Сейсенбі күні Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Сәтбаев қаласының тарихи жер-су атауларын зерделеу, тарихи атауларды қалпына келтіру және жүйелеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосуға қаланың ардақты қариялары, қоғам белсенділері, өлкетанушылар, мектептердің тарих және география пәндерінің мұғалімдері, тіл мамандары қатысып, туған өлкенің тарихи атауларын зерделеу мен оларды ұлттық танымға сәйкестендіру мәселесін талқылады.
Жер-су атаулары – белгілі бір аумақтың ғана географиялық белгісі емес, халықтың өткенінен сыр шертетін, тарихи жадын сақтайтын рухани құндылық. Әрбір атаудың астарында сол жердің табиғаты, елдің тұрмыс-тіршілігі, тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты деректер жатуы мүмкін. Сондықтан тарихи атауларды зерттеп, жүйелеу – өткенді түгендеумен қатар, ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды жұмыс.
Жиын барысында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Өткен айда өңірімізге Орталық мемлекеттік архивтің тапсырмасы бойынша «Тарихи диахроникалық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасының жұмыс тобы келіп, «Ұлытау қойнауында сақталған тарих» атты тарихи-танымдық экспедиция өткізген болатын. Экспедиция барысында Ұлытау өңіріндегі тарихи атауларға қатысты деректер зерделеніп, ел аузында сақталған мәліметтер мен мұрағаттық құжаттарды сабақтастыра зерттеуге мән берілді.
Аталған экспедицияның қорытындысы Жезқазған қаласында өткен кеңейтілген жиында талқыланды. Басқосуға ұлт жанашырлары, ел ағалары, өлкетанушылар, тарих және география ғылымдарының мамандары қатысып, тарихи атауларды сақтау, оларды ғылыми тұрғыдан зерделеу және бірыңғай жүйеге келтіру жөнінде пікір алмасты. Жиында өзге тілде жазылған атауларды тарихи танымға, жергілікті ерекшелікке және ұлттық ономастикалық дәстүрге барынша жақындату қажеттігі айтылды. Бұл – белгілі бір атауды жай ғана өзгерту емес, тарихи сабақтастықты қалпына келтіруге бағытталған маңызды бастама.
Осы жұмыстар аясында Қазақстан Республикасы бойынша жасалып жатқан топонимикалық картаға өңірлердегі тарихи атауларды енгізу мәселесі де қарастырылуда. Сәтбаев қаласының аумағында да тарихи зерттеуді қажет ететін бірқатар атау бар. Атап айтқанда, «Ақши-Спасский», «Анненский», «Златоуст-Беловский», «Крестовский», «Лесовая», «Новорудная», «Перевалочная», «Степной» сияқты атаулардың тарихи қалыптасуы мен қазіргі қолданыстағы нұсқалары зерделеніп, оларға қазақша атау ұсыну қажеттігі туындап отыр.
Дөңгелек үстел барысында осы мәселе жөнінде Тіл-құрал оқу-әдістемелік орталығының басшысы Мадинат Игенберлина сөз алып, кездесудің негізгі мақсатына тоқталды.
– Бізге берілген тапсырма аясында аталған атауларды жан-жақты зерделеп, олардың тарихи нұсқалары болған-болмағанын анықтауымыз қажет. Сонымен қатар әрбір нысанның орналасқан жері, табиғи ерекшелігі, тарихи маңызы ескеріле отырып, қазақша атауларын ұсыну мәселесі қарастырылады. Сондықтан бұл жұмыста жергілікті тұрғындардың, көнекөз қариялардың, өлкетанушылардың және тарих пен тіл мамандарының пікірі аса маңызды, – деді Мадинат Балтина.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, ономастикалық мәселеге асығыс шешіммен қарауға болмайды. Әр атаудың шығу тарихын мұрағат құжаттары, тарихи еңбектер, картографиялық деректер арқылы зерттеп, жергілікті халықтың жадында сақталған мәліметтермен салыстыру қажет. Себебі кейбір атаулардың бүгінгі нұсқасы өзгергенімен, оның бастапқы тарихи атауы ел арасында сақталуы мүмкін. Ал кейбір атаулар белгілі бір жердің табиғи сипатына, кен орындарына, тарихи оқиғаларға немесе сол аумақтағы елді мекендердің ерекшелігіне байланысты қалыптасқан болуы ықтимал. Жиынға қатысқан қариялар мен қоғам белсенділері де өз ойларын ортаға салып, туған жердің тарихын білетін аға буынның естеліктерін жинақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар мәселені әлі де жан-жақты зерттеу қажеттігін айтып, тарихи деректерді жинақтап, мамандар мен жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып, тағы бір басқосу ұйымдастыру жөнінде ортақ шешімге келді. Алдағы уақытта ұсынылған атаулардың әрқайсысы жеке зерделеніп, тарихи негізі бар, мазмұны мен мағынасы айқын қазақша нұсқаларды қалыптастыру көзделіп отыр.
Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.
Шарайна

