Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында көшелер мен қоғамдық орындардағы жарықтандыру жүйесіне тұрақты бақылау жүргізілуде.
Кешкі уақытта қала аумағында кезекті аралау жұмыстары ұйымдастырылып, көшелердегі, аулалардағы және қоғамдық кеңістіктердегі жарықтандыру жағдайы тексерілді. Бақылау барысында кейбір нысандардағы жарық шамдарының жұмысында ақаулар бар екені анықталды. Атап айтқанда, «Жеңіс саябағының» кейбір учаскелерінде саябақ шамдарының істен шыққаны байқалды. Мұндай аумақтардағы жарықтандыру құрылғыларын кезең-кезеңімен жаңартып, сапалы әрі ұзақ мерзімді жабдықтарға ауыстыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар гараждар маңындағы қараңғы аумақтарға ерекше назар аударылуда. Құқық қорғау органдары анықтаған құқық бұзушылықтар жиі кездесетін орындарда жарықтандыруды күшейту – қоғамдық қауіпсіздікті арттырудың маңызды бағыттарының бірі.
«Алдағы жылы қала аумағында 200 жаңа жарықтандыру тірегін орнату жоспарлануда. Жаңа нысандар бұрын жарықтандырылмаған аумақтарды қамтып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қаладағы әрбір аула, балалар ойын алаңы және қоғамдық кеңістік жарық әрі қауіпсіз болуы қажет. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, жарықтандыру инфрақұрылымын жақсарту бойынша нақты шаралар жүзеге асырыла береді», дейді қалалық әкімдіктегі сала мамандары.
Досан Дулығалы.
Шарайна
