Пятница, 30.10.2026

ОБЛЫС ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

КӨПІР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Ұлытау ауданының Алғабас, Егінді және Қаракеңгір ауылдарына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар Есқұла су қоймасындағы реконструкция және бұрғылау жұмыстарының барысын тексерді.

Ауданның маңызды инфрақұрылымдық жобаларының бірі – Қаракеңгір өзені арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеу жұмыстары. Тозығы жетіп, апатты деп танылған нысандағы жұмыстардың бүгінде 70 пайызы аяқталған. Ұзындығы 100 метр болатын көпірдің су өткізу қабілетін арттыру мақсатында астыңғы бөлігі кеңейтілді. Бұл шешім көктемгі су тасқыны кезінде су мен мұздың кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді.

Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, көпірді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

АУДАНДАРҒА ЖҰМЫС САПАР

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жаңаарқа және Ұлытау аудандарына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік нысандардың жай-күйімен, білім беру саласындағы мәселелермен және жол инфрақұрылымының даму барысымен танысты.

Жаңаарқа ауданындағы 10 мектептің 30 кабинеті «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен толық жабдықталған. Облыс әкімі білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, оқушыларға сапалы білім алуға қажетті жағдай жасауды тапсырды.

Байдалы би ауылында спорт кешеніне қажеттілік бар. Ал Түгіскен ауылында балабақша мәселесі өзекті. Осыған байланысты облыс әкімі Түгіскен ауылында жаңа заманауи мектеп құрылысын бастауды жоспарлау қажеттігін айтты.

Жұмыс сапары барысында Борсеңгір ауылына апаратын 15 шақырымдық жолдың орташа жөндеу жұмыстары да назарға алынды. Қазіргі таңда мердігер ұйым қажетті материалдар мен техниканы жұмылдырып, қазан айының соңына дейін жолды тегістеп, көлік қозғалысын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

ҰЛЫТАУДА АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ұлытау облысында жалпыоблыстық сенбілік ұйымдастырылды. Игі шараға өңірдің 27 мыңнан астам тұрғыны қатысып, қоршаған ортаны тазарту мен көгалдандыру жұмыстарына белсенді атсалысты.

Сенбілікке 470-тен астам ұжым қатысып, 77 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 120 гектарға жуық аумақ тазартылып, 200 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар өңірді көгалдандыру мақсатында 5 100-ге жуық жасыл желек отырғызылды.

Тазалық шарасы – туған жерге деген жанашырлық пен қоршаған ортаға жауапкершіліктің көрінісі. Ортақ мекеніміздің тазалығы мен көркеюі әрқайсымыздың күнделікті ісімізден басталады.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …