Пятница, 30.10.2026

БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚОҒАМ НАЗАРЫНДА

Жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен тәрбиесі – бүгінгі қоғамның басты назарында тұратын өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, ағымдағы жылдың 18-20 маусым күндері аралығында Сәтбаев қаласының аумағында «Түнгі қаладағы балалар» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Үш күнге созылған ауқымды рейдтің басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың түнгі уақыттағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қараусыз және бақылаусыз жүрген балаларды анықтау, сондай-ақ ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілігін арттыру болды.

Шара барысында полиция қызметкерлері мен мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінен құралған арнайы топ қаланың қоғамдық орындарын, ойын-сауық мекемелерін, компьютерлік клубтар мен тұрғын үй секторларын жіті аралап, профилактикалық жұмыстар жүргізді. Тәртіп сақшылары түнгі уақытта көшеде мақсатсыз жүрген жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына заң талаптарын түсіндірді.

Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің түрлі баптары бойынша бірқатар құқық бұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қолданылды. Атап айтқанда, ата-ананың бала тәрбиелеудегі міндеттерін орындамауына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі бойынша 2 факт, ал осы міндеттерді қасақана орындамаған 127-баптың 3-бөлігі бойынша 2 факт тіркелді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген кәсіпкерлерге қатысты 132-баптың 1-бөлігі бойынша 1 хаттама толтырылса, алкогольдік ішімдіктер ішіп, қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болған жасөспірімдерге қатысты 440-баптың 2-бөлігі бойынша 2 дерек анықталды. Жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне байланысты да заңбұзушылықтар аз болған жоқ: 442-баптың 1-бөлігі бойынша (ойын-сауық мекемелерінде болу) 3 факт, 442-баптың 2-бөлігі бойынша (көшеде болу) 9 факт және осы заңбұзушылықты бір жыл ішінде қайталаған 442-баптың 3-бөлігі бойынша 1 құқық бұзушылық фактісі ресми түрде тіркелді.

Сонымен қатар, рейдтік шараның қорытындысы бойынша Сәтбаев қаласы полиция бөлімінің профилактикалық есебіне ерекше бақылауды қажет ететін екі қолайсыз отбасы мен бір кәмелетке толмаған жасөспірім алынды.

Іс-шара аясында Сәтбаев қаласының мобильді тобы мүшелерімен бірлесіп, қолайсыз отбасылар мен профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдердің тұрғылықты мекенжайлары бойынша арнайы тексеру жұмыстары ұйымдастырылды. Үйлерді аралау барысында ата-аналар мен балаларға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң алдындағы жауапкершіліктері ескертілді. Ал балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қиын жағдайдан қорғау мақсатында екі жасөспірім Жезқазған қаласындағы «Маруа Құлұшева атындағы балаларды қолдау орталығы» мекемесіне орналастырылды.

Сәтбаев қаласы полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Медет Сейтмағамбетовтің айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуіне тосқауыл қойып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуда маңызды рөл атқарады.

– Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – тек полицияның емес, баршамызға ортақ міндет. Әрбір ата-ана өз перзентінің бос уақытында немен айналысып жүргенін, кіммен араласатынын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Сондықтан құқық қорғау органдары ата-аналармен, білім беру ұйымдарымен және қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарды алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғастыра береді, – деді полиция майоры.

Құқық қорғау органдары қала тұрғындары мен ата-аналарды кәмелетке толмағандардың тағдырына бейжай қарамауға, балалардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы ұйымдастыруға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары соңғы уақытта қаламызда бүлдіршіндердің терезелер мен қылтимадан (балкон) құлау фактілерінің көбейіп отырғанына ерекше алаңдаушылық білдіреді. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында полиция бөлімі ата-аналарға балаларды қараусыз, жалғыз қалдырмауды және қауіпсіздік үшін терезелерге арнайы қорғаныш торларын (решеткалар) орнатуды қатаң ескертеді. Жас ұрпақтың амандығы – өз қолымызда.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

 

Проверьте Также

ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫТАУЛЫҚ БРЕНД

17 жылдық тәжірибесі бар креатор-дизайнер, «Graf» баспаханасының негізін қалаушы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Арайлым Есембекова …