Пятница, 30.10.2026

ОБЛЫС ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Заманауи мал шаруашылығы кешені салынуда

Ұлытау облысында «Orynbai meat» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тарапынан бір мезгілде 1 000 бас ірі қара малды ұстауға арналған заманауи мал шаруашылығы кешенін салу бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 750,0 млн теңгені құрайды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 10 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жобаның негізгі мақсаты – ет бағытындағы ірі қара мал өсіруге арналған заманауи кешен құру, ет өнімдерін өндіру көлемін арттыру.

Жоба аясында Ұлытау облысында толық өндірістік циклді қамтитын етті бағыттағы ірі қара мал өсіру кешенін құру көзделуде. Кешен малды өсіру мен күтіп-бағудан бастап, жем-шөп дайындау, өнім өндіру және оны одан әрі өңдеу кезеңдеріне дейінгі негізгі өндірістік процестерді қамтитын болады.

Инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда

Солардың бірі – Жанаарқа ауданы Ералиев ауылдық округіндегі «Жалын» кен орны. Мұнда 2010 жылдан бері «Сарыарка-ENERGY» ЖШС жұмыс істейді.

Кен орнының жалпы ауданы – 4,015 шаршы км, көмір ашық тәсілмен өндіріледі. Көмірдің баланстық қоры – 55,2 млн тонна, оның ішінде өнеркәсіптік қоры – 49,1 млн тонна.

«Жалын» кен орнының көмірі Г, ДГ және Д маркаларына жатады. Күлділігі төмен, күкірті аз, жану жылуы жоғары көмір түрі. Кәсіпорында өндіру үшін қажетті инфрақұрылымның бәрі бар: теміржол тұйық жолы, электр желілері, жолдар, сумен жабдықтау желісі, әкімшілік ғимараттар мен арнайы техника.

Кәсіпорынды жаңғырту мақсатында 2024 жылы көмір байыту-кен фабрикасын салу жобасы басталды. Жобаның құны – 7 млрд теңге, іске қосылғаннан кейін қосымша 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта фабриканың құрылысы аяқталу сатысында. Кәсіпорынның жалпы жобалық қуаты – жылына 2 млн тонна көмір, өнім Қазақстан, Польша, Латвия, Беларусь және Өзбекстанға жеткізіледі. Кен орнында барлығы 528 адам жұмыс істейді (мердігерлік ұйымдарды қоса). Фабриканы толық іске қосу 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған.

Меморандумға қол қойды

Маңызды келісімге Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойды.

Меморандум аясында Жезқазған қаласында 6 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионы мен заманауи теннис орталығын салу жоспарлануда.
«Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, биыл және 2027 жылы өңірімізде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның 25-тен астам ірі нысанының құрылысы басталады. Біздің басты міндетіміз – облысқа инвестиция тарту қарқынын сақтап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижесі халық үшін нақты сезілуін қамтамасыз ету», – деді Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен.

6 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионының құрылысын 2027-2028 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жаңа нысан жергілікті футбол командалары мен спорт мектептеріне жыл бойы жаттығу өткізуге, сондай-ақ түрлі жарыстар мен ойындарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Заманауи теннис орталығының құрылысы 2026-2028 жылдарға жоспарланған. Жоба аясында жабық және ашық теннис корттарын, әкімшілік-тұрмыстық кешенді, жаттығу залдарын, сондай-ақ спортшыларға медициналық көмек көрсету және жаттығудан кейін қалпына келуіне арналған бөлмелерді салу көзделген.

Сонымен қатар, «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен 2026-2027 жылдары Жезқазған қаласында мешіт пен Конгресс-орталық салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, мәдениет нысандарын жөндеу, Кеңгір су қоймасының жағалауын абаттандыру және басқа да бірқатар жобаларды іске асыру жоспарлануда.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Проверьте Также

ПОСЛАНИЕ ПРЕЗИДЕНТА: НОВЫЕ ВОЗМОЖНОСТИ ДЛЯ РАЗВИТИЯ БИЗНЕСА

Коллектив Палаты предпринимателей области Ұлытау прослушал Послание Главы государства Касым-Жомарта Токаева.  Послание затрагивает важнейшие вопросы …