9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні – ел тарихындағы ең қастерлі де тағылымы терең мерекелердің бірі. Бұл күн – бейбіт өмір үшін жанын қиған батырларға тағзым етіп, олардың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртатын айрықша дата.
Осы мерекеге орай Баубек Бұлқышев атындағы орталық кітапхананың «Коворкинг» залында Ұлытау өңірінің тумасы, жалынды публицист, жауынгер-жазушы Баубек Бұлқышевтың туғанына 110 жыл толуына арналған «Өмірі өлеңмен өрілген» атты тарихи-танымдық сағат ұйымдастырылды. Тағылымды шараға №7 жалпы білім беретін мектептің 8«Б» сынып оқушылары мен сынып жетекшісі қатысты.
Іс-шара барысында кітапханашы Гүлзада Жазықбаева Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағатынан жинақталған деректер негізінде жергілікті ардагерлер туралы мазмұнды слайд ұсынып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жалынды жылдар зердесі» альбомы арқылы майдангерлердің өнегелі өмір жолдарын таныстырды. Бұл деректер оқушыларға тарихты тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Шара барысында оқушылар «Соғыс салған із», «Майдандағы хат», «Жеңіс күні», «Ерлік дастаны» атты өлеңдерді мәнерлеп оқып, ерлік пен батырлық рухын асқақтатты. Сонымен қатар, Баубек Бұлқышевтың өмірі мен майдандағы ерлігі жайлы бейнежазба көрсетіліп, оның қайсар тұлғасы мен қаламгерлік мұрасы кеңінен насихатталды. Жас қатысушылар «Жалынды жүрек», «Баубек рухы», «Ер есімі – ел жадында» атты арнау өлеңдерді жатқа айтып, батыр рухына тағзым етті. Шара барысында Wordwall бағдарламасы арқылы жазушының өмір жолына қатысты танымдық сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін ортаға салды.
Кеш соңында «Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмыт қалмайды» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, белсенділік танытқан оқушылар Алғыс хаттармен марапатталды.
Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойында елжандылықты қалыптастырып, тарихқа деген құрметін арттыра түседі. Ұрпақ жадында жаңғыратын ерлік – елдіктің мәңгілік мұрасы.
Марал Шахаева.
Шарайна
