Пятница, 30.10.2026

70 ТҮП ТЕРЕК ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Сәтбаев қаласы Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day және республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қосылды. Осыған орай қаладағы «Оқушылар алаңы» аумағында көшет отырғызу шарасы ұйымдастырылды.

Экологиялық бастамаға қала әкімі Кеңгірбай Смағұлов, әкімдік өкілдері, қаланың ақсақалдары, этно-мәдени орталықтар өкілдері, волонтерлер, мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Бірігіп атқарылған шара барысында аумаққа 70 түп терек көшеті отырғызылды.

Көгалдандыру жұмысына қала жастары мен аға буын өкілдерінің қатар қатысуы шараның тәрбиелік мәнін де арттырды. Жастар табиғатты қорғау мен қаланы абаттандыру ісіне өз үлесін қосса, ақсақалдар кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетті.

Шара барысында қаланың ақсақалдары облыстық прокуратура бастамасымен қолға алынған өрік егу челленджін де жалғастырды. Олар «Оқушылар алаңы» аумағына өрік дәнін отырғызып, экологиялық эстафетаны жаңа деңгейде жалғастыруға өз үлестерін қосты. Ақсақалдар аталған челленджді Ұлытау облыстық ардагерлер кеңесіне жолдады. Бұл бастама аға буын өкілдерін ортақ экологиялық іске жұмылдырып, өңірде көгалдандыру мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Жалпы, Дүниежүзілік тазалық күні аясындағы шара тек аумақты көгалдандырумен шектелмей, тұрғындарды табиғатты аялауға, туған қалаға жанашырлықпен қарауға үндеді. «Таза Қазақстан» акциясының негізгі мәні де осында – тазалықты бір күндік науқан емес, күнделікті өмір салтына айналдыру. Ал бүгін отырғызылған әрбір көшет – қаланың болашағына жасалған инвестиция. Өйткені бүгін егілген талдың саясы ертеңгі ұрпаққа тиеді.

Досан Дулығалы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …