Ұзақ жылдар бойы ветеринария саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, туған өлкесінің өркендеуіне адал қызмет еткен ардагер маман Үсенғали Айтбаев «Ұлытау облысының құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Марапат ветеринария қызметкерлері күні қарсаңында салтанатты жағдайда табысталып, ардагердің көпжылдық еңбегі мен қоғамдық қызметіне көрсетілген жоғары құрметтің айқын көрінісіне айналды.
Марапатты облыс әкімінің аппарат жетекшісі Кеңгірбай Смағұлов табыстап, ветеринария саласының дамуына елеулі үлес қосқан ардагердің кәсіби жолына жоғары баға берді.
Үсенғали Айтбаевтың еңбек жолы қарапайым еңбекпен басталды. Ол алғашқы қызметін Ұлытау ауданының Амангелді совхозында көмекші шопан ретінде атқарды. Табиғатпен етене араласып, мал шаруашылығының қыр-сырын жастайынан меңгерген жас маман кейін бұл саланы кәсіби деңгейде дамытуға бел буды. 1974–1979 жылдары Алматы зооветеринариялық институтында білім алып, «мал дәрігері» мамандығын игерді. Сол кезеңнен бастап оның бүкіл өмірі ветеринария саласымен тығыз байланыста өрбіді.
Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Үсенғали Айтбаев туған өңіріне оралып, 1979–1988 жылдары Ұлытау ауданы мен Амангелді, Шеңбер совхоздарында бас мал дәрігері қызметін атқарды. Осы жылдары ол ауыл шаруашылығының маңызды саласы – мал денсаулығын қорғау, жұқпалы аурулардың алдын алу және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізді.
1988 жылы Сәтбаев қаласына қызметке ауысып, «Сәтбаев қалалық ветеринариялық станциясын» басқарды. Бұл кезеңде қаладағы ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінді.Ал, 1998 жылдан бастап 2020 жылға дейін Үсенғали Айтбаев Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Сәтбаев қалалық аумақтық инспекциясының басшысы қызметін атқарды.
Жиырма жылдан астам уақыт бойы мемлекеттік ветеринариялық бақылау жүйесінде еңбек етіп, өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, ветеринариялық заңнаманың орындалуына және халық денсаулығын қорғауға бағытталған жұмыстарды үйлестірді.
Үсенғали Айтбаевтың еңбегі тек әкімшілік қызметпен ғана шектелген жоқ. Ол Сәтбаев қаласында ветеринариялық инфрақұрылымды қалыптастыруға ерекше үлес қосты. Оның бастамаларының нәтижесінде қалада ветеринариялық талаптарға сай мал қорымы мен мал сою пунктінің салынуына ықпал етілді. Бұл нысандар өңірдегі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, санитарлық талаптарды сақтауға және мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін арттыруға маңызды рөл атқарды. Ветеринариялық инфрақұрылымның дамуы ауыл шаруашылығы саласының тұрақты жұмыс істеуіне және халықтың денсаулығын қорғауға оң әсерін тигізді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Үсенғали Айтбаев қоғамдық өмірден шет қалған жоқ. Ол бүгінде Сәтбаев қаласы Ақсақалдар алқасы мен Ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі ретінде жастар тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған шараларға тұрақты түрде қатысып келеді. Өзінің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесін кейінгі буынға жеткізіп, жас мамандарға бағыт-бағдар беруді азаматтық парызы санайды.
Әріптестері Үсенғали Айтбаевты еңбекқорлығы, кәсіби біліктілігі, жауапкершілігі және адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленетін маман ретінде сипаттайды. Қызмет барысында ол көптеген жас ветеринарлардың кәсіби қалыптасуына ықпал етіп, саланың дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның көпжылдық қызметі мемлекеттік ветеринариялық жүйенің нығаюына, ауыл шаруашылығының қауіпсіз дамуына және өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталды.
«Ұлытау облысының құрметті ардагері» төсбелгісі – ондаған жылдық адал еңбекке, туған жерге деген жанашырлыққа және қоғам алдындағы жауапкершілікке берілген жоғары баға. Үсенғали Айтбаевтың өмір жолы – кәсібіне адалдықтың, елге қызмет етудің және еңбек адамын құрметтеудің жарқын үлгісі. Оның саналы ғұмыры мен бай тәжірибесі жас буынға өнеге болып, ветеринария саласының абыройын арттыра түсетіні сөзсіз. Ардагер маманның еселі еңбегі мен қоғамдық белсенділігі оның кәсіби жетістіктерімен ғана емес, туған өлкенің дамуына қосқан нақты үлесімен де өлшенеді. Осындай азаматтардың еңбегі өңірдің өсіп-өркендеуіне негіз болып, кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Ізтай Белгібайұлы.
Шарайна
