Пятница, 30.10.2026

СӘТБАЕВ – КИБЕРСПОРТТЫҢ ЖАҢА АЛАҢЫНА АЙНАЛДЫ

Сәтбаев қаласында заманауи спорттың жаңа бағыты – киберспортты дамытуға арналған республикалық ауқымды «Satpayev Esports Cup 2026» турнирінің LAN-финалы өтті. Еліміздің әр өңірінен жиналған үздік киберспортшылар бірнеше дисциплина бойынша бақ сынап, чемпиондық атақ пен жалпы сомасы 5 миллион теңгені құрайтын жүлде қоры үшін тартысты ойын көрсетті. Жастардың басын қосқан ауқымды шара тек спорттық бәсекемен шектелмей, қала тұрғындары мен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған нағыз киберспорт мерекесіне айналды.

Турнирді Qazaq Cybersport Federation мен Ulytau Esports & Phygital Federation бірлесіп, Сәтбаев қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Жарыстың басты мақсаты – Қазақстандағы киберспорттың дамуына серпін беру, жас спортшыларға өз шеберлігін шыңдап, республикалық деңгейде танылуына мүмкіндік жасау, сондай-ақ өңірлердегі цифрлық спорт мәдениетін қалыптастыру.

1-16 тамыз аралығында өткен жарыс Counter-Strike 2, Tekken 8, Clash Royale және eFootball Mobile сияқты танымал дисциплиналарды қамтыды. Турнирдің іріктеу кезеңдеріне еліміздің әр өңірінен 447 қатысушы тіркеліп, өзара мықтыны анықтады. Ұзаққа созылған бәсекенің нәтижесінде үздік нәтиже көрсеткен 16 спортшы шешуші LAN-финалға жолдама алып, Сәтбаев қаласында чемпиондық атақ үшін тартысқа түсті.

LAN-форматындағы жарыстың ерекшелігі – ойыншылардың бір алаңда бас қосып, көрермен алдында тікелей бәсекеге түсуінде. Мұндай формат спортшылардың техникалық шеберлігімен қатар, жылдам шешім қабылдауын, психологиялық тұрғыдан дайын болуын және командалық үйлесімділігін сынға салады. Сондықтан финалдық кезеңдегі әрбір матч көрермен үшін де қызықты өтіп, жарыс алаңында ерекше атмосфера қалыптасты.

Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев турнирдің қала үшін маңыздылығына тоқталып, жастардың жаңа бастамаларына қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.

– Бүгінде киберспорт – жастар арасында кеңінен танымал болып келе жатқан заманауи спорттың бір түрі. Сәтбаев қаласы өндірісімен ғана емес, жастардың жаңа бастамаларына қолдау көрсететін, заманауи спорт пен цифрлық мәдениетті дамытуға ұмтылатын қала ретінде де танылуы тиіс. Осындай республикалық деңгейдегі ауқымды турнирдің біздің қалада өтуі – соның айқын дәлелі. Бүгін мұнда еліміздің әр өңірінен үздік спортшылар жиналып, өзара мықтыны анықтап отыр. Бұл – қала жастары үшін де үлкен мүмкіндік. Олар тәжірибелі ойыншылардың шеберлігін көріп, өздерін сынап, жаңа белестерге ұмтыла алады, – деді қала әкімі.

Шын мәнінде, соңғы жылдары киберспорт жастар арасында кеңінен таралып, спорттың заманауи әрі бәсекеге қабілетті бағытына айналып келеді. Мұнда жеңіске жету үшін тек компьютерлік ойындарды жақсы меңгеру жеткіліксіз. Ойыншыдан жоғары жылдамдық, зейін, логикалық ойлау, тактикалық жоспарлау, командалық жұмыс және эмоцияны басқара білу талап етіледі. Сондықтан халықаралық деңгейде киберспорт кәсіби спорт түрі ретінде қалыптасып, арнайы турнирлер мен чемпионаттар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Сәтбаевтағы турнирдің қорытындысы бойынша Чемпиондық атақты Rune Eaters командасы жеңіп алып, 1 500 000 теңге көлеміндегі бас жүлдеге ие болды. Екінші орынға DNK командасы табан тіреп, 700 000 теңге жүлдені қанжығасына байлады. Ал үшінші орын Сәтбаев қаласының «Alash Young» командасына бұйырып, жергілікті спортшылар 400 000 теңгелік жүлдені иеленді.

Жергілікті команданың жүлделі орыннан көрінуі – Сәтбаев жастары арасында киберспортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсететін маңызды нәтиже. Өз қаласында өткен республикалық деңгейдегі жарыста бақ сынаған жас спортшылар үшін бұл турнир тәжірибе жинақтап қана қоймай, кәсіби деңгейге қадам басуға берілген үлкен мүмкіндік болды.

Турнир барысында көрермендер де назардан тыс қалған жоқ. Ұйымдастырушылар жарыс алаңына келген қала тұрғындары үшін түрлі интерактивті белсенділіктер ұйымдастырып, сыйлықтар ойнатты. Киберспорт жанкүйерлері сүйікті ойыншыларын қолдап, матчтардың қызу өтуіне өз үлестерін қосты. Ал шараның ең ерекше сыйлықтарының бірі – бас жүлде ретінде ойнатылған PlayStation болды. Бұл көрермендердің турнирге деген қызығушылығын одан әрі арттыра түсті.

«Satpayev Esports Cup 2026» – бір күндік жарыс қана емес, өңірдегі киберспорттың дамуына бастау болатын маңызды жоба. Бүгінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту, жаңа технологияларды дұрыс бағытта пайдалану – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, киберспортты дамыту жастарды заманауи цифрлық ортада бәсекеге қабілетті болуға тәрбиелейтін бағыттардың біріне айналып отыр.

Марал Шахаева.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …