Сәтбаев қаласында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда. Биылғы басты басымдық – жылу энергетикасы нысандарын жөндеу мен магистральдық жылу желілерін жаңғырту. Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – қыс мезгілінде тұрғындарды тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етіп, апаттық жағдайлардың алдын алу.
Қала басшылығы жұмыс сапары барысында алдымен №1 жылу беру станциясындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі уақытта мұнда жалпы құны 579,6 миллион теңгені құрайтын кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес төрт су жылыту қазандығына жөндеу жүргізілсе, №3 қазандықтың көлбеу газ құбырына күрделі жөндеу басталған. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар станцияның техникалық сенімділігін арттырып, алдағы жылыту маусымын іркіліссіз өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорында қажетті отын қоры толық көлемде дайындалған.
Жылу инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жұмыстарды «СПТВС» ЖШС де жалғастырып келеді. Бүгінде Сәтбаев даңғылы мен Абай көшесінің қиылысындағы магистральдық жылу желісінде күрделі жөндеу жүргізілуде. Жоба аясында диаметрі 630 миллиметр болатын ескі құбырлар заманауи жаңа желілерге ауыстырылуда. Жоспарланған 258 метрдің орнына қазірдің өзінде 260 метр құбыр төселіп, құрылыс жұмыстары белгіленген кестеден озық орындалуда.
Сондай-ақ Ұлытау көшесіндегі №98 үйден Мәңгілік Ел көшесіндегі №9 үйге дейінгі жылу желілерін жаңарту жалғасуда. Бұл аумақта диаметрі 159 және 89 миллиметр болатын құбырлар алмастырылып, бүгінгі күнге дейін 540 метр жаңа құбыр төселген.
Жылу желілерін жаңғырту – тек инженерлік инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды жоба. Тозған құбырларды кезең-кезеңімен ауыстыру жылу шығынын азайтып, апаттық жағдайлардың жиілігін төмендетеді. Нәтижесінде тұрғындар қыс мезгілінде тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етіледі.
Биылғы жөндеу науқанының қарқыны мен орындалу деңгейі Сәтбаев қаласының жылыту маусымына жүйелі дайындалып жатқанын көрсетеді. Инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары уақытылы аяқталса, алдағы қыс тұрғындар үшін анағұрлым жайлы әрі қауіпсіз өтпек.
Аманкелді Ақшал.
Шарайна
