2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңы күшіне енді. Бұл – еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды реформалардың бастауы.
Жаңа Конституция Қазақстанның саяси және құқықтық жүйесіне тың серпін берді. Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі – «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» қағидаты енгізіліп, билік тармақтарының өзара іс-қимылы жетілдірілді. Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі басқару институттарының өкілеттіктері кеңейтіліп, азаматтардың мемлекеттік басқару үдерістеріне қатысу мүмкіндіктері артты. Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы қоғам мен мемлекет арасындағы ашық әрі сындарлы диалогты дамытуға негіз қалады
Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесіне ерекше мән берілді. Заң үстемдігі қағидаты күшейтіліп, азаматтардың құқықтық қорғалуының қосымша кепілдіктері енгізілді. Бұдан бөлек, цифрлық құқықтарды қорғау алғаш рет конституциялық деңгейде бекітіліп, жасанды интеллект технологияларын енгізу, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттары заңнамалық тұрғыдан айқындалды.
Конституциялық реформалармен қатар мемлекеттік қызмет саласы да жаңа кезеңге қадам басты. Жаңа заң мемлекеттік қызметтің ашықтығын, әділдігін және тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жаңашылдықтарды қамтиды.
Ең алдымен, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау шаралары кеңейтілді. Ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, мемлекеттік немесе ведомстволық наградалармен марапатталған қызметшілерге зейнеткерлікке шыққанда төрт лауазымдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылды. Қызметтік ауысу немесе ротация кезінде көтерме жәрдемақы төлеу, отбасы мүшелеріне қолдау көрсету және мүлікті тасымалдау шығындарын өтеу тетіктері енгізілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет өтіліне байланысты қосымша ақылы еңбек демалысы белгіленді. Отбасылық маңызды жағдайларға байланысты 10 күнге дейін қысқа мерзімді ақылы демалыс беру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қосымша үш күндік ақылы демалыс қарастырылған.
Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында жаңа еңбекақы жүйесі енгізілуде. «Б» корпусының бір лауазымы шеңберінде төрт деңгейлі көлденең мансаптық өсу моделі қалыптастырылып, қызметкерлердің кәсіби нәтижелері мен біліктілігіне қарай еңбекақы мөлшері кезең-кезеңімен өсетін болады. Бұл процесс толықтай цифрлық форматта «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы автоматтандырылып, адами фактордың әсерін барынша азайтады. Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілердің жалақысын кемінде үш жылда бір рет міндетті индекстеу нормасы енгізілді.
Жаңа заң мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін де түбегейлі өзгертті. Енді мемлекеттік қызметке мінсіз беделі бар, біліктілік талаптарына сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматтары ғана қабылданады. Осыған байланысты заңнамада алғаш рет «мінсіз бедел» ұғымы енгізіліп, мемлекеттік қызметшінің жеке, кәсіби және этикалық қасиеттеріне қойылатын талаптар нақтыланды.
Бұдан басқа, ішкі конкурс институты алынып тасталып, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беретін бірыңғай ашық конкурстық іріктеу жүйесі енгізілді. Конкурс толықтай EQYZMET.GOV.KZ порталында өткізіледі. Үміткерлер заңнаманы білу бойынша тестілеуден, жеке қасиеттерді бағалаудан, практикалық тапсырмалардан немесе эссе жазу кезеңінен өтеді. Конкурстық рәсімдердің толық мерзімі 5–7 жұмыс күнін құрайды.
Жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында да жаңа мүмкіндіктер қарастырылған. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері конкурстық іріктеусіз мемлекеттік қызметке орналаса алады. Яғни, GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес жоғары оқу орындарының түлектері оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындалу құқығына ие болды. Бұл өзгерістер мемлекеттік аппаратқа қабілетті әрі білікті жас мамандарды тартуға бағытталған
Жалпы, жаңа Конституция мен Жаңа Заң аясындағы реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттыруға және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл өзгерістер заң үстемдігіне негізделген, ашық, тиімді әрі заманауи мемлекеттік аппарат қалыптастыруға, сондай-ақ Қазақстанның тұрақты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға берік негіз қалайды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы
бойынша департаменті басшысының орынбасары,
Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі
А. Нигметоллаев.
Шарайна
