Воскресенье, 5.04.2026

Ауызбіршілік – ақсақал сөзімен бекиді

Қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығы тек билікке ғана емес, сол қоғамның өз ішіндегі парасатты сөзге, салмақты ойға, үлкеннің үлгісіне де тікелей байланысты. Жуырда әлеуметтік желіден Махан Рахимбердиев деген азаматтың жазбасын оқып, осы ойға тағы бір мәрте көз жеткіздім. Ол өз жазбасында қанаттас жатқан қос қала – Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындарының бірлігі, сол бірлікті ұстап отырған ақсақалдар институтының маңызы туралы орынды пікір айтқан екен.

Әсіресе Жезқазған қаласы әкімінің атқарылып жатқан жұмыстары жөніндегі жазбалар мен оған тұрғындардың білдірген ризашылығы көңіл қуантады. Қала халқы әкім Қайрат Шайжанов мырзаның еңбегіне сабырмен қарап, қолдау білдіріп, сәттілік тілеп отырғанын көру – кез келген ел азаматына үміт ұялатады. Халықтың осындай ауызбіршілікпен көрсеткен қолдауы басшыны да жігерлендіріп, жұмысын одан әрі қарқындатуға серпін беретіні анық.

Сол пікірлердің ішінде ерекше назар аудартқаны – Жезқазған қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазамбаев ағамыздың үлгілі ісі болды. Ол кісі эмоцияға берілмей, нақты жағдайға баға беріп, әкімнің жасап жатқан жұмыстарына әділ көзқарасын білдіріп, тұрғындарды сабырға, түсіністікке шақырып отыратыны айтылған жазбада. Бұл – нағыз ақсақалға тән, қоғамға ауадай қажет қасиет. Осындай салмақты сөз жастарға да үлгі, билік пен халық арасындағы алтын көпір іспетті.

Осы тұста еріксіз ойға қаласың. Бәтір-ау, біздің Сәтбаев қаласында неге осындай үн естілмейді? «Ардагерлер кеңесі бар, тіпті бірнешеу. Атауы бар, ал қоғамдағы салмағы сезіле ме? Кейде олар халыққа пайдасы шамалы, жекелеген ұйымдар ғана ма деген күдік те мазалайды. Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев мырза – тәрбиелі, көзі ашық, көкірегі ояу, білімді басшы екені белгілі. Ол ардагерлерді түрлі жиындарға шақырып, төрге отырғызып, сый-құрметін көрсетіп келеді. Ендеше сол сыйды көріп отырған ардагерлер кеңесінің төрағалары неге Жезқазғандағыдай әлеуметтік желіде немесе баспасөзде өз ойларын ашық айтып, қаланың тыныс-тіршілігіне баға беріп, тұрғындарды ауызбіршілікке, сабырлыққа шақырмасқа?» – деген ойын ашып айтыпты Махан Рахимбердиев өз жазбасында.

Өте орынды айтылған пікір. Ақсақалдың міндеті – тек мерекеде бата беру емес. Ақсақал – қиын сәтте жол көрсететін, дау туған жерде тоқтам айтатын, халық пен биліктің ортасында ақылдың сөзін сөйлейтін тұлға. Бүгінгі қоғамға дәл осындай ақсақалдық позиция ауадай қажет. Егер Сәтбаев қаласының ардагерлері мен ақсақалдары да белсенділік танытып, әкімнің атқарған жұмысына әділ баға беріп, қажет жерде қолдау, қажет жерде орынды сын айтып отырса – бұл қаланың дамуына ғана емес, ел ішіндегі татулыққа да үлкен үлес болар еді.

Ауызбіршілік – өздігінен орнай салатын құбылыс емес. Ол парасатты сөзбен, үлгілі әрекетпен, ең алдымен, үлкендердің жауапкершілігімен қалыптасады. Осыны ұмытпасақ екен.

Ізтай Бейсенбаев.
«Шарайна» газетінің бас редакторы.

О Админ

Проверьте Также

ЖАТ ПИҒЫЛДЫЛАРДАН САҚ БОЛАЙЫҚ

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде еліміздегі конституциялық реформаға қатысты теріс пікірлер де тарап жүр. Ең сорақысы, …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *