Пятница, 30.10.2026

КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ – ЗЕРДЕЛІ ҰРПАҚ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылғы 16 мамырда «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжаттың негізгі мақсаты – қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыру, кітап оқу мәдениетін насихаттау, адами капиталды дамыту және зерделі, шығармашыл әрі бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға жағдай жасау.

Аталған бастаманы жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны басталды. Бұл – кітапты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырып, оқу мәдениетін қалыптастыруды көздейтін ауқымды зияткерлік-ағартушылық жоба. Марафон 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады.

Осы маңызды бастама аясында балалар мен жасөспірімдер кітапханасында №7 мектептің 7 «Ә» сынып оқушыларының қатысуымен тағылымды кездесу өтті. Іс-шара барысында оқушыларға «Кітап оқитын ұлт» жобасының мақсаты мен міндеттері кеңінен түсіндіріліп, марафонның негізгі бағыттары таныстырылды.

Марафонның басты ерекшелігі – қатысушылардың кітапты өз қызығушылығы мен талғамына қарай таңдап оқуында. Әр бағыт бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қор ұсынылған. Оның ішінде қазақ және орыс тілдеріндегі отандық шығармалар, әлем әдебиетінің классикалық туындылары мен заманауи шығармалар бар. Қатысушы осы кітаптар арасынан 15 туындыны оқып, марафонның келесі кезеңдеріне қатысады. Қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары қатарында Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда», Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш», Төлен Әбдіктің «Әке» және басқа да көркем шығармалар қамтылған. Сонымен бірге әлем әдебиетінің классиктері мен заманауи қаламгерлердің таңдаулы еңбектері де оқырман назарына ұсынылады.

Жоба тек кітап оқумен шектелмейді. Оның негізгі мақсаты – оқырманның шығарма мазмұнын түсінуіне, өзіндік пікір қалыптастыруына, сыни және аналитикалық ойлау қабілетін дамытуына ықпал ету. Қатысушылар оқу барысында өз ой-пікірлерін білдіріп, кейін қорытынды тестілеу мен зияткерлік сайыстарға қатысады. Марафонның соңында үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады.

Бүгінде кітапханаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында және отбасыларда кітап оқу дәстүрін қайта жаңғыртуға ерекше мән берілуде. Мұндай жобалар жасөспірімдерді бос уақытын тиімді өткізуге ғана емес, өздігінен ізденуге, ойлануға, пікірін ашық айтуға және білімін үздіксіз толықтыруға баулиды.

Фатима Дүзбаева,
балалар мен жасөспірімдер кітапханасының 
кітап қорын толықтырушы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …