Пятница, 30.10.2026

«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТПЕН МОБИЛОГРАФИЯ» КУРСЫНЫҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Сәтбаев қаласындағы Кеншілер сарайында «Жасанды интеллектпен мобилография» курсын аяқтаған тыңдаушыларға сертификаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Оқу «Кәсіпкер әйел» бағдарламасы аясында Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен және Сәтбаев қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Оқу барысында қатысушылар заманауи фото және бейне контент әзірлеу тәсілдерін меңгеріп, бизнесті дамытуда жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды үйренді. Сонымен қатар цифрлық технологияларды қолданудың практикалық дағдыларын игеріп, әлеуметтік желілерде өз өнімдері мен қызметтерін тиімді ілгерілету жолдарын меңгерді.

Курс түлектерін оқуын сәтті аяқтауымен Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Орманов пен Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова құттықтады. Олар өз сөздерінде өңірде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту әлеуметтік-экономикалық өсудің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ мұндай білім беру жобалары әйел кәсіпкерлердің кәсіби құзыреттерін арттырып, бизнестің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге әрі цифрлық экономиканың заманауи талаптарына бейімделуге мүмкіндік беретінін айтты.

Өз кезегінде курс түлектері ұйымдастырушыларға тегін білім алып, жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдірді. Олардың айтуынша, курс өз кәсіптерін дамытуға, бизнес мүмкіндіктерін кеңейтуге және цифрлық сауаттылықтарын арттыруға зор серпін берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау – өңірдің тұрақты дамуының маңызды тетіктерінің бірі.

«Кәсіпкер әйел» бағдарламасы әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға, заманауи технологияларды меңгеруіне және өңір экономикасының дамуына өз үлестерін қосуына жаңа мүмкіндіктер ашуды жалғастыруда.

Проверьте Также

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ: КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Құрылыс, логистика және көлік мәселелері жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Кездесудің …