Пятница, 30.10.2026

СӘТБАЕВ ЖАСТАРЫНЫҢ ТАБЫСТЫ ТӘЖІРИБЕСІ

Ұлытау облысында өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы тек өндірістік кәсіпорындарды ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы жас кәсіпкерлердің де әлеуетін айқын көрсетті. Солардың бірі – Сәтбаев қаласынан қатысқан Гүлбақыт Аймағамбетова мен оның жұбайы Еркебұлан Иманжанұлы.

Жас кәсіпкерлердің отбасылық бастамасы бүгінде шағын, бірақ қарқынды дамып келе жатқан фермерлік шаруашылыққа айналып отыр. Олар қысқа уақыт ішінде сүт бағытындағы мал шаруашылығын жолға қойып, жергілікті нарыққа сапалы өнім ұсынуда.

Гүлбақыт Аймағамбетованың айтуынша, отбасылық кәсіпке алғаш қадам екі-үш ай бұрын жасалған. Жас отбасы ел арасында «БАМ» деп аталып кеткен саяжай кооперативінен 24 сотық жер сатып алып, сол жерде шаруашылық жүргізуді бастаған. Алғашқы кезеңде олар он шақты бас асыл тұқымды сүтті ешкі сатып алып, шағын ферманың негізін қалаған. Араға бір жарым ай салып, Жетісай өңірінен екі бұзаулы сиыр да әкелініп, мал басы толықтырылған.

Қазіргі таңда нарықта табиғи сүт өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Әсіресе ешкі сүті емдік қасиеттерімен ерекшеленіп, тұтынушылар тарапынан тез өтімді өнімге айналған. Сонымен қатар, сапалы сиыр сүті де тұрақты сұранысқа ие. Кәсіпкердің айтуынша, өнімдер жергілікті сауда нүктелеріне тұрақты түрде жеткізіліп отырады.

– Біз сүт пен сүт өнімдерін қаладағы дүкендерге өткіземіз. Өзіміздің келісім жасасқан сауда орындарымыз бар. «Садық» және «Жанкелді» дүкендеріне күнделікті өнім жеткізіп отырамыз. Тұрып қалған кездері болған емес, өніміміз сұранысқа ие, – дейді Гүлбақыт Төлегенқызы.

Жас кәсіпкерлер өз өнімдерін жергілікті сауда желілері арқылы өткізіп, тұрақты нарық қалыптастыра алған. Бұл олардың бизнесті жүйелі түрде жүргізіп отырғанын көрсетеді. Сүт өнімдерінің тез сатылуы – табиғи өнімге деген сенім мен жергілікті өндірушілерге деген қолдаудың артып келе жатқанын айғақтайды.

Қазіргі уақытта шаруашылықта бір ғана жұмысшы қызмет атқарады. Дегенмен, кәсіпкерлер алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Негізгі мақсат – мал басын көбейту және тұрақты фермерлік шаруашылық қалыптастыру. Бастапқы инвестицияны өз қаражаттары есебінен жүзеге асырған жас отбасы табысты қайта өндірісті кеңейтуге бағыттауда.

Гүлбақыт пен Еркебұланның алдағы жоспарлары ауқымды. Сүтті мал басын көбейту;

өндіріс көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, шаруашылықты толыққанды фермерлік кешенге айналдыру, өнім түрлерін көбейту және нарықты кеңейту олардың қазіргі бағыттары. Бұл жоспарлар іске асқан жағдайда шағын отбасылық кәсіп өңірлік деңгейдегі фермерлік шаруашылыққа айналмақ.

Сәтбаев қаласындағы Гүлбақыт Аймағамбетова мен Еркебұлан Иманжанұлының бастамасы – ауыл шаруашылығын дамытудағы жас кәсіпкерлердің нақты үлгісі. Қысқа уақыт ішінде қалыптасқан шағын ферма тұрақты табыс көзіне айналып, жергілікті нарықты сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Мұндай отбасылық жобалар өңірлік экономиканың дамуына, ауыл шаруашылығының жандануына және жаңа жұмыс орындарының пайда болуына серпін беретіні сөзсіз.

Аманкелді Ақшал.

Проверьте Также

ТӨРТ АДАМНЫҢ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛҒАН ЖЕЗҚАЗҒАНДЫҚ ПОЛИЦЕЙ «ЕРЛІГІ ҮШІН» МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Жезқазған қаласы Полиция басқармасының қызметкері Ахмет Балғабай Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. …