Пятница, 30.10.2026

ҚЫС ҚАМЫ – ЖЕРТӨЛЕДЕН

Жылыту маусымына дайындық – жылу қазандықтары мен магистральдық желілерді әзірлеумен ғана шектелмейді. Көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелеріндегі инженерлік жүйелердің жай-күйі де қысқы кезеңге дайындықтың маңызды бөлігі саналады. Себебі жылу құбырлары мен ішкі инженерлік желілердегі ақаулар тұрғындарға қолайсыздық тудырып қана қоймай, жылыту маусымының тұрақты өтуіне әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты қаладағы көпқабатты үйлердің жертөлелерінде жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстары назардан тыс қалмайды. Жақында «Самға Тазалық» және «Сүйікті қала» тұрғын үй кешендерінің жертөлелеріндегі жұмыстардың барысы тексерілді. Қазіргі таңда аталған нысандарда жөндеу және жылыту маусымына дайындық шаралары жүргізілуде.

Жертөле – көпқабатты үйдің көзге көріне бермейтін, бірақ инженерлік жүйелер шоғырланған маңызды бөлігі. Мұнда жылу және су құбырлары, түрлі инженерлік коммуникациялар орналасады. Сондықтан олардың техникалық жағдайы тұрақты бақылауда болуы қажет.

Жылу торабы мен басқару және реттеу тораптарының дайындығына СЖСЖК ұйымы жауап береді. Аталған нысандардың әзірлігі тиісті акт арқылы қабылданады. Ал жертөледегі құбырлардың бүтіндігі, анықталған ақауларды жою, су ағуларын тоқтату және инженерлік желілердің қалыпты жағдайын қамтамасыз ету – тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ПИК, БК және МИБ-тердің міндеті.

Мамандардың айтуынша, жертөледегі кез келген ақауды кейінге қалдырмай, жылыту маусымы басталғанға дейін жою маңызды. Құбырлардың тозуы, су ағуы немесе жылу жүйесіндегі басқа да кемшіліктер қыс мезгілінде күрделі мәселеге айналуы ықтимал. Сондықтан дайындық жұмыстары тек қағаз жүзінде емес, нақты техникалық талаптарға сай орындалуы тиіс.

Жылыту маусымының қалыпты өтуі бірнеше тараптың бірлескен жұмысына байланысты. Тиісті ұйымдар жылу тораптарының дайындығын қамтамасыз етсе, үйге қызмет көрсететін ұйымдар ішкі инженерлік жүйелердің жағдайына жауап береді. Ал тұрғындар өз үйлеріндегі ақауларды дер кезінде хабарлап, ортақ мүлікке ұқыпты қарауға атсалыса алады.

Қазір басты міндет – барлық жөндеу және дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімге дейін сапалы аяқтау. Әр үйдің жертөлесі техникалық талаптарға сай дайын болса, бұл тұрғындардың қысты қауіпсіз әрі тұрақты жылумен өткізуіне мүмкіндік береді. Сондықтан жылыту маусымына дайындық жұмыстары қаладағы тұрғын үйлерде тұрақты бақылауда болады. Жылы үй – ең алдымен, алдын ала жүргізілген сапалы дайындықтың нәтижесі.

Ізбасар Ойбас.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …