Воскресенье, 5.04.2026

ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР — ТӘЖІРИБЕ АЛАҢЫ

Өткен жұмада Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Тіл оқытуда лексика-грамматикалық минимумды қолдану» тақырыбында облыстық семинар-практикум өтті. Іс-шараға тіл мамандары, оқыту орталықтарының басшылары, колледждер мен мектептердің қазақ және ағылшын тілдерінің мұғалімдері, мектепке дейінгі мекемелердің оқытушылары қатысты. Сонымен қатар, семинарға құрметті қонақтар ретінде Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының директоры, педагогика ғылымдарының магистрі, докторант, ересектерге арналған оқу құралдары және тележобалардың авторы Алмагүл Игенова және педагогика ғылымдарының магистрі, Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы, Ахмет Байтұрсынов атындағы «Үздік оқытушы» республикалық байқауының жүлдегері Фариза Боранғазы арнайы шақырылды.
Іс-шараның басында сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш семинардың маңыздылығы мен мақсатына тоқталып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тіл орталықтары мамандары мен оқытушылардың кәсіби құзыретін арттыру – бүгінгі білім беру жүйесінің басым бағыттарының бірі. Осы орайда қазақ тілін тиімді меңгертудің негізі саналатын лексика-грамматикалық минимумды (ЛГМ) жүйелі қолдану және оны халықаралық тіл үйрету тәжірибесімен ұштастыра отырып жетілдіру әдістемелік жұмыстың өзекті бағытына айналып отыр. ЛГМ-нің заманауи талаптарға сай құрылуы мен оны меңгерту әдістерін жетілдіру тіл үйренушінің тілдік құзыреттілігін кешенді дамытуға жол ашады. ЛГМ-ді тиімді қолдану оқыту сапасын арттырып қана қоймай, үйренушінің практикалық тілдік дағдыларын нақты мақсатқа бағыттап дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан да бұл мәселе қазіргі тіл үйрету әдістемесінің күн тәртібінен түспейтін, ғылыми әрі педагогикалық тұрғыдан ерекше маңызға ие бағыттардың бірі болып отыр.
Семинарды ашып, жүргізіп отырған «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік орталығының директоры Мадинат Игенберлина бұл басқосудың елімізде жүргізіліп жатқан тіл саясатын дамытудың маңызды бағыты екенін атап өтіп, оның барысында қазақ тілін түрлі деңгейде меңгертуге арналған ЛГМ құрылымы, оны құрастыру қағидаттары мен қолдану жолдары секілді мәселелер қарастырылатынын жеткізді.
– Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда Қазақстан Республикасында Тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл құжат – мемлекеттік тілді меңгертудің сапасын арттыру, тілдік орта қалыптастыру және оқыту әдістемесін жетілдіру мақсатында маңызды рөл атқарады. Осы орайда, бүгінгі семинарымызда лексика-грамматикалық минимумды дұрыс іріктеу мен оны оқыту үдерісінде тиімді қолдану мәселелеріне ерекше назар аударамыз. Себебі, лексика-грамматикалық минимум тіл үйренушінің сөздік қорын саналы түрде қалыптастыруға негіз болады. Ол оқушылардың, тыңдаушылардың коммуникативтік дағдыларын дамытуға, сөйлеу әрекетін белсендіруге ықпал етеді. Жүйелі, кезеңдік және деңгейлік оқытуда негізгі тірек ретінде қолданылады. Семинар барысында сөздік қорды қалыптастыруға арналған заманауи әдіс-тәсілдермен, оқу бағдарламасына сәйкес лексикалық және грамматикалық минимумды іріктеу жолдарымен, сабақта тиімді қолдануға арналған тәжірибелік жаттығулармен танысатын боламыз, – деді Мадинат Балтина.
Семинар аясында арнайы келген спикерлер баяндамаларын жасап, өздерінің нәтижелі жобаларымен, шығармашылық жұмыс түрлерімен және заманауи әдістемелерін көпшілікке ұсынды. Педагогика ғылымдарының магистрі, Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының директоры, ересектерге арналған бірнеше оқу құралының және тележобалардың авторы Алмагүл Игенова «Тіл оқытуда лексика-грамматикалық минимумды тиімді пайдалану» тақырыбында баяндамасын оқыса, республикалық Ахмет Байтұрсынов атындағы «Үздік оқытушы» байқауының жүлдегері Фариза Боранғазы «Лексика-грамматикалық минимумды қалыптастыру жолдары» тақырыбында жиналғандармен тренинг өткізді.
– Белгілі бір тілді меңгерту үшін ең алдымен сол тілдің лексикасын оқытудың ерекшелігін білу маңызды. Адам қай тілде сөйлегісі келсе де, сөздік қордан өзіне қажетті лексикалық тұлғаларды білмесе, біріншіден, айтайын деген ойын жеткізе алмайды, екіншіден, басқа біреудің сөзін, ойын түсінбейді. Сол себептен лексика-грамматикалық минимумды жүйелі қолдану – қазақ тілін тиімді меңгертудің негізі саналады. Әлемде компьютерлік технологиялардың және олармен байланысты мәтіндік корпустардың дамуы тіл туралы ғылымға, сондай-ақ жасанды интеллектке қатысты салада тың ашылымдар нағыз серпіліс әкелді. Бұл қазіргі қоғамның ақпараттық, технологиялық сұранысына ден қоюдың сан алуан тәсілінің бірегейлігінде көрініс табады. Соңғы жылдардағы қазақ тілінің мәтіндік қорын цифрландырудың дамуы да осы әлемдік процестердің әсеріне ғана емес, сондай-ақ ұлттық тіл мүддесі үшін базаны қалыптастыру мен дамыту міндетіне байланысты. Қазақ тілінің ұлттық корпусын қалыптастыру мен дамыту нәтижесінде мемлекеттік тілдің қолданысын қамтамасыз ететін, синхронды тұрғыдан қазақ тілін зерттеушілердің сұраныстарына жауап беретін онлайн режимде қолжетімді мәтіндік қор жүйесі жасалып, ұсынылды. Қазақ тіліндегі мәтіндік базаны әртүрлі жұмсалымында қолдану мен жаңғырту мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге, тілдік деректерді цифрландыруға, тілдің даму динамикасын зерделеуге, өміршеңдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекеттік тілді халықаралық стандартқа сай оқыту әдістемесін жетілдіру мақсатында қазақ тілі деңгейлері бойынша лексикалық-грамматикалық минимумдар әзірлеу өте маңызды. Бұл – тіл үйренушілерге бағыт-бағдар беретін әдістемелік құрал. Мұндай оқулықтар қазақ тілін меңгеруге арналған негізгі сөздер мен грамматикалық құрылымдарды жүйелеп, тіл үйренушілерге тиімді және нақты бағыт береді. Осы арқылы ана тіліміздің ең жиі қолданылатын сөздері таңдалып, тілдік қарым-қатынас үшін қажетті базалық қорды меңгеруге көмектеседі. Жүйелі түрде грамматиканы түсіндіріп, сөйлеу мен жазу дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Тіл үйретуші үйренушілердің білім деңгейін, дағдысын, мамандығын, жас ерекшелігін ескеріп, оларға қажет минимум тізбесін жасай алады, – деді баяндамашы Алмагүл Ақмашқызы.
Семинар-практикум барысында ұстаздар қауымы ерекше ынтамен белсенділік танытып, өзара пікір алмасып, кәсіби біліктіліктерін шыңдай түсті. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің беделін арттыру бағытында қолдануға болатын тың идеялар мен әдістемелік ұсыныстар алды. Тәжірибе алмасу алаңына айналған маңызды іс-шараның соңында барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар мен арнайы Сертификаттар табысталды.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында өткізілген бұл семинар қатысушыларға лексика-грамматикалық минимумды қалыптастырудың жолдарын үйренуге, сөздік қорды молайтудағы жаңа әдіс-тәсілдермен танысып, біліктіліктерін арттыруға зор үлесін қосты. Өз дәуірінде «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлының ұлағаты ұлттың рухын көтерер орынды сөз. Осы орайда теория мен тәжірибені тоғыстырған бұл алаң тіл үйрету тәжірибесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.
                                                              
Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

О

Проверьте Также

АНАҒА ҚҰРМЕТ – ҚОҒАМҒА ТАҒЗЫМ

8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Сәтбаев қаласында мерекелік салтанатты жиын өтті. Қаладағы Ш. …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *