандыбаев болды.
Жиын барысында қонақтар әскери қызметтің абыройлы ғана емес, тұлғалық және кәсіби шыңдалуға да пайдалы екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, әскери білім беру жүйесінің құрылымы, оқуға қабылдау талаптары мен кезеңдері, сондай-ақ әскери кадрларды даярлаудың негізгі бағыттары жан-жақты түсіндірілді.
Іс-сапар барысында ақпараттық-насихат тобының мүшелері Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында болып, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шараларды тамашалады. Атап айтсақ, «Жас сарбаз» вальсі, АК-74 автоматын шапшаң жинау-бөлшектеу өнері, «Батырлар сабақтастығы» музей таныстырылымы, ақылды машиналар жобасы, заманауи алғашқы әскери дайындық сабағы және «Жас сарбаз – мектеп мақтанышы» атты сахналық қойылымы. Сонымен қатар, 10-11 сынып оқушыларымен кәсіби бағдар беру бойынша кездесу өткізіп, әскери қызметтің маңызы мен патриоттық тәрбие жайлы кеңінен түсіндірді. Іс-шараға қатысушылар Қорғаныс министрлігі офицерлеріне берген маңызды ақпараттары мен қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптары үшін алғыстарын білдірді. Көптеген жастар әскери қызмет саласында білімдерін шыңдауға ниет білдіріп, әскери оқу орындарына түсу мүмкіндіктерін қарастырды.
Қорғаныс министрлігінің өкілдері әскердегі жастарға берілетін мүмкіндіктер туралы ақпарат беріп қана қоймай, жастар мен әскерилер арасындағы сенімді нығайтуға зор септігін тигізді. Мұндай кездесулер жастардың патриоттық санасын қалыптастыру және әскери қызметке деген қызығушылығын арттырудағы маңызды қадамдардың бірі екені сөзсіз.
