Пятница, 30.10.2026

ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ ЖАҢҒЫРҒАН ҰЛЫТАУ МҰРАСЫ МЕН ҰЛТТЫҚ РУХ

Қазақстанның жүрегі – Елорда төрінде ұлттық өнердің қайта түлегенін паш еткен ауқымды рухани шара елордалықтар мен қала қонақтарына ерекше әсер сыйлады. Шілденің 18-19 күндері Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Ұлытау облысының мәдениеті, тарихы мен ұлттық қолөнерін кеңінен насихаттаған «Алтын Орданың мұрасы: Ұлы Даладан бастау алған өнер» атты ауқымды көрме-жәрмеңке өтті. Кең байтақ өңірдің өнерпаздары мен шеберлері әкелген бірегей туындылар Елорда жұртшылығын тамсандырып қана қоймай, ұлттық құндылықтардың мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Көрме барысында Ұлытау облысынан келген 60-қа жуық қолөнер шебері мен талантты өнерпаз өздерінің көздің жауын алатын бірегей туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Шеберлердің қолынан шыққан ағаштан түйін түйген бұйымдар, иленісі келіскен былғары бұйымдары, нәзік өрнектелген керамикалық ыдыстар мен киізден жасалған киелі заттар ерекше назар аудартты. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы әшекейлі зергерлік бұйымдар, заманауи үлкен сұранысқа ие этно-сән үлгілері мен қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған көздің жауын алатын құрақ көрпелер келушілердің ерекше қызығушылығын тудырып, ұлттық дизайнның тереңдігін көрсетті.

Осы орайда, Ұлытау өңірінің ажырамас бөлшегі саналатын Сәтбаев қаласынан барған шеберлер де лайықты деңгейде өнер көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін әсем туындыларын таныстырғанын айрықша атап өткен жөн. Сәтбаев қаласы әкімдігінің жан-жақты қолдауымен ұйымдастырылған бұл сапар жергілікті таланттардың еңбегін ел көлеміне насихаттауға зор мүмкіндік берді. Әрбір бұйымнан шебердің қажырлы еңбегі, жоғары талғамы мен ұлттық өнерге деген шексіз құрметі анық сезіліп тұрды.

– Мен көптеген облыстық, республикалық байқауларға белсенді қатысамын. Негізгі бағытым – киіз басу және құрғақ киіз басу технологиясы. Бұл – бос уақытымда, сабақтан тыс кезде жан дүниеммен айналысатын сүйікті ісім. Бүгінгі көрмеге киіз басу өнері бойынша 20 шақты картина, 15 панно, 20-ға жуық заманауи киім үлгілері және ұлттық бас киімдер әкелдім. Құрғақ жүннен әртүрлі туындылар жасап, әшекейлерді де өз қолыммен дайындаймын. Жалпы, киізден жасалған бұйымдардың денсаулыққа тигізер пайдасы мол. Басты мақсатым – ата-бабамыздан қалған асыл қолөнерді, ұлттық құндылықтарымызды кейінгі ұрпаққа дәріптеп, насихаттау, – дейді Сәтбаев қаласындағы №7 жалпы білім беретін мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Балқия Тұрысбекова.

Қасиетті Ұлытаудың тыныс-тіршілігі мен бабалардан қалған асыл мұраны бүгінгі заманмен сабақтастырған бұл тағылымды шара тек дайын өнімдерді көрсетумен шектелмей, келушілерге қолөнердің қыр-сырын үйрететін танымдық алаңға айналды. Көрме аясында ұйымдастырылған шеберлік сабақтарында қонақтар былғары өңдеу, ағаш ою, ұсталық өнер және ұлттық музыкалық аспаптар жасау сияқты атадан балаға мұра болып қалған дәстүрлі кәсіптердің әдіс-тәсілдерін меңгерді. Сондай-ақ белгілі қолөнершілер, суретшілер және дизайнерлермен өтетін шығармашылық кездесулер ұйымдастырылып, ұлттық өнердің бүгінгі тынысы, оны заман талабына сай дамыту жолдары мен өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Көрмеде дәстүрлі өнермен қатар шығармашылық индустрияның жаңа бағыттары да қатар өрбіді. Атап айтқанда, Ұлытаудан келген IT саласының жас өкілдері өңірдің қайталанбас табиғатын, көне тарихы мен салт-дәстүрін заманауи форматта таныстыратын цифрлық жобалар мен мультимедиалық жұмыстарын көпшілік назарына шығарды. Бұл цифрлық шешімдер мен ұлттық мұраның үндесуі жас буынның тарихқа деген қызығушылығын арттырып, келушілердің үлкен қошеметіне бөленді.

Асқақ рух пен әсем әуезге ұласқан бұл шараның кешкі бағдарламасы да ерекше мазмұнға толы болды. Күн батар шақта Елорда төрі жезқазғандық өнерпаздардың тартуымен жанданып, танымал «Jezz Acoustic Band» тобының жанды дауыстағы концерті көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлады. Жоғары деңгейде өткен бұл жоба отандық қолөнер шеберлерін, жас дизайнерлер мен суретшілерді, сондай-ақ шығармашылық кәсіпкерлерді жан-жақты қолдауға, елімізде «Made in Kazakhstan» ұлттық брендін дамыту мен насихаттауға айтарлықтай үлес қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды бастамалар өңірдегі шығармашылық индустрияның әлеуетін арттырып қана қоймай, қазақстандық сапалы өнімдерді кеңінен танытуға және өзге өңірден келген кәсіпкерлермен жаңа серіктестік байланыстар орнатып, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Қорытындылай айтқанда, «Алтын Орданың мұрасы: Ұлы Даладан бастау алған өнер» атты бұл көрме-жәрмеңке Ұлытау өңірінің бай мәдени мұрасын терең дәріптеп қана қоймай, жаһандану дәуіріндегі ұлттық қолөнер мен креативті экономиканың заманауи қоғамдағы маңызын айқындап берді.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …