Еңбек күніне орай балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жас ұрпаққа еңбектің адам өміріндегі маңызын түсіндіру, мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру және еңбек адамын құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында «Жұмыста өзіңді тап» атты диалог алаңы ұйымдастырылды. Еркін пікір алмасу форматында өткен тағылымды кездесуге Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің оқушылары мен ұстаздары қатысты.
Кездесудің басты мақсаты жастарға еңбектің тек күнкөріс көзі ғана емес, адамның тұлғалық қалыптасуына, өз қабілетін танып, қоғамнан өз орнын табуына ықпал ететін маңызды құндылық екенін түсіндіру болды.
Диалог алаңының арнайы қонағы ретінде «Жыланды» руднигі Сары-Оба жерасты шахтасында электрослесарь болып еңбек етіп жүрген, «Еңбек озаты» төсбелгісінің және Құрмет грамотасының иегері Жұманов Ерлан Өмірзақұлы шақырылды. Еңбек жолында мол тәжірибе жинақтаған маман оқушылармен ашық әңгімелесіп, өз кәсібінің қыр-сыры мен еңбек жолындағы маңызды кезеңдері жайында ой бөлісті.
Кездесуде оқушылар Ерлан Өмірзақұлына мамандық таңдауға не себеп болғанын, еңбек жолының қалай басталғанын, алғашқы жұмыс күндері туралы, кәсіби қызметінде кездескен қиындықтарды қалай еңсергенін және өз ісінде қандай жетістіктерді маңызды санайтынын сұрады. Қонақтың өмірлік тәжірибесі арқылы жастар еңбек жолының бір күнде қалыптаспайтынын, кәсіби жетістікке жету үшін біліммен қатар табандылық, жауапкершілік, тәртіп пен үздіксіз ізденіс қажет екенін түсінді.
Әңгіме барысында қазіргі таңда жастар үшін маңызды мәселелердің бірі – мамандықты дұрыс таңдау тақырыбы да кеңінен қозғалды. Жастардың мамандық таңдауда жіберетін қателіктері де назардан тыс қалмады. Кейде жасөспірімдер мамандықты ата-анасының немесе айналасының қалауымен таңдап жатады. Кей жағдайда белгілі бір кәсіптің сыртқы беделіне қызығып, оның күнделікті жұмыс барысын, жауапкершілігін және өз қабілетіне қаншалықты сәйкес келетінін ескермейді. Сондықтан мамандық таңдауда асықпай, түрлі кәсіптер туралы ақпарат жинап, сол саланың мамандарымен пікірлесіп, өз мүмкіндігін саралаған дұрыс.
Халқымызда «Еңбек түбі – береке» деген қанатты сөз бар. Шын мәнінде, кез келген жетістіктің артында табандылық, маңдай тер, жауапкершілік және тынымсыз еңбек тұрады.
Кездесуді қорытындылай келе, Ерлан Өмірзақұлы жастарға мамандық таңдау, жұмысқа орналасу және өз ісінде жетістікке жету жөнінде өз тәжірибесіне сүйенген пайдалы кеңестерін берді. Ол жастарды ең алдымен өз қабілеті мен қызығушылығын дұрыс бағалауға, жұмысқа жауапкершілікпен қарауға және таңдаған кәсібінің қыр-сырын үйренуден жалықпауға шақырды. Сонымен қатар қандай мамандық иесі болса да, өз ісіне адалдық пен еңбекқорлықты басты орынға қою қажеттігін атап өтті.
Кездесу соңында кітапхана ұжымы Ерлан Өмірзақұлына арнайы уақыт бөліп, өзінің өмірлік және кәсіби тәжірибесімен бөліскені үшін алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыстады.
«Жұмыста өзіңді тап» атты диалог алаңы оқушылар үшін жай ғана кездесу емес, өмірлік бағдар беретін тағылымды әңгімеге айналды. Осындай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың еңбекке деген құрметін арттырып, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға ықпал ететіні сөзсіз.
Марал Шахаева.
Шарайна



