Шілде айының 24 мен 25 күндері Сәтбаев қаласының аумағында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуды және олардың өмірі мен денсаулығын қорғауды көздеген «Балалар қауіпсіздігі» атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы болып өтті. Жазғы демалыс уақытында балалардың қараусыз қалмауын және түрлі жағымсыз оқиғаларға ұрынып қалмауын қадағалау мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы мамандар жұмылдырылды.
Іс-шара аясында арнайы құрылған мобильді топ мүшелері мен қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, ауқымды рейдтік жұмыстар жүргізді. Тәртіп сақшылары ең алдымен полиция есебінде тұратын, өмірлік қиын жағдайға тап болған қолайсыз отбасылар мен мінез-құлқында ауытқуы бар жасөспірімдердің тұрғылықты мекенжайларына барып, жағдайларын жіті тексерді. Мұндағы басты мақсат – тек тексеру ғана емес, ата-аналарға бала тәрбиесіндегі тікелей міндеттерін түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және кәмелетке толмағандардың қылмысқа баруына немесе қылмыс құрбаны болуына жол бермеу мақсатында жан-жақты профилактикалық жұмыстар жүргізу болды. Мамандар әрбір отбасының тұрмыс-тіршілігімен танысып, балалардың қалыпты өмір сүруіне жасалған жағдайларды көзбен көрді.
Рейд барысында балалардың толыққанды өмір сүруіне және қалыпты дамуына кедергі келтіретін келеңсіз жағдайлар да анықталды. Тексеріс қорытындысы бойынша, 3 бала Жезқазған қаласында орналасқан «Маруа Құлұшева атындағы балаларды қолдау орталығына» уақытша орналастырылды. Бұл қадам балалардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіптің бетін қайтарып, оларға дер кезінде психологиялық, медициналық және әлеуметтік көмек көрсету үшін жасалып отыр. Сонымен қатар, түнгі мезгілде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз далада немесе көңіл көтеру орындарында жүрген кәмелетке толмағандар да анықталып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес 19 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл көрсеткіш кейбір ата-аналардың балаларының бос уақытын қалай, кіммен өткізіп жатқанына әлі де бейжай қарайтынын аңғартады.
Осындай маңызды шаралардың қоғам үшін орны ерекше екенін Сәтбаев қаласы ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Медет Сейтмағамбетов те баса айтты. Өз сөзінде полиция майоры бұл шаралардың басты мұраты жазалау емес, қайғылы оқиғалардың, жасөспірімдер қылмысының алдын алу екеніне тоқталды.
– Балалардың қауіпсіздігі – ересектердің, соның ішінде ең алдымен ата-ананың тікелей жауапкершілігі. Тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларының жүріс-тұрысына, ортасына бақылауды күшейтуге шақырады. Жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен жарқын болашағы жолындағы мұндай рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да қала аумағында тұрақты түрде өз жалғасын табатын болады. Ең бастысы, әрбір ата-ана өз перзентінің тағдырына асқан жауапкершілікпен қарап, қоғам болып балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуы қажет, – деді Медет Сейтмағамбетов.
Бүгінгі таңда елімізде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қараусыз қалудың және әлімжеттік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мемлекеттік деңгейдегі басым бағыттардың біріне айналып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде ата-ана міндетін тиісінше орындамағаны және бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын азаматтардың саны әлі де жоғары күйінде қалып отыр. Әсіресе, жазғы демалыс кезінде балалардың терезеден құлап кетуі, суға батуы немесе қараусыз қалып түрлі жазатайым оқиғаларға ұрынуы сияқты келеңсіздіктер, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың көбісі ата-ана тарапынан қадағалаудың әлсіздігінен және баланың бос уақытының дұрыс ұйымдастырылмауынан туындайды. Сондықтан құқық қорғау органдары тарапынан ұйымдастырылатын мұндай профилактикалық рейдтер қоғамдағы қылмыстық деңгейді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Марал Шахаева.
Шарайна

