Сәтбаев қаласында цифрлық спортты дамыту бағытында маңызды қадам жасалды. Qazaq Cybersport Federation, Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласының әкімдігі және Ұлытау киберспорт және фиджитал федерациясы арасында киберспорт пен фиджитал спортты дамыту жөніндегі үшжақты меморандумға қол қойылды.
Аталған құжат өңірдегі жастар саясатын жетілдіруге, цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге және халықаралық деңгейде қарқынды дамып келе жатқан киберспорт пен фиджитал спорттың инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған. Меморандум аясында тараптар Сәтбаев қаласы мен Ұлытау облысында түрлі турнирлер ұйымдастыру, білім беру жобаларын іске асыру, жастар бастамаларын қолдау және жаңа буын спортшыларын даярлау бойынша бірлескен жұмыстар жүргізуге уағдаласты.
Бүгінде киберспорт әлемдік спорт индустриясының маңызды бөлігіне айналып отыр. Миллиондаған көрерменді біріктіретін халықаралық жарыстар, кәсіби командалар мен жоғары технологиялық платформалар бұл саланың болашағы зор екенін көрсетуде. Қазақстан да осы үрдістен шет қалмай, киберспортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Елімізде түрлі республикалық және халықаралық турнирлер өткізіліп, жас ойыншыларға кәсіби деңгейде дамуға мүмкіндік жасалуда.
Ал фиджитал спорт дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды ұштастыратын жаңа бағыт ретінде танылып келеді. Бұл форматта қатысушылар алдымен виртуалды ортада бақ сынаса, кейін нақты спорт алаңында жарысты жалғастырады. Мұндай тәсіл жастардың технологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың дене белсенділігін де сақтауға мүмкіндік береді.
Үшжақты меморандумның басты мақсаты – өңірде заманауи спорт мәдениетін қалыптастыру және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Құжат аясында киберспорттық және фиджитал жарыстар өткізу, оқу-жаттығу бағдарламаларын ұйымдастыру, мамандар даярлау, талантты жастарды анықтау және оларды республикалық, халықаралық додаларға дайындау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, білім беру бастамалары аясында мектептер мен колледждерде ақпараттық кездесулер өткізу, цифрлық технологиялар мен киберқауіпсіздік бойынша танымдық жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Бұл өз кезегінде жастардың IT саласына қызығушылығын арттырып, болашақ мамандардың қалыптасуына ықпал етеді.
Мамандардың пікірінше, мұндай әріптестік өңірдің инновациялық әлеуетін арттыруға және жаңа мүмкіндіктер ашуға жол береді. Әсіресе жастар арасында сұранысы жоғары киберспорт пен фиджитал спортты дамыту арқылы Ұлытау облысында жаңа таланттар қалыптасып, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда өңір намысын қорғайтын спортшылар шоғыры пайда болуы мүмкін.
Қол қойылған меморандум – тек спорт саласындағы әріптестік қана емес, сонымен қатар жастарды қолдау, цифрлық мәдениетті дамыту және өңірдің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық бастама. Бұл құжат Ұлытау облысы мен Сәтбаев қаласының киберспорттық экожүйесін нығайтып, өңірдің заманауи технологиялар мен инновациялар кеңістігіндегі орнын айқындай түсуге мүмкіндік береді.
Осылайша, тараптардың өзара ынтымақтастығы өңірдегі киберспорт пен фиджитал спорттың жаңа кезеңге қадам басуына негіз қалап, жастарға тың мүмкіндіктер ұсынатын маңызды бастама ретінде бағалануда.
Ізбасар Ойбас.
Шарайна
