Пятница, 30.10.2026

ҚАНЫШТЫҢ ЖОЛМЕН НЕМЕСЕ ЖОСАЛЫДАН ҚАРСАҚБАЙҒА ДЕЙІН

Тарихты танудың ең әсерлі жолы – оның ізі қалған жерлермен жүріп өту. Өткен күннің куәсі болған кең далаға көз салып, сол жолмен бір ғасыр бұрын жүрген адамдардың еңбегін ой елегінен өткізу – адамға өзгеше әсер береді.

Тамыз айының 5-7 күндері мен үшін осындай тағылымды сапарға айналды. «Қазақмыс» корпорациясы жанынан құрылған Ардагерлер кеңесі мен Ұлытау облысы әкімдігінің бірлесуімен ұйымдастырылған «Академик Қаныш Сәтбаевтың ізімен» тарихи-танымдық экспедициясына қатысып, қазақ металлургиясының бастауында тұрған тарихи жолды жүріп өттік.

Экспедицияға техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның Құрметті металлургі, Қарағанды облысы мен Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Төлеген Бүкіров жетекшілік етті. Құрамда Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдин, С.Қожамқұлов атындағы театр директоры Сәкен Досхан, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС аппарат жетекшісі Силар Қияқбаев, еңбек ардагерлері Ерлан Құрманқұлов, Жетпісбай Шынқожаев, тарихшылар Зейпін Қазанбаева, Арман Бермағанбетов, Болатжан Есенбеков, өлкетанушылар, қоғам өкілдері, журналистер, өнер адамдары мен жастар болды.

Сапарға Жезқазғаннан барлығы 25 адам алты автокөлікпен аттанды. Кейін Қызылордада экспедиция құрамына арнайы келген Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы Кэти Кеттелл және Шымкенттен «Айғақ» телерадиокомпаниясының бас директоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулатбек Әбіш бастаған шығармашылық топ қосылды.

Бұл сапардың мәні – жай ғана тарихи орындарды аралау емес. Негізгі мақсатымыз – Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты Қарсақбай мыс зауытының тарихын, Жосалы-Қарсақбай арасындағы көне керуен жолын жаңғыртып, екі өңірдің ғасыр бұрынғы байланысын қайта зерделеу еді.

Қазақтың заманауи металлургиясының тарихы Ұлытау жерімен тығыз байланысты. ХХ ғасырдың басында Қарсақбай өңірінде мыс өндіру зауытын салу қолға алынды. Еуропадан жеткізілетін техника мен құрал-жабдықтарды дала төсіндегі өндіріс орнына жеткізу үшін сол кездегі инженерлік мүмкіндіктерге сыймайтын ауқымды жұмыс атқарылды. 1913-1917 жылдары Жосалыдан Бетпақдала арқылы Қарсақбайға бағытталған теміржол желісі пайдаланылып, ауыр техника мен қажетті жабдықтар тасымалданды. Сол кезеңнің табиғи жағдайын ескерсек, бұл – бүгінгі ұрпақ үшін таңғаларлық еңбек. Алайда 1917 жылғы саяси өзгерістер зауыт құрылысының уақытша тоқтауына себеп болды. Кейін өндіріс қайта қолға алынып, 1928 жылы Қарсақбай мыс зауыты толық іске қосылды.

Осы тарихи кезеңде Қаныш Сәтбаевтың есімі ерекше аталады. Ұлы ғалым 1926 жылы Ұлытау өңіріне келіп, Жезқазған-Ұлытау аймағының табиғи байлығын зерттеуге, өндіріс пен ғылымды дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Биыл ғалымның Ұлытау жеріне келгеніне 100 жыл толып отыр. Экспедицияның дәл осы мерейтойлық кезеңде ұйымдастырылуының символдық мәні де зор.

5 тамыз күні таңғы сағат 6.00-де Жезқазған қаласының әкімшілік ғимараты алдынан сапарға шықтық. Қала әкімі Қайрат Шайжанов бастаған азаматтар экспедиция мүшелерін шығарып салып, ақ жол тіледі.

Алдымен Қызылорда қаласына барып, Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада зиялы қауым өкілдерімен кездестік. Басқосуда экспедиция жетекшісі Төлеген Бүкіров, Мағжан Табылдин, Зейпін Қазанбаева және өзге де экспедиция мүшелері сапардың мақсаты мен тарихи маңызы жөнінде әңгімеледі. Қызылордалық зиялы қауым өкілдері де өз ойларын ортаға салып, Жосалы-Қарсақбай бағытындағы тарихи жолды жаңғыртудың маңызын атап өтті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Мыңжас Нұрлыбек, университет ардагерлер кеңесінің төрағасы Омаров Қали, география ғылымдарының кандидаты Оразхан Айдаров және облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Серік Дүйсенбаев экспедиция мүшелеріне сәттілік тіледі. Кездесулер барысында Ұлытау өңірінен арнайы әкелінген кітаптар, тарихи-танымдық басылымдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сол күні кешке Жосалыға жол тарттық. Қорқыт ата кешеніне зиярат жасап, қасиетті мекеннің тарихымен таныстық.

6 тамызда Қармақшы ауданының зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті. Мұнда да Қарсақбай мыс зауытының тарихы, Қаныш Сәтбаевтың ғылыми жолы және Жосалы-Қарсақбай арасындағы көне қатынас жолы кеңінен сөз болды. Қармақшы жұртының ықыласы ерекше болды. Аудандық ардагерлер кеңесінің, қоғамдық кеңестің өкілдері мен жергілікті азаматтар экспедиция мүшелеріне ақжолтай тілектерін білдірді. Кездесуде Жосалы-Қарсақбай бағытын болашақта тарихи-танымдық туризмнің бір бағытына айналдыруға болатыны да айтылды.

Жосалыдан Қарсақбайға қарай сапарымыздың ең маңызды бөлігі басталды. Біз көне жолдың бойымен жүріп отырып, тарихи маңызы бар 18 бекетке гранит тасқа қашалып жазылған ескерткіш тақталар орнаттық. Бұл белгілер – бір ғасыр бұрын осы дала арқылы өткен тарихи керуен жолының ұмытылмауына арналған аманат. Бетпақ даланың бүгінгі тыныштығына қарап, осы кеңістікте бір кездері ауыр техника тасымалданғанына сенудің өзі қиын. Бірақ тарихтың нақты деректері, көнекөздердің әңгімелері мен дала төсіндегі іздер өткеннің шындығын айғақтайды. Экспедиция мүшелері үшін бұл жолдың әр шақырымы өзінше бір сабақ болды. Тарихшы Зейпін Қазанбаева, өлкетанушылар, еңбек ардагерлері мен өндіріс мамандары жол бойындағы тарихи деректерді түсіндіріп отырды. Кәсіби тарихшылардың, өндіріс ардагерлерінің және өлкетанушылардың бір сапарда бас қосуы экспедицияның мазмұнын байыта түсті.

6 тамыз күні түнгі сағат 23.30-да Қарсақбайға жеттік. Кенттің кіреберісінде Қарсақбай металлургия зауытының директоры Мұрат Қадырұлы Мәткенов бастаған ақсақалдар мен жергілікті тұрғындар экспедиция мүшелерін шашу шашып қарсы алды.

Бұл сәт сапардың ең әсерлі кезеңдерінің бірі болды. Жүз жылға жуық тарихы бар өндіріс ошағының ортасында тұрып, Қаныш Сәтбаев бастаған ұлы істің ізін сезінгендей болдық.

Қаныш Сәтбаевтың үй-музейіне барып, ұлы ғалым рухына тағзым еттік. Ал Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы Кэти Кеттелл Қарсақбай зауытымен және Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейімен танысты. Бұл сапардың халықаралық қыры да осы тұста көрінді. Бір ғасыр бұрын Қарсақбайдағы өндірістің қалыптасу тарихында ағылшын кәсіпкерлерінің болғанын ескерсек, Ұлыбритания елшілігі өкілінің тарихи орындарға келуі – өткен мен бүгіннің арасындағы өзіндік байланыс.

Экспедиция барысында Жосалы мен Қарсақбайдың байланысы туралы тың деректерге қанықтық. Жосалы ақсақалдарының айтуынша, кезінде Қарсақбайға бағытталған көшенің Қарсақбай, ал Қарсақбайда Жосалыға қарай бағытталған көшенің Жосалы деп аталуы тегін емес. Бұл екі елді мекеннің арасындағы тарихи байланыстың тереңдігін аңғартады. Қарсақбайға Жосалыдан барған азаматтар өндірістің әр саласында еңбек етіп, аймақтың дамуына үлес қосты. Демек, бұл тарих тек зауыт пен техника тарихы емес, екі өңір халқының еңбек, кәсіп және адамдық қарым-қатынасының тарихы. Сапар барысында біз осы байланысты қайта жаңғыртуды мақсат еттік. Бұл тұрғыда экспедиция өзінің негізгі міндетін орындады деп ойлаймын.

Экспедицияның тағы бір ерекшелігі – оның құрамында еңбек ардагерлерімен қатар тарихшылар, мәдениет пен өнер қайраткерлері, журналистер және жас буын өкілдерінің болуы. Дәстүрлі әнші Бексұлтан Барақбай, Ұлытау облыстық филармониясының әншісі Қайрат Әбеуов сапардың рухани мазмұнын арттырса, «Ұлытау» телеарнасының операторы Алихан Шалқар және өзге де түсірілім тобы тарихи сапарды бейнежазба мен фотоматериалдарға түсірді. Шымкенттен келген «Айғақ» телерадиокомпаниясының шығармашылық тобы да экспедицияны ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеді. Топ құрамында журналистер, операторлар, мобилографтар мен өлкетанушылар болды. Осылайша тарихи сапардың әрбір сәті кейінгі ұрпаққа жететін дерекке айналды.

Мен үшін осы экспедицияның ең үлкен маңызы да осында. Тарихты тек білу аз, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу керек.

7 тамыз күні таңғы сағат 4.00-де Жезқазғанға оралдық. Кейін елшілік өкілі Кэти Кеттеллді Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов қабылдады. Ол «Қазақмыс» корпорациясы басшылығының өкілі Мұқан Үнгітбаевпен кездесіп, өңірдің тарихи-өндірістік мұражайларымен танысты.

Экспедиция мүшелері алдына қойған мақсатын орындады. Біз тарихи жолды жүріп өттік, 18 бекетке ескерткіш белгілер орнаттық, екі өңірдің зиялы қауымымен кездестік, ел аузындағы деректерді жинақтадық, Қаныш Сәтбаевтың ізін жаңғырттық. Бұл сапардың жүзеге асуына қаржылай қолдау көрсеткен «Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәліне, «КәсіпҚорған» кәсіподақ ұйымының төрағасы Уалихан Нұржановқа және экспедицияны ұйымдастыруға қолдау білдірген Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжановқа экспедиция мүшелері атынан ризашылығымды білдіремін.

Мен бұл сапардан үлкен әсермен оралдым. Ғасыр бұрын Бетпақ даланың қиын жолымен техника тасымалдаған азаматтардың табандылығы, Қаныш Сәтбаевтың ғылым мен өндіріс жолындағы еңбегі, Жосалы мен Қарсақбай арасындағы тарихи байланыс – бәрі де ойға жетелейді. Біз жүріп өткен жол – жай ғана дала жолы емес. Бұл – қазақ металлургиясының қалыптасу жолы, ел еңбегінің, ғылымның, табандылықтың жолы.

Абулайыс Молақов.

Проверьте Также

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ: КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Құрылыс, логистика және көлік мәселелері жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Кездесудің …