Мемлекеттік қызмет – бұл жай ғана кәсіп емес, бұл – елге, ұлтқа қалтқысыз қызмет етудің ұлы миссиясы мен жауапкершілігі салмақты, міндеті зор қастерлі міндет. Жауапкершілігі жоғары осынау сала мамандарының кәсіби мерекесі – Мемлекеттік қызметші күніне орай қаламызда бірнеше маңызды, тағылымды оқиғаларды қамтыған салтанатты іс-шара өтті. Жиын тек мерекелік концертпен шектелмей, ұрпақ сабақтастығы мен адал еңбектің шынайы үлгісін көрсетті.
Іс-шараның шымылдығы өзгеше әрі өте әсерлі форматта ашылып, мерекенің негізгі бөлігі басталмас бұрын, өз саласының дамуына елеулі үлес қосып, қызметтік міндеттерін үлгілі атқарып жүрген бірқатар мемлекеттік қызметшілердің ата-аналарымен қала әкімі Мұрат Бөрібаев арнайы кездесті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, қоғам мен мемлекет игілігі жолында аянбай еңбек етуді өмірлік мұрат еткен азаматтарды тәрбиелеген аяулы аналар мен асқар тау әкелерге шексіз алғыс білдіріліп, құрмет көрсетілді. Перзентін елшіл, заңшыл әрі отансүйгіш етіп өсірген ата-аналарға қала әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлықтар табысталып, бұл сәт отбасылық құндылықтар мен мемлекеттік мүдденің үндескен көрінісіне айналды.
Сонымен қатар, ұрпақтар сабақтастығы үрдісі де бұл кеште ерекше маңызға ие болды. Осы ретте, мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы талмай, үздіксіз еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан сала ардагерлері де мерекенің төрінен табылды. Өмірлік бай тәжірибесімен бөлісіп, артынан ерген жас буынға жол көрсетіп жүрген ардагер мемлекеттік қызметшілерге ерекше ілтипат білдіріліп, арнайы сыйлықтар табыс етілді. Мемлекеттік аппараттың іргетасын қалап, адалдықтың туын тіккен аға буынның еңбегін ұлықтау – бүгінгі мерекенің мазмұнын одан сайын тереңдете түсті.
Осынау тағылымды сәттерден кейін Мемлекеттік қызметші күніне арналған ресми салтанатты жиын одан әрі жалғасты. Сахна төріне қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халық пен билік арасындағы алтын көпірдің нығаюына жанқиярлықпен үлес қосқан майталман мамандар шақырылды. Адал еңбегі, жоғары кәсіби біліктілігі және өз ісіне деген адалдығы үшін бірқатар мемлекеттік қызметшілер Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл марапаттар – тек атқарылған жұмыстың бағасы емес, ел сенімін ақтаған тұлғаларға деген үлкен құрметтің белгісі еді.
Сонымен қатар, заманауи мемлекеттік қызметшінің тек үстел басында шешім қабылдайтын маман емес, жан-жақты, белсенді әрі креативті тұлға екенін дәлелдеу мақсатында мереке аясында ұйымдастырылған спорттық жарыстардың, зияткерлік сайыстар мен шығармашылық байқаулардың қорытындысы жарияланды. Спорттық бәсекелерде сергектігі мен командалық рухын шыңдап, зияткерлік сындарда ой-өрісінің кеңдігін танытқан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сондай-ақ жоғары нәтиже көрсеткен жеке қатысушылар мен құрама командаларға арнайы номинациялар мен ақшалай сыйақылар салтанатты жағдайда табыс етілді.
Іс-шараның ең толқынысты әрі тарихи сәті – мемлекеттік қызметке алғаш қадам басқан жас мамандардың ант қабылдау рәсімі болды. Көпшіліктің алдында, көгілдір тудың қасында тұрып, жас қызметшілер өз міндеттерін адал атқаруға, ел заңнамасын қатаң сақтауға және халықтың мүддесіне қалтқысыз қызмет етуге салтанатты түрде ант берді. Бұл сәт жас мамандардың иығына зор жауапкершілік жүктегенімен, олардың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілік пен рухты оятқан ерекше оқиға ретінде есте қалды.
Салтанатты кеш қала өнерпаздарының рухты әндерімен және мерекелік концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты.
Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.
Шарайна











